×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Оқырман отауы

Понедельник, 16 Октябрь 2017 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3655 раз

orzzzz

«Сұрақ-жауап» айдарында барлық сала бойынша сұрақтарға сала мамандары жауап береді. Бізбен байланыста болып, мазалап жүрген сауалдарды жолдауға мүмкіндік бар.

Қалып кеткен еңбек өтілін қосуға болады

Анам бала санымен 58 жаста зейнеткерлікке шықты. Қазір жасы 63-те. 20 жылдай колхозда жұмыс істеп, құжаттарының толық болмауына байланысты еңбек өтілінің біраз жылдары енгізілмей қалған болатын. 1994 жылдан кейін жеке шаруақожалықты жүргізгені де бар. Қазір сол кезде құжаттарының түгел болмауына байланысты қалып қойған еңбек өтілдерін қайта қосуға бола ма?

Лаура Сапарбекова

Сауалға облыстық «Әлеуметтік төлемдерді ведмствоаралық есептеу орталығы» департаменті директорының орынбасары Несібелі Қаражанова жауап береді.
– «Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР 2003 жылғы 21 маусымдағы №105-V Заңының 11 бабының 1 тармағына сәйкес, әйелдер 58 жасқа толғанда жалпы еңбек өтілі 1998 жылға 20 жыл болса, жасына байланысты толық көлемде зейнетақы болған жағдайда, ол толық көлемде зейнетақы алуға құқылы.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін 1998 жылға дейінгі еңбек кітапшасымен расталған еңбек өтілі есептелінеді. Еңбек кітапшасындағы жазбалар уақытылы жазылмаған жағдайда, жазбалар ескі үлгідегі мөр таңбамен бекітілген болса, жазбаларда жөндеулер болса, еңбек кітапша иесінің аты-жөні жеке куәлігіндегі деректермен сәйкес келмеген жағдайда мұрағаттан еңбек өтілін дәлелдейтін мұрағаттық анықтама әкеледі. Ол сақталмаған жағдайда соттың шешімімен дәлелденуі тиіс. 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі 2018 жылдан базалық зейнетақы мөлшерін тағайындау әдісінің өзгеруіне байланысты қайта есептеу барысында Зейнетақы қорына аударылған 10 пайыздық жарна бойынша есептеледі.

 

Декреттік демалысымда «Өрлеуге» қатыса аламын ба?

Төрт баланың анасымын. Уақытша декреттік демалыста отырмын. «Өрлеу» бағдарламасымен кәсіп ашуға мүмкіндігім бар ма?

Айжан ТҮСІПБАЙ.

Сауалға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Назира Сайдуллаева жауап береді.
– «Өрлеу» – аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама. Сондықтан, алдымен бағдарламаға қатысатын отбасының табысы есептеледі. Табыс көлемін есептеу жергілікті әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссияның құзіретіне кіреді. Бағдарламаға қатысушының көлігі, мал, бау-бақша өнімінен түсетін табыстарының өзі назарға алынады. Комиссия осы жәйттердің барлығын сараптаудан өткізіп барып, шешім шығарады. Табыс көзі былай анықталады. Мәселен, отбасына кіретін табыс көлемі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына жетпесе, бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар. Оны былай есептеуге болады: бір отбасыда 6 адам болса, айлық табысы 30 мың теңге. Әр адамға шаққанда 5 мың теңгеден түседі. Ол күнкөріс деңгейіне жетпейді. Бүгінгі күнкөріс деңгейі 22 690 теңге болатын болса, бұл жерде 60 пайызы 13 760 теңгені құрап отыр.

 

Мүгедектерге қажетті құрылғы қанша уақытта беріледі?

Үш жастағы балам мүгедек. Жылдың басында ұлыма мемлекет тарапынан тегін берілетін «ходунок» алуға өтініш жаздық. Жыл аяғы таяп келеді, әлі ала алмадық. Жалпы, мұндай көмекші құрылғыларға өтініш жазған соң қанша уақытта берілуі тиіс?

Феруза АЙБЕКОВА

Сауалға облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті медициналық әлеуметтік сараптаманың әдіснама және бақылау бөлімінің бас маманы Маханбет Ербосынов жауап береді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету мүгедектерді оңалту бағдарламасы аясында жүргізіледі. Ол үшін алдымен өтінім береді. Оған дер кезінде қол жеткізбеудің бірнеше себептері бар. Мәселен, арба түрлеріне қарай 2,4,5 жылда бір рет беріледі десек, кезек күтуіне тура келеді. Екіншіден, қажетті құрал алуға өтінішті жылдың басында немесе ортасында жазуы мүмкін. Ал құрылғыларды алуға жоспар жыл соңына қарай түзіледі және кейін оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Осы кезде тізімге ілікпей қалғанда келесі жылға қалуы мүмкін. Кейде қоларба тағы басқа да көмекші құралдардың мөлшері тура келмейтіндіктен күтіп қалады. Негізінде биылға ұсынылған оңалту бағдарламасының орындалуы келесі жылдың соңына дейін жүзеге асады.

 

Еңбек өтілімді кітапшама түсірмеді

Сауалдарға ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ғабит Ақбердиев жауап береді.
Жекеменшік мекемеде екі жарым жыл жұмыс істедім. Алғашқы бір жылда штаттан тыс жұмыс істедім. Жуырда жұмыс орнымды ауыстырғанда алдында істеген бір жылымды еңбек кітапшасына енгізбеді. Бұл қаншалықты заңды?

Айсұлу АҚБЕРЕН

– Бұл жұмыс беруші тарапынан жасалған заңсыздық деп есептеледі. Өйткені, жұмыскер штаттық лауазымда не штаттан тыс лауазымда жұмыс атқарғанына қарамастан оның нақты жұмыс атқарған мерзімдері туралы мәліметтер жұмыс беруші тарапынан оның еңбек кітапшасына міндетті түрде енгізілуі тиіс.

 

Жұмысқа орналасқан жағдайда...

Құқық қорғау саласына қоғамдық көмекші қызметіне жұмысқа тұруға ұсыныс түсті. Бұл кезде айлық тағайындалатындықтан еңбек келісімшарты түзілу қажет пе? Және ол еңбек кітапшасына түсе ме?

Айбек МҰХТАРҰЛЫ

– Азаматтар меншік түріне қарамастан қандай да бір ұйымда жұмысты белгілі бір мамандық, біліктілік, кәсіп не лауазым бойынша атқаратын жағдайда, жұмысын ішкі еңбек тәртіптемесіне (нақты жұмыс уақыты мен демалыс уақытына) бағына отырып орындайтын жағдайда және жұмыскердің еңбегі үшін жалақы тағайындалғанда міндетті түрде еңбек шарты жасалынуы тиіс. Еңбек шартының екі данасы жасалынып, оның бір данасы қызметкерге табыс етіледі. Нақты жұмыс атқарған уақыты еңбек шартына енгізіледі.

Дайындаған
А. КЕРІМҚҰЛОВА

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.