Версия для печати

«Нұрлы жер» бағдарламасының мақсаттарын түсіндірді

Пятница, 06 Октябрь 2017 10:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4049 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Көксай-3 елдімекенінің тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның оңтүстіктегі өкілдерімен кездесіп, баспаналы болудың тәртібімен танысты.

nurly-jer 79

Қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының ұйымдастыруымен өткен жиынның мақсаты – Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарлама тиімділігін қаланың шетіндегі тұрғындарға түсіндіру. Жиынға партияның аудандық филиалы басшысының бірінші орынбасары Берік Садықов төрағалық етті.

– Қыс ауасы жақындап қалды. Осындай жағдайда халықты әбігерге салмау үшін Көксай-3 елдімекеніндегі №31 орта мектепке жергілікті тұрғындарды жинадық. Оларға «ҚТҮҚЖБ» АҚ ОҚОФ қызметкерлері баспаналы болу тәртібін баяндады. Халықпен бұл тақырыптағы кездесулерді қала орталығынан алыста орналасқан тұрғын алаптарда жалғастыра бермекпіз, – дейді Б. Садықов.
Тұрғындар арасында Гүлнар Төленова «ҚТҮҚЖБ» арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілетін баспана жайын сұрай келіпті.
– Үш ұлым бар. Үлкенін үйлендіргенбіз, бізбен бірге тұрады. Ал екінші ұлым – Нұргелді Әбуов Алматыда жұмыс істейді. «ҚТҮҚЖБ» арқылы тұрғын үйге екі жылдан бері салым салып отыр. Ендігі жылы Алматыдан баспана алады деген ниетіміз бар. Ал үшінші ұлымыз биыл ғана диплом алып, жұмысқа орналасты. Ол да жақында тұрғын үй жинақ банкінің салымшысы болады. Тұрғын үйге депозит ашудың тиімділігін үйреніп алдық. Есесіне, үйленгенге дейін баспана мәселесін шешіп алады, – дейді Г. Төленова.
Көксай-3 елдімекенінің тұрғындары «Банк салымшысы болу үшін не қажет?», «Конкурсқа қатысу үшін баспана құнының қанша пайызын жинау қажет және оны төлеу тәртібі қалай жүргізіледі?» деген сұрақтарына жауап алды.
– «ҚТҮҚЖБ» арқылы барлық азаматтар баспанаға қол жеткізе алады. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бері кез келген азамат біздің банктен есепшот ашу үшін жарна төлемейді. Ал баспана кезегіне жергілікті атқарушы органдар арқылы кезекте тұрса да, банктен депозит ашудың тиімділігі зор. Салымшылар тек мемлекеттік бағдарлама аясында ғана емес, еліміздің кез келген нүктесінен қалаған үйін «ҚТҮҚЖБ» қызметін пайдалану арқылы ала алады, – дейді банк қызметкері Әсем Көпбаева.
Аталған банктен депозит ашуға бір ғана құжат – жеке куәлік қажет. Содан кейінгісін әр жолы банк бөлімшесіне бармай-ақ, ұялы телефонға жүктеп алып, электронды түрде ақша аударып, конкурсқа қатысып, банк жаңалықтарынан хабардар болып отыруға толық мүмкіндік бар.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.