ЖҮРГІЗУШІ мен КОНДУКТОР олардың қызметі талапқа сай ма? Избранное

Среда, 25 Октябрь 2017 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5378 раз

Шымкент-тік қоғамдық көлік жүргізушілер мен кондукторлар форма кию талабын сақтамайды. Транспорт саласы мамандары осылай деп дабыл қағып келеді. Бұл мәселе бойынша жылдар бойы күрескенімен нәтиже шығар емес. Мамандар берген мәліметке сүйенсек, жолаушылар тасымалдайтын 30 компанияның ішінде небәрі бесеуі талаптың үдесінен шыққан.

Апта сайынғы тасымалдау компаниялармен өткізілетін жиында жауапты саладан «форма» үшін 20-30 ескерту беріледі екен. Тасымалдаушы компаниялар өз міндетін орындауға неге салғырт қарайды? Үлкен мегаполисті қалада бұл мәдениет неге сақталмай келеді? Мәселенің анық-қанығын саралап көрдік.

DSC 9400

Шымқалада 1600-ге жуық жүргізуші мен кондуктор бар

Шымкент қаласында 30 көлік компаниясы жұмыс істейді. Жалпы, 75 бағыт бойынша 1146 қоғамдық көлік күніне 250 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. 1600-ге жуық жүргізуші және осы шамада кондукторлар халыққа қызмет көрсетеді. Жүргізуші мен кондукторлардың қоғамда атқаратын еңбегі орасан деуге келеді. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін жүргізуші тұрғындарды қажетті жеріне жеткізумен қатар, қауіпсіздігін қоса ойлайды, ал кондуктор тізе бүкпей қызмет көрсетеді. Бірақ шымкенттік кондукторлар қызметтік форма киюге келгенде немқұрайлы. Мамандар бұған заңның солқылдақ тұстары себеп дегенді алға тартты. Себебі, әлі күнге дейін жауапты мамандар талапты бұзғандарға шара көре алмайды, тек ескерту берумен ғана шектеледі.

– 2014 жылға «Автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау» қағидатына «қоғамдық тасымалдау көліктерінің жүргізушісі мен кондукторлар киім-кешекпен қамтамасыз етілуі тиіс» деген өзгерістер енгізілді. Бұл тасымалдаушы компаниясының есебінен жүргізіледі. Қағидадағы өзгерістерден кейін Шымкентте қоғамдық тасымалдау көліктерінде жүргізушілер мен кондукторларға бірыңғай форма бекітілді, – дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев. 

Жаңа талаптардан кейін қаладағы автобустар мен шағын автобус өкілдері бірыңғай формаға көшкен. Жазғы үлгісі – көк жейде, қара шалбар. Жейдеге тасымалдаушы компанияның таңбасы бейнеленеді. Қыста – жасыл түсті костюм киеді. Кондукторларда жасыл түсті кеудеше кию міндеттелген. 

Міндеттелген деп айтқанымен о баста 100 пайыз қызметкерлерін формамен қамтыған компаниялар соңғы жылдары ескертуді елемейтін болған. 

DSC 9399

– «Green Bus», «Экспресс», «Санжар моторс», «Бекзат сервис», «Автоимпульс» тасымалдау компаниялары ғана толыққанды талаптарды орындауда. Қалғандарына ескерту жасаумен келеміз. Келеңсіздіктердің себебін анықтауға тырысқанымызда компания өкілдері әсіресе кондукторлар жиі ауысатындықтан форманы ретке келтіре алмай отырғандығын алға тартуда», – дейді Н. Сүгірәлиев.

Расында, соңғы жылдары өз формасымен жүрген жүргізуші мен кондукторды №35, 27, 84, 92 бағыттағы автобустардан ғана байқаймыз. Бұл тасымалдау көліктері қаламыздағы «Green Bus», ЖШС-на тиесілі. 

 

Формасыз жұмысқа кіріспейді

«Green Bus» компаниясының жолаушыларды тасымалдаумен айналысқандығына үш жылдан асқан. Мұнда қазір 300 жүргізуші мен кондуктор қызмет етеді. Әзірге өзгелерге үлгі болып келе жатқан компанияның бірегейі осы мекеме.

– Әр маманның қызмет барысында өз формасы болады. Бізде әмбебап форма қызметкерлер үшін ыңғайлы әрі тазалықты сақтауда маңызы зор. Екіншіден, қоғамдық көлік ішінде күніне қаншама жолаушылар мініп-түсетіндіктен форма өзгешелеп тұрады. Сондықтан мекемемізде таңертең жүргізуші мен кондукторға форма киюді міндеттейміз. Содан кейін ғана мамандарымыз көлігін техникалық байқаудан, өзін медициналық тексерістен өткізіп, диспетчерден қажетті құжаттарын алады, – дейді «Green Bus» компаниясы директорының орынбасары Әбдібек Үкібаев.

 

Мамандығы – мақтанышы болса...

anyqtama-84-5Республикадағы үшінші қала мәртебесіне лайық Шымкент қаласының жолаушылар тасымалы саласы мәдениетке сай болуы тиіс. Дегенмен, бұл мәселе қоғамның талқылауына салынып, «мәдениет» үшін күрестің басталып кеткендігіне аптадан асты. «Кондукторлар мәдениеттен жұрдай», «аялдамаларда айқайлайды», «жүргізушілер бейәдеп сөздер айтады» деген жолаушылардың шағымдары көбейгендіктен билік қоғамдық көлікте мәдениетті қалыптастыруға мықтап кірісті. Сала мамандары келеңсіз мәселелерге жол бермеуде билік өкілдерін автобустарға отырғызып, мәселені жан-жақты шешуге әрекет етіп жатыр. 

Қала тұрғыны Динара Боранбекқызы қоғамдық көлікте жолаушыларға қызмет көрсету сапасы апта ішінде біршама өзгергендігін айтады. «Қазір кондукторлар жолаушылармен мәдениетті түрде сөйлесіп жүр. Жүргізуші микрофон арқылы аялдамаларды хабарлайды. Бір айта кетерлігі, форма мәселесін көбісі қолға алмаған секілді. Әсіресе, шағынаудандарға қатынайтын «Газельдерден» мүлдем қызметтік киіммен жүрген жүргізуші не кондукторды көрмегенмін. Шымкентте автобусқа мінетіндер көп болғандықтан ине шаншар орын болмайды. Осы кезде формасы оларды ерекшелеп тұрады. Көп жағдайда автобустарда формасыз кондукторды жолаушылардан ажырата алмай, өзгелерге беріп ұятқа қалып жатамыз», – дейді Динара. 

Форма мәселесін «формасыз» жүрген бірнеше кондуктордан сұрадық. Олардың уәжі қаржының жоқтығына тіреледі. «Жүргізушінің киіміне кемінде – 10 мың, кондуктордың формасын тіктіруге – 5 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Тұрақты жұмысым болмағандықтан мұндай қаржыны қалтам көтермейді», – дейді №134 шағын автобустың кондукторы Ержан есімді азамат. 

Қазіргі таңда, көлік компаниялары жүргізушілерді келісімшарт арқылы жұмысқа қабылдайды. Ал кондукторларды көбіне жүргізушінің өзі іздеп табады. Олар нәпақасын жалақы күйінде емес, күнделікті қолға санап алады екен. Кондукторлардың өз кәсібіне жауапкершілікпен қарамайтыны осы себептен болар.


Түйін. Қоғамдық тасымалдау қызметінде жуырда формаға қатысты жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Салаға жауапты маман Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, жүргізуші мен кондукторлар жаңа формаға көшеді. Киімнің түсіне өзгерістер енді, оған қосымша бас киім кию міндеттелуі мүмкін. Бұл қазір көлік компанияларымен бірлесіп, талқылануда. Онда бірінші кезекте шығын келтірмейтіндей жағдай қарастырылуда.

Әр сала маманының өз формасы бекітілген. Дәрігердің – ақ халаты, құқық қорғау орғандарының қызметтік киімі, мұғалім мен теміржолшы, тіпті дүкеншінің формалары – өз мақтанышы. Осы секілді өз қызметін бағалайтын жүргізушілер мен кондукторлар әмбебап формасын мақтаныш етсе, бүгінгідей қоғам талқысына түспес пе еді...

Последнее изменение Среда, 25 Октябрь 2017 09:28
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.