Ұлы дала және сакралды астрономия

Среда, 04 Октябрь 2017 04:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9708 раз

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңнен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты-сол ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп атап өткен еді.


Artist-impression-of-the-solar-system-by-ESA

Мемлекет басшысы айтып отырған ұлттық код мәселесіне тоқталсақ, бұл аса терең ұғым. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық болмыс. Яғни, бір халықты басқа халықтан ажыратып, танытатын және сол халықтың әлем қауымдастығы алдында басқаға ұқсамайтын таным-түсінігі мен бітім-болмысын айқындап тұратын сипаты. Бұл сипаттың ерекшелігі – дара халықтың жаратылысындағы айырықша антропологиялық генезисінен бастап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан дәстүр-салты, мінез-құлқы, арман-мұраты, тілі мен ділі, тұрмыстық-шаруашылық негіздеріне дейін толық қамти алуында. 

Шаруаның жайы үшін қазақ арасында көп жағдайларда жұлдыз бақылау керек болды. Сарыарқадай шексіз жазирада, Қызылқұм, Бетпақдала сияқты шөлдерде малды жайлауға, сулы құдыққа қарай түнде өргізгенде малшылар Темірқазықты, Үркерді, Құсжолын белгілеп, адаспай жол тапқан. Жер-су, адам, өзен-көл аттарын жұлдыздардың атымен атай отырып, олар сакралды карта жасаған (мысалы: қазіргі Қырғыстандағы Токпак қаласы-Торпақ шоқжұлдызы, Шу-Чу-Су-Суқұйғыш, Мерке-Мерген, Балықшы -Балықтар шоқжұлдыздары, Нужеткен-Бикеш (Ана) шоқжұлдызы, Арыс-Арыстан шоқжұлдызы, Қошқар ата (Шымкент)-Таутеке шоқжұлдызы, Шаян -Шаян шоқжұлдыздары, Ақсүмбе-Сүмбіле шоқжұлдызы).

Тұрмыс керегі үшін халық күн мен түннің, жыл мезгілдерінің алмасуы, ауа райының өзгеруі сияқты табиғат құбылыстарының арасындағы байланыстарды ескеріп, олардың сырын білуге тырысты, аспан шырақтарының туып, батуы сияқты құбылыстар мен жердегі өзгерістерді салыстырып, олардың арасындағы іліктестікті, тіркестікті, кезектікті іздеді. Сүмбіле жұлдызы туған кезде шөп, егін пісіп, түн ұзарып, маса, шыбын азайып, малдың қатты семіре бастайтынын байқады. Осыдан болар: Сүмбіле туар жылтиып, Ат семірер құнтиып, деген мақалдың пайда болғаны.

Сүмбіле шоқжұлдызы – Ақсүмбе-Ақбикеш-Сириус-Дева: Сүмбіле өткір, үлкен жарық жұлдыз, туғанда Күнге ұқсап аппақ болып шыға келеді. Сүмбіленің көкке шығуымен сабақтас, айналадағы табиғат өмірінде ірі өзгерістер байқалады. Ол кез жаздың аяғы, күздің басы. Күн сайын түн ұзара береді. Өсімдік сарғайып, шөп пен егін піседі. Таразы туса таң суыр, Сүмбіле туса су суыр. Мақалдан Сүмбіленің Таразыдан кешірек туатыны және Таразы туған кезде шілде өтіп, күздің нышаны біліне бастайтыны, ал Сүмбіле туған кезде суықтың ызғары көріне бастайтыны аңғарылады.

Сүмбіле деп немесе Әзра деп қазақ, өзбек, тәжік тілдерінде кейде бой жеткен қызды атайды. Х. Махмудовтың «Қазақша-орысша сөздік» кітабында Сүмбіл сөзі қара шашты (тек әйел адамына қатысты) деген мағынаны білдіреді. Қобыланды батыр жырында да: «Сонда сұлу қыз Құртқа Сүмбіледей жылтылдап» ... – деп сұлу қызды Сүмбіле шоқжұлдызымен теңеген.

Ақсүмбе-Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қаратаудың солтүстік беткейінде орналасқан көне қала орны. Осы күнге дейін жеткен әр түрлі аңыздарда мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады.

Темірқазық жұлдызы – Темірқазық, Жетіген: Барлық жұлдыздардың тәулік сайын қозғалатыны, ал Темірқазақтың көрер көзге қозғалмайтыны халыққа ежелден белгілі болып, ол арқылы адамдар жер тараптарын – «дүниенің төрт бұрышын» айыратын болған.

Киіз үйлі қазақтың үйін дауылға жықтырмай, көгендегі қозысын, желідегі құлынын, арқандаулы атын бейсауат жібермей ұстап тұратын мықты қазықтың тұрмыста керектігі соншама еді. Ертедегі қазақ тұрмысында түнгі жүріс көп болатын. Қағулы қазықтай жылжымай тұрып алып, сарпылтаң жүрістерде адастырмайтын жұлдыздың маңызы ерекше күшті болды. Бетпақ даладағылар сол жұлдызды Шудан қайтқанда маңдайына келтіреді; Арқадағылар Алатауға барса жауырына алады. Кейбір малшылар әлі күнге дейін Шу бойынан мал алып, Мойынқұмнан өткенде Темірқазықты оң иыққа аламыз да ауылдың дәл үстінен шығамыз деседі.

 

Қостанай облысындағы халық ақыны Омар Шипиннің ауылының аты Темірқазық.

Жетіқарақшы шоқжұлдызы – Жеті-Жетіген: Жетіқарақшы батпайтын жұлдыз, ол тек шыр айналады. ...Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған бау кеспе ұры болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шыққан. Бастаған алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Ана екі бүйірдегі екі жарық жұлдыз екі батыр. Сонау көрінген қатар екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да әне көрініп тұр. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да, түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады. Ертеңінде тағы солай болады.

Қырғыз (тағы бірсыпыра халықтар) Жетіген деп Жетіқарақшыны айтады, ендеше Алматы маңындағы Жетіген деген жер аты аспандағы жұлдыз атымен төркіндес болды.

Есекқырған жұлдызы – (Сарыжұлдыз)-Юпитер-Есік-Есіл: Есік-Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы ауыл. Есіл өзені-Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының жерін басып өтетін тарихи өзен. Есіл атауының бірінші сыңарындағы ес сөзін көне түркі тіліндегі jasi «дала», jazi «тегіс, жазық» деген мағынаны білдіреді.

Тауар тиеулі шаналарға есек жеккен керуен неше күн жазық далада көшіп жүріп, жолдағы бекетке келіп қонған. Тауарды базарға тезірек жеткізсем деп көпес күзетшіге: Шолпан туа оят, ертерек жүреміз,-деп бұйрық беріп жатып қалады. Ұйқылы-ояу қалғып отырған күзетші бір кезде күншығыстан туып келе жатқан жарық жұлдызды көріп, Шолпан туып қалыпты, тұрыңдар деп керуеншілерді оятады. Таң жақын деп керуен жолға түсіп тартып береді. Бірақ таң атпайды, оның үстіне боран көтеріліп, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы қорадан шыққан есектер суықтан қырылады. Мен Шолпан екен десем, ол есекті қыруға шыққан жұлдыз екен ғой депті аңқау күзетші. Осылай манағы жарық жұлдыз таң алдында туатын Шолпан емес, Есекқырған жұлдызы аталып кетті. Сөйтіп Юпитердің кесірінен бір заманда Қазақстанның кең сахарасындағы есектер қырылған жер бәлкім осы жер болар?

Осылай белгілей отырып қазақ атам сакралды карта бойынша жылжып, адаспай, орын ауыстырып отырған. Мұның бәрі телескопсыз, абсерваториясыз, компьютерсіз, мобильді телефонсыз, фотоаппаратсыз жасалған дүние! Жастарға, халқың аманат етіп қалдырған Алтын қазыналарыңа еге болыңдар, дегім келеді!

 

Гаухар МЕДЕУОВА,
«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап
кітапханасының кітапханашысы

Последнее изменение Среда, 04 Октябрь 2017 04:12
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.