Қоғамдық көлік көңілден шықсын десек... Избранное

Среда, 18 Октябрь 2017 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 779 раз

DSC 7511

Қоғамдық көлік саласында мәдениет пен тәртіп қашан түзеледі? Әкімдік жиналысында қала әкімі сұрақты осылай төтесінен қойды. Қоғамдық көлік мәселесіне байланысты өткен мәжілісте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мемлекеттік қызметкерлерге нақты тапсырмалар берді.

 

– Бұл тапсырма маған, менің орынбасарларыма, 4 аудан әкіміне және құрылымдық бөлім басшыларына қатысты. Бір апта бойы қызмет көліктеріңізді кеңседе қалдырып, үйге қоғамдық көлікпен қатынайсыздар. Қызмет сапасын зерделеп, тәртіпке келтіруге бәріміз бір кісідей үлес қосамыз, – деді қала әкімі.

Ғ. Әбдірахымов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы мен осы саланы бақылайтын орынбасарына тәртіп орнату үшін 15 қарашаға дейін уақыт белгілеп берді.

Сондай-ақ, қоғамдық көлікке біршама уақыт жұмсалуына орай кеңседегі жиналыстардың санын азайтып, шаруаларды телефон көмегін, селекторлық және басқа да заманауи технологиялық мүмкіндіктерді пайдаланып жедел орындауға кеңес берді.

transport-2Рашид АЮПОВ,
Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы:

– Қала басшысы өзі бастап, орынбасарлары, бөлім басшылары мен аудан әкімдері, олардың орынбасарлары 16 қазаннан бастап қызметтік көліктерін әкімдіктің автотұрағына тапсырды. Қазіргі таңда әкімдік қызметкерлері жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынауда. Қоғамдық көлікке қатысты сын-ескертпелер мен ұсыныстар үздіксіз бақылауға алынып, жүргізілген мониторинге сәйкес, талаптарды сақтамаған автобустар алғашқы күннен-ақ анықталып үлгерді. Қала тұрғындары тарапынан 40-тан астам ұсыныс-тілектер, арыз-шағымдар түсті. Ал қызметкерлер айтқан сын-ескертпелер де халықтың талап-тілегіне саяды. Атап айтқанда, әр аялдаманың атауы жоқтығы, газельде адамды белгіленген орынға қарамай шамадан тыс артық алатыны және қоғамдық көліктің уақытылы келмейтіні жайлы сын көп. Қызметкерлердің бірі кеңсеге үш ауысыммен қатынайды. Сонда жолға 1 сағатқа жуық уақыт кеткенін және маршруттардың тоқтамай өткенін мәлімдеді. 

akimat-kontactТапсырма аясында мен де қоғамдық көлік қызметін тұтына бастадым. Мекенжайыма «Greenbus» компаниясына қарасты үлкен жасыл автобустар жүреді. Таңертең ерте, яғни сағат 7:30-да шықтым, ал кешкісін соңғы автобусымен қайттым. Сондықтан болар, тым қарбалас сәттерге тап болмадым. Ал күндіз Әкімшілік-іскерлік орталығындағы облыс әкімдігіне жиналысқа барғанымда жолға 40, қайтарда 50 минут уақытым кетті. Қайтарда «Әкімдік» аялдамасында ұзақ күтуге тура келді. Сондай-ақ, «Гипер Хаус» сауда орталығының тұсында мен отырған автобус аялдамадан шығып кеткен соң жолдың екінші жолағынан екі адамды мінгізді. Бұл адам өміріне және көлік қозғалысына кедергі келтіретін қауіп. Сондықтан мәліметтерді жергілікті полиция қызметіне тапсырдым. Айыппұл төлеуге жолданды. Әрине, қоғамдық көліктегі құқық бұзушылықтарды суретке, видеоға түсіріп алу барысында автобус қызметкерлері қарсылық танытты. Дегенмен, ең ауыр жұмыстар енді басталады. 18 қазаннан бастап қала бойынша әр аялдамаларға, қала тұрғындары үшін хабарландыру және баннерлер ілінеді. Онда шағым түсіру бойынша толық координаттар көрсетіледі. Сондай-ақ, қала әкімі айтқандай, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың суреті мен уәдесі жазылған плакаттар қоғамдық көліктерге ілінеді. Онда да байланыс нөмірлері көрсетілмек.

Жергілікті полиция қызметі де бұл салада рейд жүргізуде. Апта соңына дейін жоспар бекітіп бердік. Қазір қай аумақтан шағым көп түссе, сол жерде қызу жұмыс жасап жатыр. Бүгінге дейін «Қырғы базар», «Спорт» шағынауданы және «Ескі шаһар» аумағында жол қозғалысының бұзылуы жиі тіркелді. Олар сол маңайдағы сауда қатарының көптеп орналасуы, жол жиегінде қалдырылған жеке көліктердің қозғалысқа кедергі келтіруі және қоғамдық көліктердің бір-бірімен жарысуы туралы. Ережеге сай шара қолдану барысындағы рейдтік іс-шаралар әлі де жалғасады және оған БАҚ өкілдері қатыса алады.

Сіз не дейсіз?

 

transport-4Ғалымжан ОРАЗЫМБЕТ:

– Қала әкімдігінің бастамасын қолдаймын. Менің айтарым, №17 бағыттағы маршрутта бір есікті автобустар қызмет көрсетеді. Бұл талапқа сай емес. Бізде бір есікті көліктер жолаушылар тасылмалдауына болмайды. Екіншіден, бұл бағыттағы маршруттың өз автобустары жоқ. Білуімше, маршрут иелері автобустарды жалдайды. Осының салдарынан жекеменшік автобустар қоғамдық көлік талаптарын сақтамай, қала бойынша белгіленген арнайы жеңілдіктерді ескермей жол ақысына студенттерден де 100%, яғни 70 теңге көлемінде ақы алады. Тек ҰОС ардагерлері мен Ауған соғысының ардагерлеріне жеңілдік жасайды. Үшіншіден, кешке ерте тоқтайды.

transport-3


Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ:

– «Нұрсәт» шағынауданының көптеген балалары №65, 46, 38, 41, 39, 24 мектептеріне қатынап оқиды. Сондықтан, Өтегенов көшесіндегі Назарбаев мектебінен бастап, Нұрсәт – Арғынбеков – Ерімбетов – Жандосов – Жібек жолы көшелерін жалғайтын бір маршрут өте қажет!
Бұл Бәйдібек би даңғылымен айналып жүргеннен гөрі, 15-20 минут уақыт үнемдер еді. кептелістер жиі орын алатын Бәйдібек би даңғылы бойында кідірмей сабақтан қайтарда да үйлеріне тезірек жетер еді. Тағы бір ұсынысым, №14 бағытпен жүретін маршрутта тек микроавтобустар жүреді. Ал бұл бағытта жолаушылар өте көп. Орын саны жетіспейді. Соларды автобуспен алмастыру керек.

transport


Ғалия АЛДИЯРОВА:

– №109 маршрут үнемі толып жүреді. Бұл қала орталығынан Орталық стадионға және сол аумақтағы түрлі спорт секцияларына қатынайтын жалғыз маршрут. Қоғамдық көлікпен спорттық жаттығуға жазылған жасөспірімдер ересектер арасында қысылып, қиын жағдайға тап болады. №109 бағытпен қозғалатын «Газельдердің» уақыт жиілігі бұл жағдайды жеңілдетпей отыр. Сондықтан қосымша маршрут берулеріңізді немесе үлкен автобус жүргізуді сұраймыз.

 

Последнее изменение Среда, 18 Октябрь 2017 09:46
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.