Мемлекеттік рәміздер – мақтанышымыз

Пятница, 27 Октябрь 2017 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5437 раз

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы №3827 «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа мерекелер туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстанда 4 маусым күні мемлекеттік рәміздер күні мерекеленеді.

ҚР Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда референдумда қабылданды. Мемлекеттік Рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Мемлекеттік Рәміздер белгілі бір мағына берерлік өзара үйлесімде орналастырылған жанды-жансыз заттардың бейнелерінен құрастырылады. Мұндай бейнелер үйлесімінен мемлекеттің, елдің арман-мұраты, өзін-өзі түйсінуі көрініс береді. Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі, сондықтан да мемлекет адамдарға мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді. Олардың түр-түсі мен ресми қолданылу тәртібі Конституцияда немесе конституция заңда белгіленеді (бұл Мемлекеттік Рәміздерге биік мәртебе береді) және заңмен қорғалады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу азаматтардың мемлекет тәуелсіздігін құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады.

Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты - қазақстандық патриотизм, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін мақтан тұту идеяларын кеңінен дәріптеу және дамыту болып табылады.

Осыған орай жоспарланатын барлық іс-шаралар қазақстандықтардың Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранға деген терең құрмет сезімін қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздердің пайда болу тарихын, олардың мағынасы мен әрбір азаматтың өміріндегі маңызын түсіндіруге, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөліне ерекше назар аударуға,қазақстандықтар санасында басты құндылықтарымыз болып табылатын тәуелсіздік, ынтымақ пен келісім ұғымдарын бекітуге, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталуы тиіс. 

Жаңа негізі қаланған жас мемлекеттердің қай-қайсының да алғашқы жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің туын, елтаңбасын, әнұранын сайлап алу. Өйткені, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады. Еркіндікке ұмтылған елдердің бәрі де өз дауысымен сөйлеуді, өз үнімен жар салуды армандайды. Сол жұлдызды сәт туған кезде өз болмысымен тіршілік кешу мүмкіндігі пайда болғанын, саяси бостандық алғанын шын сезінеді.

 Мемлекеттік рәміздер - белгілі бір елдің өзінше өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, басқалармен байланыс-мұратын білдіретін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

"Мың өліп, мың тірілген" қазақ елінің жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етіп, өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында да төл рәміздер дүниеге келген сәттер ерекше орын алады.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділік арнасын ашып жібергендей болды. Танымал өнер иелері ғана емес, қолына қалам ұстаған мектеп оқушысынан зейнеткерге дейінгі мыңдаған отандастарымыз ойға ой қосып, өз жүрек дүрсілдерін жеткізуге асықты. Олардың арасында әр түрлі ұлт өкілдері, шетелдегі қандастарымыз бен тілеулестеріміз де бар. Үміткерлер үшін шығармашылық жарыстан аттай шауып өтудің үстіне, парламенттегі саяси сынақтан да сүрінбеу шарт болатын. Ұсынылған жобаларда жас мемлекеттің саяси сыр-сипатын, мақсат-мүддесін аңғартатын бедер-бояулар айқын көрініс табуы қажеттін. Соған орай конкурс та, парламенттегі талқылау да аса тартысты өтті.

"Жүзден - жүйрік, мыңнан - тұлпар" озды.Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет қуру идеясының жаршысы екендігі. Олар осынау ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойына дарытуға қызмет етеді.

2007 жылы 4 маусымда Астана қаласында Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық жастар форумында Президент Н.Ә.Назарбаев сөйлеген сөзінде: «Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі» деген болатын.

Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман - тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады. Еліміздің символы –мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеу - бәріміздің міндетті парызымыз болып саналады.

 

П.ШАРАХМЕТ,
Шымкент қаласы Еңбекші аудандық
әділет басқармасының инспектор іс-жүргізушісі
«Қазақстан заңгерлерінің одағы» РҚБ-нің мүшесі 

Последнее изменение Среда, 01 Ноябрь 2017 09:57
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.