Латын әліпбиіне көшу – ұлттық сананы жаңғыртудың жолы Избранное

Пятница, 15 Сентябрь 2017 07:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6694 раз

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бастау жөнінде тапсырма берген болатын.

21731212 1708371692506169 3336696877688711927 n

Апта басында еліміздің тіл саласының мамандары әліпбидің 25 таңбадан тұратын жаңа нұсқасын көрсетті. Жаңа жоба ұсынылған сәттен-ақ қоғамда қызу талқыға түсті. 

Әсіресе, әлеуметтік желіде қазақстандықтар белсенді түрде бұл мәселеге өз ойларын айтып жатыр. Сондай-ақ, дәл қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, лингвист-ғалымдар, тіл мамандары, түрколог-ғалымдар талқыға салып, өз пікірлерін білдіруде.

Шымкент қаласында да оңтүстіктің зиялылары латын әліпбиінің нұсқасын талқылады. «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері» деген тақырыппен өткен басқосуға оңтүстікқазақстандық қоғам қайраткерлер қатысып, ойларын ортаға салды. Латын әліпбиін қолдайтындардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы қазақтың төл дыбыстарының қосақталып жазылуына көңілі толмайтынын жеткізді. «Халыққа жақын әрі сөйлеуге ыңғайлы әріптерді таңдап алуымыз керек», – деген ойын білдірді. 

21731212 1708371692506169 3336696877688711927 n

М.Әуезов атындағы ОҚМУ филология факультетінің деканы Болатбек Тілеубердиев облыстағы ономастикалық атаулардың сабақтастығы жөнінде баяндама жасаса, аталған оқу ордасының доценті Сәрсебай Кәрібаев «Латын әліпбиіне көшу қажеттілігі» жайындағы зерттеуін ұсынды. 

Маңызды мәселелер талқыланып, ұтымды пікірлер айтылған басқосуды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қорытындылады. Ол латын әліпбиінің маңыздылығына айрықша тоқталып, жұртшылықта жаңа әліпбиге көшудің дайындық жұмыстарына жұдырықтай жұмылып, белсенді қатысуға шақырды.

– Латын графикасына көшпейміз, қайта ораламыз. Біздің бұдан бұрынғы тарихымызда болған жағдай. Сондықтан бұл жағдайға жатырқай қарауды қою керек. Есесіне, тілдік заңдылықтарды сақтай отырып, мемлекеттік тілдің маңызына мән берейік. Мемлекет басшысы латын графикасына көшуге қатысты ақыл-кеңесті баршамыздың игілігімізге беріп отыр, – деді облыс әкімі. 

Айта кетейік, ұсынылған жаңа әліпби әзірге жоба ғана. Мұны ҚР Мәдениет және спорт министірі Арыстан Мұхамеди-ұлы да атап өтті. Министр өз сөзінде «қоғамның талқысына ұсынылған жоба түбегейлі нұсқа емес екенін» назарға салды. «Оны қазір бекітіп жатқанымыз жоқ. Әрине, 18 млн адамның 18 млн пікірі бар. Сондықтан жан-жақты, тыңғылықты талқыланады», – деді министр А. Мұхамедиұлы.

Ресми деректерге сүйенсек, латын әліпбиін әлем халқының жартысы қолданады. Сондықтан алдағы уақытта қазақ тіліндегі өзекті мәселені қабылдауда ұлт зиялыларының барлық сын-ескертпелері, пікірлері мен нақты ұсыныстары сараланатын болады.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.