«Шырайлы Шымкент» байқауында кімдердің бағы жанды? Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4740 раз

Шымкент қаласы күні мерекесіне орай осыдан бірер ай бұрын журналистер мен блогерлер арасында «Шырайлы Шымкент» атты республикалық байқау жарияланған болатын. Қала имиджін көтеруге шығармашылық қарымымен үлес қосқан БАҚ өкілдері арасындағы осы сайыс өз мәресіне жетті.


Кеше қалалық балалар мен жасөспірімдер сарайында жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтіп, оның ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы қатысушыларға алғысын білдірді.

- Бұл байқауды жыл сайын ұйымдастыруды қолға алдық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Шымкенттің республикамыздағы үшінші мегаполиске айналуы керектігін атап өткеніндей, қаламыздың әрбір тұрғыны осы мәртебеге жету жолында аянбай еңбек етуі керек. Бұл бағытта қоғам белсенділері, блогерлер мен журналистердің де алатын орны ерекше.

Алты ай бойы жалғасқан жарыс қорытындысында жеңімпаздар тоғыз номинация бойынша марапатталды. «Әлеуметтік желілердегі (блогерлер арасында) Шымкент қаласы туралы үздік жарияланым» бойынша блогер Асхат Шотаев, «Баспа басылымдардағы (газет, журналдар) үздік жарияланым» номинациясымен «Казахстанская правда» газетінің ОҚО меншікті тілшісі Любовь Доброта марапатталса, «Didarbek. kz» ақпараттық агенттігінің директоры Мақсат Әссәнди – «Аймақтық деңгейдегі сайттарда Шымкент қаласы туралы үздік жарияланым», «Нұр Кз» ақпараттық порталының ОҚО меншікті тілшісі Жансая Тәуекелқызы – «Республикалық деңгейдегі сайттарда Шымкент қаласы туралы үздік жарияланым», Астанадағы «Atameken business chanell» телеарнасынан Мұхамеджан Ерболат «Телеарналардағы Шымкент қаласы туралы үздік сюжет» номинацияларын жеңіп алды. 

Ал, Шымкент қаласы туралы үздік эссе жазған «Lave Radio» тілшісі Шынар Жүнісбекова, Шымкент қаласының табиғаты туралы үздік фото-видео материалдар түсірген «Шымкент келбеті»- «Панорама Шымкента» газеттерінің фототілшісі Береке Сейітжаппар, қаламызды таныстыру туралы креативті материалдар жариялаған блогер Айгүл Амитова жеңімпаз болды. Қала тұрғындарының өмірі мен дәстүрі жайлы үздік фото-видео материалдар номинациясы блогер Дәурен Айманбетовке бұйырды. Сондай-ақ «Шымкент келбеті»-«Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері Бейбіт Бисембаев пен Сапарғали Қанат арнайы номинацияларға ие болды.

Қатысушыларға қала әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлықтар табыс етілсе, жеңімпаздарға 100 000 теңге сыйақы берілді.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, кофе брейк ұйымдастырылды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.