Диодты шамдар энергия үнемдеудің тиімді жолы ма? Избранное

Среда, 09 Август 2017 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5295 раз

Елімізде, жалпы әлемде энерготапшылық пайда болғаны қашан. Бұл мәселе төңірегінде ғалымдар пікірлерін ұсынып, жаңа жобалар дайындауда. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың табысты саясаты елдің энергетикалық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі аясында 12 маусым күні бірнеше елдің министрлері мен БҰҰ өкілдері бас қосқан, төрткүндік шараның да басты тақырыбы осы – энергия болды.

22d89aa697e71ca0107ad263ac7ef1c6

2000 жылдардың басынан бастап Қазақстанда электр энергиясына деген сұраныс арта түскен. Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, 2020 жылға қарай энергия тұтыну мөлшері 2 есеге дейін артады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен энергияны үнемдеуде ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 10%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету міндеттері қойылған болатын. Осыған орай, қазіргі таңда елімізде электр энергиясын үнемдеудің түрлі жолдары жасалып жатыр. Сондай ұтымды шешімдердің бірі – үнемді лампалар орнату. 

– Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа есеппен сағатына 400 МВт құрайды. Оның 30 пайызы ішкі көздер есебінен алынса, 70 пайыздан астам бөлігі еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Оңтүстік Қазақстан облысында заңды тұлғаларға арналған электр энергияның тарифтері еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең жоғары деңгейде. Бұл өз кезегінде облыста өндірілген тауарлардың өзіндік құнының жоғары болуына, бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, халықты жұмыспен қамтуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығының төмендеуіне әкеліп отыр, – деген болатын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев облыс әкімдігінде өткен жиында.

4fa48f0ab237f68e38b17124a0caf673

Осы мақсатта қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, Шымкенттің аулалары мен көшелерінде энергияны аз қажет ететін диодты шамдар орнатылуда. Бұл шамдар энергия көзін 80-90%-ға дейін үнемдейді. Сондай-ақ, өзгелерден қарағанда 5 есе көп жарық береді. Бұған қоса бұрынғы шамдар 100-150 Вт болса, бұл шамдар – 23 Вт қана. Жарамдылық мерзімі 5-6 жыл. Жоспар бойынша 2018 жылға дейін Шымкенттегі барлық көпқабатты үйлердің аулалары толықтай жарықтандырылуы керек. Сонымен қатар, мұндай шамдарды тек көшелерге емес, үйге де қолданатын болса, 100 миллиард еуродан астам қаржыны үнемдеуге болады дейді мамандар. Дегенмен, халық әлі мұндай өзгеріске жаппай өтуге ынта танытпай отыр. Себебі, диодты шамдардың зияны да бар көрінеді. 

Мәселенің анық-қанығын білу үшін, алдымен базардағы шам сататын бірнеше дүкенді араладық. Сатушылар диодты шамдардың мүлде зияны жоқ екенін айтады. Тек үйге арналған сарғыштау түрін таңдасаңыз болғаны. Ал бағасы 500-3000 теңге аралығында. 

Бұл сұрақты сала мамандарына да қойдық. 

1 54140abb73d9c54140abb73dda

– Диодты шамдардың пайдасы көп. Қаладағы жарықты үнемдеу үшін сондай 5500 шамға тапсырыс берілген. Осылардың барлығы орнатылған жағдайда 40 пайызға дейін үнемдеуге болады. Ешқандай зияны жоқ. Тек жарамсыз жағдайға жеткен соң арнайы қоқыс жәшіктеріне тасталуы керек. Қазіргі таңда мұндай диодты шамдар елімізде атап айтсақ, Алматы, Қарағанды секілді өңірлерде де шығарылып жатыр. Отандық өнімді пайдаланып жатырмыз, – дейді тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі көріктендіру секторының бас маманы Шайхислам Кемелхан. 

Алайда, қаламызда мұндай шамдарды тастайтын арнайы жәшіктер жоқ. Қазіргі таңда қала бойынша жиналған қалдықтарды қабылдайтын жекеменшік серіктестермен келісім шартқа отыру қарастырылып жатыр. Ал диодты шамдар арнайы қоқыс жәшігіне тасталмаған жағдайда, одан шығатын улы заттардан бауыр, бүйрек, ас қорыту жүйесі зақымданады. Жерге немесе суға түскен жағдайда, табиғатқа үлкен қауіп төндіреді. Бұл да тұрғындардың үнемді шамдарға көшуіне бірден-бір себеп болып отыр. 

Энергия көздерін үнемдеу шетелдерде жақсы жолға қойылған. Адамдар да соған үйренген. Жаңа технологияларды да көптеп енгізіп келеді. Мәселен, ғимараттың ішінде адам жүрсе ғана жанып, ешкім жоқ болса автоматты түрде өшіп қалатын ақылды шамдар бар. Яғни, үнемділік қарапайым ғана жарықты өшіріп жүруден басталады. Одан бөлек, телефонды немесе компьютерді қуаттап болған соң, қуаттағыш құрылғысын қуат көзінен алып тастау да айтарлықтай көмек береді.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.