«ТЕМІР ТҰЛПАР» – ТҮРКІСТАНҒА! Избранное

Среда, 27 Сентябрь 2017 05:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 277 раз

«Алпамыс десек – Жиделі-Байсынды, Қызжібек десек – Ақжайықты, Қозы Көрпеш пен Баян десек – Аякөз маңын, Қобыланды дегенде Қараспан тауы мен Жем бойын көзге елестеткендей, «Қамбар батыр» жырын оқығанда, менің де көз алдыма Қаратау аңғарындағы киелі Үсіктас келе береді».

DSC 2513

Жазушы, ұлағатты сөз зергері, «құмға ғашық қария» Әдіһам Шілтерханов өзінің екінші томдығында көркемдік деңгейі мейлінше жоғары «Қамбар батыр» жырына қатысты ғасырлар бойы келе жатқан жұмбақтың түйінін осылай шешіп еді. 

«Жақсылар, дастан айтайын» І-облыстық жыршылар байқауының биылғы тақырыбы – «Қамбар батыр» жыры болды. Жас жыршылар жарысының ашылу салтанатында Әдіһам ақсақал сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Ұрпақтан ұрпаққа кететін ұлағатты сөз айтып, әдебиет тарихында «Қамбар батыр» жырының 20 нұсқасы бар екендігін жеткізді. 

Сонымен үш кезеңге созылған дүбірлі додаға аудан, қаладан келген барлығы 48 қатысушы қатысса, қазылар алқасының қатаң іріктеуінен 12 оқушы үшінші ақтық кезеңге жолдама алды. Бірінші кезеңде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, жырдың қазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндады. Бірі екіншісінің тоқтаған жерінен жыр жолдарын іліп әкетіп, жиналған көрерменді таңдай қақтырды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлер арнайы билеттердегі әдебиет теориясына қатысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңінде әділқазы алқасы мүшелері жырдағы көнерген сөздердің мағынасына байланысты сұрақтар қойды. Қатысушылар тек екінші кезеңде, әдебиет теориясына қатысты сауалдарға келгенде сәл мүдірді. Бұл болашақта мұғалімдерге үлкен сабақ болуы тиіс!

DSC 2612

Ұлы бастамалар, ұлағатты істер, тың, тосын тыныстар біздің Оңтүстіктен басталады. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков байқаудың қорытынды сәтінде сөйлеген сөзінде «бұл доданың маңызы терең, мазмұны ерекше» екендігін атап өтті. 

Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт болса, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті мұрындық болған байқаудың бүкіл әлемге белгілі болуына сенім артты. 

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламасына байланысты бүкіл байтағымызда үлкен тірліктер қолға алынуда. Небір жобалар жасалып, жүзеге асып жатыр. Біздің өңірімізде де насихаттау, ұғындыру, сезіндіру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті батырлар жырына, әдебиетке, кітап оқуға үлкен бетбұрыс жасады. Бұл газеттің мұрындық болуымен 50-60 жылдан бері қазақ күресінен де жыл сайын жарыс өткізіледі. Бұл еліміздің шеңберінен шығып әлемге әйгілі болған спорт жарысы. Батырлар жыры жарысы да солай белгілі болады деп қабылдайық, күтейік! – деді М. Байғұт. 

DSC 2622

Несін айтасыз, «Жақсылар, дастан айтайын» жас жыршылар бәйгесі жоғарғы деңгейде өткізілді. Оның жоғары дәрежеде өтуіне Оңтүстіктің аға газетінің бас редакторы Абай Балажаннан бастап бүкіл ұжым белсене атсалысты десек, еш қателеспейміз. Қатысушылардың ешбірі де сыйлықтан құр алақан қайтқан жоқ. Жүлделі үш орын және бас жүлдеден бөлек, үміткерлерге ынталантыру сыйлықтары (20 мың теңге) мен «Алғыс хаттары» табысталды. 3-орын алған оқушыға да, мұғалімге де – кілем, 2-орын алған оқушыға – 75 мың теңге, мұғаліміне – ноутбук, 1-орын алған Олжас Бакиров (Отырар ауданы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы) – 100 мың теңге, мұғалімі Айнұр Әлішерге үлкен экранды теледидар берілді. Ал бас жүлдеге Түркістан қаласы, №19 жалпы орта мектептің оқушысы Гүлжайна Елмұратованың жетекшісі Майра Назарбековаға «темір тұлпар» табыс етілді. Ал бәйгеде топ жарған Гүлжайна 200 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. 

Осындай игі шараның біздің облысымызда бастау алғаны, оны «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы мен ұжымы ұйымдастырғаны көңілге қуанышпен қатар мақтаныш сезімін де ұялатады. «Біз бұл шараны тоқтатпаймыз! Тағы да өткіземіз!» – деді рухани жаңғырудың бірегей үлгісін нақты іспен көрсеткен Абай Бекназарұлы. Иә, келер жылы жас жыршылардың осынау додасы республика көлеміне, одан кейінгі жылдары халықаралық деңгейге шығатынына біз кәміл сенеміз.

Последнее изменение Среда, 27 Сентябрь 2017 05:57
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.