Версия для печати

Жаңару, жаһандану және «Мәңгілік ел» идеясы

Пятница, 06 Октябрь 2017 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5424 раз
Оцените материал
(0 голосов)
TAUELSIZDIK-25-680x407Ашық аспан астында құстар ән салған уақыт... Бұл бейбітшілік ұғымын білдіреді, тыныштық заманның алтындай бағалы тұсы – тәуелсіздік. Ия, тілі бар, діні бар, жеке мекен етер жері бар мемлекет ол тәуелсіз деп аталады. Осы қадірі асқақ, қасиеті ерек сөздің ішінде 18 миллион халықтың тағдыры бейнеленген.
 
Өткен ғасырдың соңында Қазақстан сияқты азаттық аң­са­ған елдерде тәуелсіздіктің таңы атты! Бұл кезеңде жаһандық сая­сат өзгеріп, әлем картасы жаңа тәуелсіз мемлекеттермен то­лықты, заман да, геосаясат та өзгерген болатын. Әлемдік қоғам­дастық өзгерді, заманауи технология және әлемдік қарым-қа­тынастар жаңа бір деңгейге көте­рілген еді. Соның ішін­де өз орнымызды айқындау, елді қиындыққа ұрындырмау, тоқырауға ұшыратпай, өз жолын таба білу айрықша тұлға ғана жүзеге асыра алатын ұлы іс болатын. 1991 жылы 16 желтоқсанда, Тәуелсіздікті жариялаған күннен бастап, ұлы мемлекеттік істерді жүзеге асыру кезеңі басталды. Сол сәттен Қазақстан Тәуелсіздігін әлем елдері мойындады. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіріп, біздің жеріміздің, шекарамыздың біртұтастығын мәлімдеді.  Туымызды, Елтаңбамызды, Әнұранымызды қабылдап, өзіміздің төл теңгемізді шығарып, ал ел алдында экономикамызды аяғынан тік тұрғызу міндеті тұрды. Бейбіт мақсаттағы әскеріміз бен шекарашыларымыз бар. Тәуелсіздік қазығын нығайту жолындағы сол бір ауқымды істерді ақылмен, көрегендікпен жоғары деңгейде шешу қажеттілігі туды. Тәуелсіз елдің басқару жүйесін қалыптастыру, ол үшін президенттік басқару жүйесін енгізу, қос палаталы Парламенттің жұмысын жолға қою қажеттігі туындады. Және көп партиялық жүйенің қалыптасуына жағдай жасалды. Мұның бәріне еліміз рет-ретімен қадам жасады.  Алғашқы жылдары елдің экономикалық реформаларын жүзеге асыруға аса қажетті заңдар ел Президентінің Жарлығымен қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституциямыз ел дамуына жаңа серпін берді, іргелі өзгерістер алып келді. Сол Ата Заңымызға сәйкес 1995 жылы желтоқсанда парламенттік сайлау өтіп, тұрақты түрде жұмыс істейтін, кәсіби қос палаталы Парламент өмірге келді. 1996 жылдың қаңтар айын­да Елбасымыз алғашқы шақырылымның алғашқы сессиясын ашып берді. Сол кезден бастап Қазақстан парламентаризмінің жаңа парағы ашылды.
 
Міне, бүгінгі таңда содан бастау алған Қазақстан Парламентінің бесінші шақырылымының үшінші сессия­сы өз жұмысын жалғастыруда. Жыл сайын тәжірибесі нығая түскен Қазақстан Парламенті әлемдік талапқа сәйкес Мемлекет басшысының ұсынысымен Үкіметтің әзірлеген заң жобаларын талдап, жетілдіріп, қабылдау үстінде. Нарықтық экономиканың жаңа ұстанымдарына және заман талаптарына жауап бере алатын заңдарды талқылап, жетілдіріп, сапалы түрде қабылдау ауқымды жұмыс екені анық.  XX ғасырдың екінші жартысында әлемнің алпауыт державалары қырғи-қабақ саясат жүргізіп, атом қаруымен жанталаса қаруланып, бір-біріне сес көрсетіп, ізгілікке зұлымдықты қарсы қойды. Ал тәуелсіз Қазақ елінің жаңа лидері, керісінше, атом аждаһасын ауыздықтауға үндеу тастап, бейбітшіл де парасатты саясатын әлемге әйгілеп, атом құрбаны болып қасірет тартқан халықтың жандауысын әлемдік қоғамдастыққа жеткізе білді, тарих тегершігін басқа жақ­қа аударып, ХХІ ғасырға гу­манистік сананы үлгі етіп ұсынды. Соғыс қаупін, текетірес жанжалды үнқатысу арқылы реттеуді ұсынып, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлы Абайдың өсиетін назарға алып, жаңа ғасырда әлем біртұтас мүдделер тоғысы екендігін жаһанға жария етті. 
 
Қазақстан – дүние жүзі бо­йынша ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан ел. Осындай тарихи және саяси маңызды шешімді қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамыз күні «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы орайда, Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Елбасы өз сөзінде «Семей полигонының жабылуы – барша қазақстандық үшін тарихи оқиға. Біз жарылыстарды тоқтатып қана қоймай, әлемнің ядролық өміріне өзгеріс әкелдік», дей келіп, әлемде төртінші орынды иеленетін ядролық арсеналдан бас тарту арқылы халықаралық қауіпсіздікке орасан үлес қосқаны­мызды атап өткен болатын. Қазақ елі өзінің бейбіт саясатын сөзбен емес, іспен дәлелдеген ел. Елдің нақты Тәуелсіздігін көрсететін бірнеше айқындамалар бар. Ол – дипломатиялық тәуел­сіздік, экономикалық тәуел­сіздік, әскери тәуелсіздік және мәдени тәуелсіздік. Егемендікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына кіретін 193 елдің барлығымен дип­ломатиялық байланыс орна­туға жол ашылды. Бүгінгі таң­да Қазақстан 151 мемлекетпен саяси-экономикалық байланыс орнатқан. Қай елмен де қарым-қатынас жасағанда, қандай келі­сімнің де мемлекетіміз үшін экономикалық тиімді жағы терең сарапталып, Елбасының қол қоюына ұсынылуы тиіс. Толыққанды дипломатиялық тәуелсіздік дегеніміз, біз кіммен ынтымақтастық қарым-қатынас жасаймыз, қай елден не аламыз, қай елге қандай өнімдерімізді экспортқа шығарамыз, соның бәрін басқа бір елдің нұсқауымен емес, өз алдына жеке шешіп, бейбіт мақсатта, өзара тиімді байланыс жасау деп ұғынғанымыз жөн. Қай елмен байланыс жасасақ та, қол қойылған келісімдер, шарттар заң жүзінде бекітіледі. Яғни, мемлекет басшылары, үкімет басшылары қол қойған құжаттарды келісім жасасқан елдердің парламенттері ратификациялайды. Қазір Қазақстан Парламенті де осындай маңызды келісімдер мен шарттарды заң түрінде ратификациядан өткізіп келеді. Бүгінгі таңда біздің дипломатиялық тәуелсіздігіміз толыққанды орнықты, жоғары деңгейге шығып келе жатыр деп есептеймін. Әскери тәуелсіздік туралы айтқанда, біздің мақсатымыз – бейбітшілікті қорғау екенін ерекше атап өтуіміз керек. Құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан кірген Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның (ШЫҰ) мүшесіміз. Осы халықаралық ұйым шеңберінде бейбіт мақсатта «Шанхай бес­тігіне» кірген елдердің бірлескен әскери жаттығулары өткізіліп келеді. Біз жариялылық пен ашықтық қағидатын пайдалана отырып, өзіміздің қауіп­сіздігімізді қорғауды бірінші қа­тарға қоюымыз керек. Жаңа ғасырда бір елге бір ел әскери қару-жарағын кіргізіп, соғыс ашу сияқты пиғылдың заманы өтіп кетті деп ойлаймын. Соғыстың халыққа тек қана қайғы-қасірет әкелетінін адамзат баласы анық түсінді. Ал қазіргі таңда бірігіп күресуді талап ететін қоғамның жаңа жаулары бар. Олар – терроризм мен экстремизм және олардың өзге де көріністері. Қазақстанның Әскери доктринасында басқа елдер мен көршілеріне әскери соғыс қаупін туғызатын сипатта емес, керісінше, тек қана өз-өзін қорғайтын мақсатты көздейтіні анық жазылған. Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін қатаң түрде қорғай отырып, сырттан болатын қауіп-қатер түрлері: терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз қару-жарақ тасымалы, заңсыз көші-қон секілді қауіп түрлерімен күресетіні белгілі. Сондай-ақ, Қазақстан – кез келген жанжал, қақтығысты күш қолдану арқылы емес, бейбіт жағдайда, саяси-дипломатиялық, құқықтық, экономикалық тетіктерді пайдалана отырып шешуді мақсат тұтқан тәуелсіз мемлекет. Біздің ешкімге қоятын кінәміз жоқ және ешбір елге берешек қарызымыз да жоқ. 
 
Өз Тәуелсіздігімізді, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті бірлесе қорғау мақсатында құрылған Қарулы Күшіміз бар. Енді экономикалық тәуелсіз­дікке келсек, егемендіктің ал­ғашқы жылдарынан бастап-ақ Мемлекет басшысының сындарлы саясаты бойынша еліміздің әлеуетін көтеруге баса күш салынды. Жаңа экономикалық ре­формалар жедел жүргізілді. Соның нәтижесінде жас еліміз ішкі және сыртқы қаржы дағ­да­рыс­тарынан еркін шыға білді. Бүгінгі таңда Елбасының бастамасымен әзірленген Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық да­му бағдарламасы жүзеге асуда. Мұн­дағы мақсат – әлемнің ең озық технологиясын пайдаланудың нәтижесінде өзімізде жаңа зауыттар мен кәсіпорындарды іске қосып, сапалы отандық өнімдер шығару. Қазір осы бағытта өңірлерде көптеген тиімді жобалар жүзеге асу үстінде. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрсақ та, экономикалық көрсеткішіміз бойынша елу елдің қатарындамыз. Алдағы уақытта жаңа деңгейге көтерілу үшін, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін Қазақстан халқы бір мақсат жолында жұмыла еңбек етуі қажет деп ойлаймын.  Біздің елде Елбасы негізін қалап берген Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы қалыптасуы тиіс. Осы орайда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті жалпы5а ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуы тиіс. Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенімдімін!» деген болатын. Елбасымыз біздің басты мақсатымыз Қазақстанда Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру екенін көрсетіп отыр.  Жас ұрпақты еңбекке баулу, өндіріс орындарында жұмыс істейтін азаматтардың абыройын жоғары бағалау, олардың өз еңбектеріне орай лайықты марапатқа ие болуына жағдай жасау алдыңғы қатардағы мәселенің бірі. Біздің қоғамда елге адал қызмет ететін жұмысшылар қатарын қалыптастыру керек. Ғарыш заманында қай елдің халқы бір мақсат жолында жұмыла еңбек етіп, ортақ нәтижеге қол жеткізсе, халықтың нақылымен айтсақ, сол елдің кемесі өрге жүзеді, азаматтарының ісі алға басады. Экономикасы дұрыс жолға қойылған ел ғана алдыңғы қатарға шығады. Тұтынушы халықтың саны аздығы экономикаға тікелей әсер етеді. Қазақстан халқы саны жағынан ұтымды жағдайда емес. Сондықтан Кеден одағына бірігіп, Ресей, Беларусь елдерімен бір экономикалық кеңістік құруға мүдделі болды. Бүгінгі таңда өзге көрші мемлекеттер де осы ұйымға кіруге ынталануда. Бастапқыда тауарларымыз бәсекеге түсуде ұтылып жатқан да шығар. Бірақ өмірде ұтылған адам шыңдалады. Ал шыңдалған адам сыннан өтеді. Ол үшін өз өнімдеріміздің сапасын үздіксіз жетілдіре беруіміз керек. Бұл күнде тек қана тауарларымыз емес, Қазақстанның халқы да, елдің қабылдаған заңдары да сынға түсіп жатыр. «Қазақстан Парламенті қабылдаған заңдар шетелге өнім шығаруда кәсіпкерлерге қаншалықты қолдау жасауда, тиімді болып, қорғап жатыр ма?» деген сұраққа жауап бере алуы керек. Бұл істер Елбасының тікелей қадағалауымен жүзеге асуда. Соған орай кездескен кешенді проблемалар ретімен шешімін табуда. Өмір ағысы тоқтамайды, жаңа өзгерістер туындап жатады. Сондықтан әлі де алда тұрған мәселелер өте көп. Таяуда біздің ел Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамына кіргелі тұр. Сол жолдағы экономикалық өзгерістерді ұлттық заңдарымызбен сәйкес келтіру үшін жаңа заңнамалық актілер қабылдануда. Ол ұйымға енген кездегі бәсекелестік қазіргі Кеден одағынан әлдеқайда жоғары екенін бәріміз де сезініп отырмыз. Қазақстан Конституциясына сәйкес ел Президентi – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституция мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылғы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын ұсынған болатын. Бұл тек өз елінің алдына қойған міндет қана емес, әлемге жария етілген үндеу, айрықша бастама еді. Бұл межеге өткен жылы қол жеткізілді. 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс», деп асқаралы межеге қол жеткізу қажеттігін мәлімдеді. Бұл мақсатқа жету үшін Елбасының сеніп отырғаны – елі, туған халқы және өскелең жастарға деген зор сенімі мен үміті. Мұндай жетістікке жетуде рухани бірлікті нығайтуға ықпал ететін күш – мәдени тәуелсіздік. Бұл салаға тіл, дін, тарих, мәдениет, өнер, әдебиет құндылықтары кіреді. Жастар осы құндылықтар негізінде рухани байлықты бойларына сіңіруі тиіс. Сонда ғана патриоттық тәрбие алатыны сөзсіз. Қазақ халқының тарихы да бүгінгі тәуелсіз елдің көзқарасы тұрғысында қайта зерделеніп, жазылып жатыр. Өз алдымызға ел болғаннан кейін Елбасымыз білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Өзге елдерде жоқ «Болашақ» бағдарламасы іске асырылып, еліміздің жастары әлемнің танымал білім ордаларынан заманауи ғылым нәрімен сусындауға мүмкіндік алды. Бұл қазақ жастарының білімін жаһандық деңгейге көтерген бастама болды. Енді алдағы уақытта шетелден алуға болатын білімді өз елімізде оқып, қол жеткізуге болатыны заман шындығына айналып отыр. Осы орайда, Астанада «Назарбаев университеті» ашылды. Ал өңірлерде өскелең жасты білім мен ғылымға баулитын Назарбаев зияткерлік мектептері салынып, іске қосылды. Ол мектептерде қазір болашақ ғалымдар, қоғам қайраткерлері, білікті саясаткерлер мен сарапшылар білім алуда.
 
Елбасының ұстанған саяса­тының арқасында Қазақстан халқының бірлігі жарасым тауып келеді. Тәуелсіздік орны­ғуының ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен елдің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қай­раткерлігі нәтижесінде Қазақ­станда этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол бе­рілген жоқ. Осы орайда, Қа­зақстанның Ел бірлігі доктринасы қабылданды. Мұндай саяси мәні терең, алуан түрлі ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақ астына біріктірген Доктрина ешбір елде жоқ. Егер кейбір елдерде болып жатқан жанжалдарға, қақтығыстарға назар аударатын болсақ, соның бәрінің негізінде ұлтқа, дінге бөліну, өзара жауласу жатқанын көреміз. Ұлттар мен діндер арасындағы қақтығыстар – сонау адам баласының алғашқы кезеңінен бері, дінге, ұлтқа бөлінгелі келе жатқан елішілік дерт немесе қасірет. Мұндай қақтығыстардан ешбір мемлекет аман қалған емес. Елбасының бастамасымен 2007 жылы Қазақстан Конституциясына елеулі өзгерістер енгізілді. Сол конституциялық реформаға сәйкес Мәжіліс депутаттарының 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлану құқығына ие болды. Еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың атынан өкіл болып келіп отырған әріптестеріміз қазір ел дамуын алға бастыруға, азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған заңдарды қабылдауда өз үлестерін қосып келеді.  Тәуелсіздік жылдарында өзгеден озып шығып, Қазақ елінің өзін әлемге мойындатқан іргелі істері аз емес. Бейбітшілікті қорғаудағы еліміздің халықаралық беделі өте жоғары. Соған орай Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етті. Қазақстан алып Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ үндеуге біріктіре білді.   2010 жылы 1 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Астанада бас қосты, аталған Ұйымның Саммиті болып өтті. Бұл Саммитке 2500 делегат, 1200-дей БАҚ өкілдері келді және 600-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Елбасы атап өткендей, Астана төрінде, Еуразияның жүрегінде, байырғы қазақ жерінде мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың тарихи үнқатысуы жүзеге асты. Ұйымның барлық мүшелері тарапынан қолдау тауып, Астана декларациясы қабылданды.  Еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыратын айтулы оқиғаның бірі – 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі. Жаңа Қазақстан әлемдік беделді оқиғаларды тек қана тамашалаушы ғана емес, өзі жүзеге асырушы, жаңа идеяларды сынға салып, әлемдік қоғамдастықтың мерейіне бөлей алатын белсенді де жетекші мемлекеттің біріне айналды. ЭКСПО-2017 көрмесінің жасыл энергия тақырыбы жаһанды өркендеу мен шуаққа, елімізді жаңа технология мен ғылымның әлеуетті буынына айналдыратын жасампаз жоба болатыны айдан анық.  Таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының XV съезінде жаңа Доктрина қабылданды. Осы Доктрина арқылы біз әлемге «Нұр Отан» партиясының қаншалықты ашық саясат ұстанатынын көрсеттік. Бұл ХХІ ғасырдың партиясы ретінде елді жаңа даму деңгейіне көтеру жөнінде міндеттеме алып, Қазақстан халқы алдында өзіне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Алда тұрған мақсаттарға қалай қол жеткізетінін сала-сала бойынша айқындап берді. 
 
Биылғы жылы еліміз үшін айтарлықтай маңызды ақпараттар жылы болды десек қате айтпаған боламыз. Жыл басында президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шығып, онда айтылған басшымыздың ұтымды ойлары мен қанатты сөздері барша қазақ жұртына жігер берді. Осы мақала аясында Республикамыздың барлық аймақтарында ауқымды іс-шаралар атқарылды. Соның ең маңызды елордамызда өтіп жатқан «ЭКСПО 2017» Халықаралық көрмесі. Еліміздің даңқын әлемге танытар аталмыш көрмеде мыңдаған соңғы үлгідегі техникалар әкелініп көптің таңданысын тудыруда. Көрме аясында 3000-ға жуық іс-шара өткізіліп жатыр. Мұның бәрі еңбектің арқасы, тек елбасының емес бүкіл халықтың жетістігі.
 
IMG 20170410 215245 878
 
Егер бейнелеп айтсақ, қазір жас тәуелсіз елімізге көктем мезгілі туып тұр! Қатал қыстың қиындығынан шыққан халықты жадыратып, Табиғат-Анаға айрықша құдірет сыйлайтын, жаңару үдерісі басталатын кезең көктем емес пе?! Ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіміз – біздің жаңарған көктеміміз! Бұл – мемлекеттің де, халықтың да қарышты қадамдармен алға басатын шағы! Елдің ең бағалы игілігі – оның тұрғындары, Қазақстан халқы. Елбасының басты мұраты – елді алдыңғы қатарлы мемлекеттер легіне қосу, қазақ халқын өркениет биігіне көтеру. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолда асқақ арманмен, қажырлы қайраткерлікпен, талмас табандылықпен, шалқар шабытпен қызмет атқарып келеді. «Менің елім – менің тағдырым» - деп Елбасымыз айтып кеткендей мемлекетіміз қайсар рухты, алғыр, сенімді көшбасшының арқасында әлі талай белесті бағындырары сөзсіз.  Еліміз, Елбасымыз аман болғай лайым!
 
Автор: Хамид МҮТӘЛИЕВ
                                                                                     
Последнее изменение Пятница, 06 Октябрь 2017 05:11
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.