Көрмедегі көрініс ой салды Избранное

Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 348 раз

Шетелде домбыра табу қиын. Нұрлан Қамбар жасаған қосымша бағдарлама енді шетелдіктерге де қалаған әнін домбыраның ырғағына салуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәнін дәл осындай жалынды, еңбекқор жастар аша алғандай.

shymkala-77-1

Шымкенттік өнертапқыш Нұрлан Қамбар – Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы Университетте «Инженер» факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 3 курс студенті. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін меңгерген. Ол биылғы жазда жемісті еңбек етіп, домбыраның ұялы телефонмен тартуға болатын қосымшасын жасады. ІT маманның бұл еңбегін АҚШ-тағы «Apple» компаниясы мақұлдап, авторлық құқық иесі атанды.

– Бұл қосымшаны жасауға домбыра тартып үйренуге деген қызығушылығым ықпал етті, – дейді Нұрлан Бауыржанұлы. – Қосымшаны бүгінде «Apple» компаниясының «iPhone» және «iPad» гаджеттеріне жүктеп қолдануға болады. 

shymkala-77-2Нұрлан жазда білімін арттырып, тәжірибе алмасу мақсатында Астанадағы Н.Назарбаев университетінде болған. Онда Zero To One Labs студиясының nFactorial атты үш айлық курсына жазылып, дәріс барысында халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесіне әр елден келген өнертапқыштардың еңбегімен танысады.

– Шетелден келген ІТ мамандар өздерінің ұлттық танымы мен салт-дәстүрінен хабар беретін жаңа технологияларды ұсынды. Сонда маған 

«қазақтың домбырасын неге жаңа қырынан, IT бағдарламасы арқылы көрсетпеске» деген ой келді. Ойымды жүзеге асыруда дәріс барысында алған білімім мен Zero To One Labs студиясының жетекшісі Арман Сүлейменовтің ақыл-кеңесі көп көмектесті, – дейді 20 жастағы өнертапқыш.

Нұрланның айтуынша, «Домбыра» қосымшасын смартфоныңызға жүктеп алған соң өз даусыңызға лайықтап, нотасын келтіріп аласыз. Бұл қиын емес. Өйткені, мұнда домбыраның «құлағы» болмайды. Сосын электронды домбыра пернелерін баса отырып, қалаған әніңізді әуенге ілесіп орындауыңызға болады.

– Әзірге қосымшада үш ән бар және қазақ тілінде дайындалған. Дегенмен, әркімнің қолындағы нота мен қосымшадағы домбыра пернесі тіл таңдамайды. Қазіргі таңда 3,5 мыңнан астам адам жүктеп үлгеріпті. Оның бірқатары АҚШ, Қытай, Ресей елдерінен екенін статистика көрсетіп тұр. Демек, қазақ халқының құндылықтары жаңалық атаулыға бай ұлы держава тұрғындарын да қызықтыра алды, – деген Нұрлан болашақта қосымшаны дамытуға ықыласты екенін жасырмады.

dombra

Біз де өнертапқыш жерлесімізбен мақтанып, оған сәттілік тіледік. 

Нұрланның жемісті еңбегі елімізді танытуға белгілі бір дәстүр немесе өмір сүру салты ғана емес, бүгінгі жаңа заманның алға жетелейтін технологиялары да қызмет ете алатынын ұқтырған-ды.

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.