«Қызылжар» шағынауданында жаңа білім ордасының іргетасы қаланды. Қазіргі таңда, 900 орындық мектептің құрылысы қарқынды жүруде.
Бұл жаңалыққа жергілікті тұрғындар қуанды. Себебі, осы уақытқа дейін 9 мыңға жуық халық тұратын шағынауданның балалары «Жайлау», «Тұрлан» шағынаудандарындағы және орталықтағы мектептерге қатынайтын еді.
Маусым айында басталған құрылысты мердігер «Тур-Ахмет және компания» ЖШС-і жүргізуде. Жаңа мектепке қалалық бюджеттен 942 млн теңге қаражат қаралған.
– Іргетасын бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Үш қабатты мектептің төрт корпусы бар. Оқу, спорт зал, кітапхана мен асхана, шеберханасы болады. Құрылысқа отандық өнімдер пайдалануда. Бетонның өзі жергілікті зауыттан әкелінді. Қызылжарлықтарды келесі жаңа оқу жылында қуантамыз, – дейді серіктестіктің прорабы Сартай Сартбаев.
Мектеп салуға әзірге бетондаушы, дәнекерлеуші, краншылар секілді 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылған. Қазір Абай ауданына қарасты 35 мектеп бар десек, 2018 жылдың маусымында тағы бір білім нысанымен толығады.