Бағдарламаның орындалуы бағамдалды Избранное

Вторник, 29 Август 2017 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 271 раз

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықтық кеңсе» ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастырумен «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында қоғамдық тыңдау өтті.

Жиынға партияның Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық филиалдары мен Шымкент қалалық әкімдігінің тиісті сала қызметкерлері қатысты. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы талқыға түскен жиында «Нұр Отан» партиясы Еңбекші аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Садықов аталған жұмыстарға өз бағасын берді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастады. Бағдарлама бойынша алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, – деді ол. 

Бағдарламаның жүзеге асуын қадағалау, бюджеттен бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуы жөнінде қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Г. Әшірбаева да өз ойын ортаға салды.

– 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Біз биыл аталған бағдарламаның көмегімен тұрғын үй алуға шамамен 8000 ипотекалық қарыз бөлінеді деп жоспарладық, – деді Г. Әшірбаева.

«Қазақстанның Тұрғын үй Құрылыс Жинақ банкі» ОҚОФ аталған бағдарлама аясында 2031 жылға дейін ,яғни 2017-2021 жылдар аралығында 10 соттық 664 000 жер телімін беруді жоспарлаған. «Қазақстандық ипотекалық компания» мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 35 000 жалдамалы баспана, 280 000 несиелік үй алса, тағы 521 000 коммерциялық тұрғын үй ипотека бойынша беріледі. 

ҚТҮЖБ ОҚОФ Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Н. Сұлтановтың айтуынша, банк бұл бағытта қарқынды жұмыс жүргізуде.

Бүгінде барлық әкімдер республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мен инженерлік инфрақұрылым жүргізуге өтінімдерін ұсынды. Сонымен қатар, бірыңғай сәулет стилінде дербес тұрғын үйдің пилоттық жобасының құрылысына жер телімін дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Бағдарлама сондай-ақ жеке үй салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыруға бағдарланған. Ол үшін қолжетімді кредиттік ресурстар енгізу болжанып отыр – мемлекет екінші деңгейлі банктердің жаңа тұрғын үй салуға беретін несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялайды. 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 11 млрд теңге қарастырылған. Олар 157 млрд теңге сомаға үй салушылардың банктік несиелерін субсидиялауға мүмкіндік береді. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, бұл қосымша шамамен 600 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олардың жартысы ҚТҮҚЖБ салымшыларына ұсынылатынын атап өтті.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.