Сақ болсаң, сақтайды...

Пятница, 06 Октябрь 2017 11:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3259 раз

Күздің қара суығы Шымқалада биыл ерте байқалды. Таулы аймақтарға алғашқы қар да түсіп үлгерді. Сондықтан, тұрғындар жылуды ертерек пайдалануға қамдануда. Жеке үйлер қатты отынмен жылынып жан бақса, көпқабатты тұрғын үйлерге жылу берілген жоқ.

sak-bol 79

Отпен жылытуды пайдалану кезiнде: 
- пешті қараусыз қалдыруға;
- жағу үшін дайындалған отынды, сондай-ақ басқа жанғыш заттар мен материалдарды пештің алдындағы табаққа орналастыруға;
- қатты отын жағылатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға;
- жанғыш заттар мен материалдарды (аяқ киім, киім, ағаш) пештер мен түтіндіктердің беттерінен 0,5 м кем болатын арақашықтықта кептіруге тыйым салынады.

Көбісі электр жүйесі немесе газ плитамен жылынып отыр. Мұндай жағдайда газдан уланып медициналық көмек сұрайтындар саны артады. Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 2017 жылдың өткен жылыту маусымында (қаңтар-сәуір) улы газбен уланудың 24 оқиғасы тіркеліп, 46 адам зардап шеккен. Оның ішінде 11-і қайтыс болған.

 

Пештен келетін жазатайым жағдай көп

Сала мамандары келеңсіздіктерді зерделегенде 24 оқиғаның 21-і жеке тұрғын үйде, 1-еуі көпқабатты үйде, 2-еуі қоғамдық моншада орын алғандығы анықталған. Аталған оқиғалардың 21-і табиғи газ салдарынан, 3-уі қатты отын пайдаланатын пештерді қолданғанда орын алған. ОҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық жұмыстар басқармасының бас маманы Рауан Ордабек: «Тұрғындар нақ осы мезгілде жазатайым жағдайлардан сақ болса екен. Күн салқындап, жылу қосқанда қарапайым қағидаларға мән бермей, соңы өкінішті жағдайлармен аяқталып жатады. Жеке үйлерде жарамсыз құралдардан пеш соқпаған дұрыс. Тұрғын үйлерде пешті орнатудың қауіпсіздік ережесі мен нормасы болатындықтан кәсіби маманның көмегіне жүгіну қажет. Бүгінде осы ережелер сақталмауда», – дейді.
Пешті тексеруден өткізіп, алдын ала дайындамаса көмір иісі адам өмірін мезгілсіз жалмайды. Сақ болсаң ғана, сақтайтындығын ескеру қажет.
Сол сбепті, күздің алғашқы айынан бастап төтенше жағдай мамандары қауіпсіздіктің алдын алу шараларын ұйымдастырады. Қазіргі уақытта өртке жол бермеу және адам өлімінің алдын алуға бағытталған айлық жұмыстары жүруде. Шара аясында халыққа пешпен жұмыс істеу ережелері түсіндіріледі. Түрлі нұсқаулықтар таратылып, электр жылыту құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі қағидалары таныстырылуда. Сондай-ақ өрт орын алған жағдайда қандай әрекеттер жасау қажеттілігі үйретіледі.
Қыркүйек айының өзінде департаменттің инженерлік-инспекторлық құрамы 281 жиын өткізіп, 5645 адам қамтылған. 991 үйдің ауласын аралап, 4181 адамға қажетті ақпарат берген.

 

• Ережелерді есте сақтаңыз...

Жылыту маусымындағы жайсыздықтардың басым бөлігі көгілдір отыннан туындайды. Мұның себебін, Рауан Ордабек газдың иісі сезіле бермейтіндіктен адамдар қауіптілікті дер кезінде білмейді деп түсіндірді.
–Жылынамыз деп күндіз-түні газ плитаны қосып қояды. Ал газдың иісі білінбегенімен, ағзаны баяу улап үлгереді. Не болмаса газ шығып, соңы баспананы өртке орайтын оқиғалар жиі кездесіп жатыр. Мұндайда ересектер үйде болмай, зардабын балалар тартады. Осы мезгілде қала тұрғындары газ бен пешке абай болып, қырағылық танытса, – дейді маман.
Шара барысында отынды сақтау режимі және пештерді пайдалану ережелері таныстырылған. Бұдан бөлек, эвакуация жолдарын, қазандықтар мен жылыту қондырғыларының дайындығын тексеруден өткізген. Көпқабатты тұрғын үйлердің шатыр астына және жер төлелерге бөгде адамдардың рұқсатсыз кіруіне жол бермеу жағдайларын жауапты мамандарға жүктеген.
Ауа райын болжаушылар алдағы уақытта күн райының күрт төмендейтіндігін айтуда. Электр жабдығынан өрт шығып, газдан улану көпқабатты тұрғын үйлердегі күрделі мәселе. Жылда насихат жұмыстары жүріп, ескерту жасалғанымен қайталанатын жағдай. Ендеше, жылу жүйесі қосылғанша тұрғындардың өзі сақ болғаны абзал. Сақтық шараларын ұстануда төтенше жағдай мамандарының қарапайым кеңестерін назарға алса болғаны...

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.