Жолаушыларға жайлы жағдай жасалмақ Избранное

Четверг, 10 Август 2017 19:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4496 раз

 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласы аумағындағы жол-құрылыс нысандарын аралады. Өңір басшысы ең әуелі Шымкенттен Сайрам және Түлкібас ауданына алып баратын негізгі транспорттық жол торабы әрі қала ішілік маңызы зор Жібек жолы көшесінің қайта құру жұмыстарымен танысты.

status-trebuet-63

Пазиков көшесінен Кіші айналма жолына дейінгі аралықта реттеліп жатқан жол құрылысының жалпы ұзындығы 7,8 шақырымды құрайды. Мұнда Жібек жолы көшесімен бірге Арғынбеков көшесі қиылысындағы жол айрығы да жөнделуде. Бұрынғы екі жолақты ескі жол бүгінде екі бағытқа қайта құрылып, әр бағытқа тағы екі жолақ қосылды. Яғни, ескі жол жаңарумен қатар екі есеге кеңейді. Қазір аяқжол салу ісі мен көгалдандыру және жол белгілерін орнату сияқты жұмыстар атқарылуда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Жұматаевтың мәлімдеуінше, Жібек жолы көшесіндегі қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын. Ал облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы аталған жолды бұдан да ерте тапсыруға болатынын айтты.

– Жол құрылысы жұмыстарын жүргізуді техникалық мүмкіндігі жоғары, ең тәжірибелі мердігер жеңіп алады да 8 шақырымдық жолдың құрылысын 2-3 жыл жалғастырады. 1 қыркүйек, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін де тапсыруға болады емес пе? Ертең бұл көшелермен студенттер, оқушылар, оларға дәріс беретін қызметкерлер күні бойы өтеді.

Жаңа жолда көлік қозғалысын реттейтін жол белгілері орнатылып үлгермесе, жолаушыларға кедергі келтіреді. Жол-көлік оқиғасына алып баруы да әбден мүмкін. Сондықтан, бұған жауапкершілікпен қарап, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға тырысыңыздар, – деген аймақ басшысы автомобиль жолдарының екі шетіндегі жұмыстарды да толық аяқтауды еске салды.

Облыс әкімі жол құрылысына қомақты қаражат бөлінгенін айтты. Ал мердігер мекеме өзіне жүктелген тапсырмаларды ескеруге сөз берді.
Жібек жолы көшесінің қайта құру жұмыстарына бюджеттен 2 млрд 537 млн теңге қаржы бөлінген. Жұмыс 2015 жылы басталып, биыл қараша айында тапсырылады деп жоспарланған.
Жыл соңына дейін пайдалануға тапсыруы жоспарланған қала ішіндегі облыстық маңызы бар көшелердің қатарында тағы екі көше бар. Оның бірі Қалалық қоқыс орнынан Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта ұзындығы 4,4 шақырымды құрайтын Қ.Төлеметов көшесінің қайта құру жұмыстары. Екіншісі, КХ-37. Яғни, «Шымкент-Қызыләскер-Түйетас» автомобиль жолының 0-3,9 шақырымы аралығында да жол құрылысы жүріп жатыр. Аталған жобалардың 80-90% жұмысы аяқталған.

status-trebuett-63


Ж.Түймебаев жұмыстың сапалы орындалуы мен тұрғындарға жайлы болуын мердігер мекеме өкілдеріне ескертіп, оны қадағалауды сала басшыларына нықтап жүктеді.

Өңір басшысы бастаған топ бұдан кейін қыркүйек айында құрылысы басталатын облыстық маңызы бар КХ-97 «Ақсу-Қабылсай-Қайтпас-қалалық қоқыс аймағы» автомобиль жолын көрді. Құны 4 136 млн теңгеге бағаланған жобаға бюджеттен қаржы бөлінді. 8 шақырымдық жолды 2019 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Н.Байғұттың айтуынша, екі бағытта салынатын 4 жолақты көше болашақта Сайрам ауданы арқылы Төлеби ауданына және одан әрі «Қасқасу» демалыс аймағына баратын жолаушыларға қызмет етпек.
Жол-құрылыс нысандарын аралау барысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізіндегі құрылыс жұмыстары бағамдалды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Е.Жүсіпов өңірімізге ат басын бұрған жолаушыға ғана емес, саяхатшыға да қолайлы жағдай жасай алатын жол бекетінің жобасымен таныстырды.

– Бекетте жай ғана жанар-жағармай құю қызметінен бастап, жолаушы кез келген қажетін өтей алады. Мұнда автобекет, азық-түлік дүкені өз жұмысын бастап үлгерді. Сонымен қатар автотұрақ, тамақтану орындары және кішігірім қонақүй құрылысы жүріп жатыр. Енді Оңтүстікке келетін жолаушы күн ұзақ жол жүріп шаршамай, бірер сағат бой жазып тыныға алады. Облыс аумағында дәл осындай 40-қа жуық бекет салуды жоспарлап отырмыз, – дейді Еркін Наурызбайұлы.

Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы мұндай бекеттердің халықаралық талапқа сай болуын тапсырды.

– Біз әрбір маңызды құрылысты жүргізгенде әлемдік стандартты ескеруіміз қажет. Туризмді дамыту үшін шетелдіктерге де қызмет ете алатын сервис ұйымдастыра білуіміз керек. Бекет маңында құрылысы ұзаққа созылатын үлкен қонақүй салудан, кішігірім мотель тұрғызу әлдеқайда тиімді. Өйткені, жолаушы мұнда ұзақ тұрақтамайды. Ал құрылыс жұмыстары тез аяқталса, бекет те ертерек қызмет көрсетуді бастайды, – деді ол.

Облыс әкімі мен сала басшылары өңірімізде орналасқан республикалық маңызы бар жолдарды дамыту барысында биыл аяқталуы тиіс үш бағыттағы жол құрылысының жұмыстарымен де танысты. Оның бірі «Шымкент айналма жолы» мен «Шымкент – Қызылорда» бағытындағы 236 шақырымдық жолдың құрылысы 98%-ға аяқталған. Ал «Шымкент – Тараз» бағытындағы 83 шақырымның қайта құру жұмыстары 90%-ға дайын. Үшінші бағыт – «Шымкент – Ташкент». Ұзындығы 101 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бұл бөлігінде 80 шақырымның қайта құру жұмысы аяқталып, қалған 25% жол құрылысының жұмысы жалғасуда.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.