Жолда жүру неге қауіпке айналды?

Понедельник, 23 Октябрь 2017 11:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4277 раз

«Апат айтып келмейді» десек те, соңғы кездері жол-көлік оқиғалары халықтың құтын қашырып тұр. Таяуда қалада электровоз бен жүк көлігі соқтығысып, оның салдарынан электровоз рельстен шығып кетті. Жол апаты «Қызылсай-Қазығұрт» өткелінде болған. Жүк көлігінің жүргізушісі көліктің ішінде қысылып қалған. Абырой болғанда азаматтар аман.

DSC 5212

Қарым-қатынасты жалғайтын, игі мақсаттарға бастайтын жолда жүру неге қауіпке айналды? Жүргізушілер де, жолаушылар да қайда асығады? 

anyqtama-82-1Бүгінде жүргізушілер де, жолаушылар тарапынан да жол қауіпсіздігін сақтау мәселесі өзекті болуда. Жалпы, жолда жүрудің тәртібі, жол-көлік оқиғаларының алдын алу жағдайында көптеген ақпараттық-насихаттық жұмыстарды әлі де күшейту керек. 

Ресми деректерді сөйлетсек. ОҚО ІІД жыл басынан бері 83 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сәйкес, құқық бұзушыларға барлығы 1,5 миллиард теңге әкімшілік айыппұл салынып, 600 миллион теңгесі облыс бюджетіне өндірілді. Қазіргі таңда ОҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Процессингтік орталығы, қалада 21 «Редспид» жылдамдық өлшеуіш құралы, 21 «Интегра» зияткерлік көше қиылысы және 6 жол қозғалысын бақылайтын алты дана «Крис П» жүйесі жұмыс істеп тұр. 

 

Депутаттық сауал жолдады

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан осы мәселеге байланысты жан-айқайын жеткізгенінен хабардармыз. Халық қалаулысы Премьер-Министр Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған тұғын. 

DSC 8832

– Оңтүстік Қазақстан облысының «Шымкент-Самара» трассасында Ынтымақ елдімекенін, тас жол ортасынан жарып өткен. Ауыл тұрғындары бірін бірімен араласа алмай, мал өріске шыға алмай және балалары мектепке баруы қиындап, жандарын шүбірекке түйіп жүр. Осыған ұқсас жағдай, Түркістан қаласының жанынан өткен тас жолы, халық тұтынуға салынған балалар ауруханасына қол жетуі қиындап, қызмет көрсетуге оң нәтижесін бермей отыр. Бұл жағдайға өзім куә болдым. Шымкент-Ташкент тас жолдарында болып жатқан жол апаттары үлкен қайғылы жағдайға әкеліп жатыр. Барлығына бірдей күйе жағуға болмайды. Міндеттерін адал орындап жатқандары бар. Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолында инфрақұрылымдарының аздығы немесе тіпті жоқтығы, жолаушылардың наразылығын келтіріп отыр, – деген еді мәжіліс депутаты. 

Оңтүстіктен сайланған халық қалаулысы негізінен жобалау кездегі қателік, мердігерлердің өз міндеттерін талапқа сәйкес орындамауы, келісім-шартта көрсетілген қауіпсіздік шараларының, жолға қойылатын белгілердің болмауы, жол сызық жолақтарының жоқтығы апаттарға себеп болып тұрғанынын сынға алған еді.

 

Тоқановтың айтар уәжі бар

IMG 20171018 115034М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Агроөнеркәсіп кешені және су қоры мәселелері» ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұсатіллә Тоқанов он жылдан астам уақыттан бері жол-көлік оқиғаларына геомагниттік толқындардың себебі барын зерттеп жүр. Ол кісіні апатты оқиғалар ұзақ жылдардан бері алаңдатып келеді. ҚР Ішкі істер министрлігіне дейін хат жолдаған. Бірақ, оған назар аударар ешкім болмай тұр. 

Шілде айында Түркістан бағытында апат болған аумақты да зерттеп, ол жерде де геомагниттік толқындардың әсері барын анықтапты. 

– Мен әр жол апаттары болған кездерде өзімді кінәлі адамдай сезінемін. Шілде айында «Шымкент-Самара» тас жолының 107 шақырымында апат болған аумаққа да барып қайттым. Төрткөлден әрі қарай Түркістанға дейінгі жол толық геомагнитті толқында жатыр. Былай қарасаңыз, теп-тегіс жол. Оқиғаның себебі айтылды ғой. Көрмей қалдым дейтіндей емес, «Газ-53» – үлкен көлік. «Тойота» көлігі қатты жылдамдықпен келген де жүк көлігінің астына кіріп кеткен. Тәжірибелі жүргізушілер аралықты біледі ғой. Менің зерттеуімше, сол кездерде магнитті дауыл өршіп тұрған. Геомагнитті толқын оны одан сайын күшейтіп жібереді. Міне, осындайда жүргізуші қас-қағым уақытқа дел-сал күйге түседі. Осының кесірі апатты жағдайға әкеп соқтырады, – дейді ол. 

Ғалымның зерттеулеріне сүйенейік. Жалпы, сайлы, ойлы жерлердің астында жарылыс болған. Сондай жерде геомагнитті толқын өршіп тұрады. Ал егер тегіс жол болса, онда ол жердің астында үлкен көл бар. Сол судан магнитті толқындар шығады екен.

 

Ғылыми-зерттеу институты қажет

БҰҰ деректеріне сәйкес, жыл сайын жер бетінде 5 миллионнан астам адам жол апатынан жарақаттанып, жүз мыңдаған адам қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтері бойынша, магниттік дауыл кезінде инфаркт, инсульт, өз-өзіне қол жұмсау, асылып қалу, ұшақ және жол-көлік оқиғаларының саны артатыны айтылады. 

Белгілі ғалым М. Тоқанов Шымкент қаласында геомагнитті толқындардың әсерінен жиі жол-көлік оқиғасы болатын аумақтарды атап көрсеткен. Оның айтуынша, біздің елімізде де «Геомагнитті толқын және күн жарылысын зерттейтін институт» ашылуы қажет. Мұндай ғылыми орталықтар бүгінде Германия, Жапония, АҚШ, Ресейде жұмыс істейді. 

Ғалымның сөзінше, қаланың жолдарына арнайы жол белгілерін қойып, жол жүру ережесі кітабына геомагнитті толқындардың әсерін жазу қажет. Бұл – уақыт күттірмейтін мәселе. Бәлкім, бұдан хабардар болған жүргізушілер де, жолаушылар да сәл де болса, аяғын аңдап басар ма еді?!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.