Оңтүстік журналистерінің Түркияға сапары

Пятница, 04 Август 2017 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1006 раз

БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Оңтүстіктің 20 журналисіне Түркияға жолдама тарту еткен болатын. 10 күндік еңбек демалысында әріптестеріміз Түрік журналистикасының көшбасшысы саналатын «ТРТ» медиа холдингі мен әлемнің ең үздік 10 ақпарат агенттігінің бірі «Анадолы»-ның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Өңір журналистерінің сапардан алған әсерін жариялауды жөн көрдік.

 

Бейсен ТӘЖІБАЕВ,
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі:

20140016 690553191137781 8338684407464095923 n

«Анадолы» агенттігінің ақпаратын аламыз

– Түркияда бізді Қазақстан Республикасының сол елдегі бас консулы Еркебұлан Сәпиев қабылдады. Журналистерге жылы лебізін білдіріп, түрік инвесторлардың негізінен Оңтүстік Қазақстан облысына ерекше қызығушылық танытатынын айтты. Өңіріміздегі Қазақ-Түрік индустриялды аймағы ағайынды екі елдің іскерлік қарым-қатынасын бұдан әрі нығайтпақ.
Саясатқа белсенді түрде араласып, өз ықпалын жүргізуге көшкен Түркияның «Анадолы» ақпарат агенттігі әлемнің 97 елінде өкілдігі бар. Жақында тағы 3 елде ашуды жоспарлапты. Агенттік басшысы Сабри Челебиоғлу мырзаның айтуынша, 1920 жылы құрылған «Анадолы» 2500 адамды қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Түркия газеттері ақпараттың 40 пайызын, ал сайттары 60 пайызын осы агенттіктен алады. Күн сайын 1200 ақпаратты 11 тілде таратады және 2500 фото, 310 видео қоса жүктеледі. Агенттік соғыс жүріп жатқан аймақтан ақпарат жинауды үйретеді. Бұл орталықта дайындалған тілшілердің материалын әлемдік және түркиялық БАҚ ақылы негізде сатып алады. Тәжірибе алмасу барысында агенттік басшылығы оңтүстікқазақстандық журналистерге 3 ай көлемінде барлық ақпаратты ақысыз ұсынатынын айтып қуантып қойды.

 

Уәли ҚЫДЫРОВ,
«Қазақстан» РТРК» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры:

IMG-20170803-WA0005

Халық қаржыландыратын телеарна

– Түркияда біз «ТРТ» медиа холдигі мен «Анадолы» ақпарат агенттігінде болдық. «ТРТ» медиа холдингі мемлекеттік, бірақ, қаражат бөлу жағы Түркия Конституциясымен бекітілген. Яғни, халықтың электр энергиясына төлеген қаражатының 2%-ы және әрбір сатылған теледидардың 1% ақысы «ТРТ» медиа холдингін қаржыландыруға аударылады. Холдингтің түрлі салаға бағытталған 16 телеарнасы бар. Онда радиоқұрылым қызметкерлерін қоса есептегенде 8,5 мың адам жұмыс істейді. Ал біз 1500 адам қызмет ететін Ыстамбұлдағы өкілдігінің жұмыс барысымен таныстық. Қаражат мәселесінің керемет шешімін тапқаны қызықтырды. Ондағы журналистер қаржыландырушы белгілі бір тұлғаға немесе мекемеге жалтақтап отырмайды, халық үшін дер кезінде дәл ақпаратты 40 тілде таратады. 

Ал «Анадолы» агенттігінің қызметкерлері от пен оқтың арасынан да ақпарат алып келе алады. Оларды бұған арнайы жаттықтырып үйретеді. Есесіне журналистер тек құнды ақпарат үшін тер төгеді. «ТРТ» медиа холдингінде ағылшынның әйгілі саясаткері әрі банкирі Натан Ротшильдтың «Ақпарат кімнің қолында болса, әлемді сол билейді» деген сөзін сезінуге толық мүмкіндік бар.

Журналистерді қолдап, осындай сапарға жіберген облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа айтар алғысымыз шексіз. Мұндай іс-сапарлар жалғасын тапса, біздің журналистикаға зор серпін берері анық.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі:

19990426 1644991355510870 5890779298705857311 n

Саяхатшыға деген құрметті сезіндік

– Журналистикада ғана емес, жалпы халықта сананың еркіндігі басым. Мемлекет басшысы ағылшын тілін үйренуге шақырса, біз «қос тіл тек жыланда болады» деп жауап береміз де барлық мүмкіндіктерге жол ашатын есіктерді іштен тарс жауып аламыз. Түркияның «Анадолы» ақпарат агенттігінде көбірек білуге біздегі тіл білімінің жетіспеуі салмақты ой салды.

Өткен жылы Риода фотоаппаратымды жоғалтып таба алмай қайтқанмын. Түркияда Асхат есімді әріптесіміз фотоаппаратын бір жерде ұмыт қалдырып, таба алмай қалды. Бірақ «жоғалды» деп ойлағанымыз бекер екен, қонақүйге келсек, Асхаттың фотоаппаратын ресепшнге қалдырыпты. Бір қуанып, бір таңданып әсерленіп-ақ қалдық. Иманның тазалығы, саяхатшыға деген адалдық, құрметті сезіндік. Ондай елде саяхаттап жүргенде өзіңді де қауіпсіз сезінеді екенсің. 

Біздің елде де туризмді дамытуға аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Біздегі бітпейтін жөндеу, қайта құру жұмыстары туризмнің дамуын тежеп қойды. Қазақтың көрнекті жазушысы Дулат Исабектің «Яссауидің кесенесі мен бала кезде жөнделіп жатқан, қазір 70-ке келдім, әлі жөнделуде» деген сөзі бар. Сонау алыстан жер басып келген саяхатшыға бір есігін ашып, екіншісін жауып «мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілуде» деген жауап айту мәдениетке қайшы. Сондайда кереметімізді көрсете алмай жүргеніміз қарын аштырады.

 

Роза БЕКЕТАЕВА, «Замана» газетінің тілшісі:

20624328 1644946152206912 951447890 n

Түркияға жылына 33 млн турист келеді

– Бауырлас мемлекеттің ТРТ медиа холдингі мемлекеттік болғанмен, оны халық қаржыландырады. Ыстамбұлдағы өкілдігінің жетекшісі Абдулxамит Авсар сөз арасында былтырғы теракт кезінде басқыншылар осы медиахолдингті басып алмақ ниетте болғанын да айтып қалды. Сонда оны от пен оқтан қорғау үшін халық кеудесін тосқан! Бұл жергілікті тұрғындардың өз ақпарат айдынына деген сенімі мен құрметін көрсетеді емес пе? Конституция мен халқының өзі қолдап-қорғап отырған ақпарат таратушының әлеуетін осыдан түсіне беріңіз. 

Ал Түркия еліне жылына 33 миллион турист барады екен. Ел кірісінің 5/1 бөлігін осы сала толтырып отыр. Саяхатшылар естелік ретінде жергілікті қолөнер шеберлерінің бұйымдарына тапсырыс беріп жатады. Яғни бір сала өзге салаларды «сүйреуші» есебінде жұмыс істейді. Туризмді дамытуда біз бір-бірімен сабақтаса өрілген осы тәжірибені енгізсек, ұтылмасымыз анық. 

Туристің көптігіне қарамай экологиялық тазалық сақталған. Табиғатқа, қоршаған ортаға деген қамқорлығынан үлгі алуымыз керек.

 

Нұрбек БАЙБОСЫНОВ,
«Хабар» арнасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі:

20139674 690553054471128 6067645222282226965 n

Кеңсеге барып уақытын жоғалтпайды

– Түркиялық әріптестердің технологиясы біздіңкіне ұқсас болғанымен жүйесі басқа. Мұндағы әріптестер бір оқиғаға куә болса, оператор, камера іздеп әбігерге түспейді. Бірден оқиға орнынан ақпарат таратуға толық жағдай жасалған. Біз күнделікті пайдаланып жүрген әлеуметтік желінің тікелей эфирі смартфонымыздың камерасымен жақсы түсірілмейді. Ал Ыстамбұлдағы әріптестердің смартфоны өте сапалы. Камерасы осы салада жұмыс істеуге арналған. Мұның бір жақсы жері, журналистер кеңсеге барып, келіп уақытын жоғалтпайды. Кез келген жерден ақпаратты дайындап бере алады. Ол дайындаған ақпарат алдымен редактордың поштасына түседі. 

Менеджменттің бір түрі – саяхатшыға сенім артады. Танымайтын адамға да қарызға зат береді. Мысалы, дүкен аралап жүрген туристің бір затты ұнатқанын байқаса, түскен қонақүйін сұрайды. «Ақысын кейін әкеліп бересің ғой» деп сеніп, әлгі затты қолына ұстатып жібереді. Тұрғын тұрмақ, шетелден келген туристке сенім артқан олардың таза көңілінен ұялып затты да аласың, ақысын да ұмытпай апарып бересің. Майда-шүйде дүние, десек те туристпен байланысты арттырудың тиімділігі осында шығар?!

Последнее изменение Пятница, 04 Август 2017 06:45
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.