Версия для печати

Аграрлық аймақтың әлеуеті жоғары Избранное

Пятница, 27 Октябрь 2017 09:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3113 раз
Оцените материал
(0 голосов)

ОҚО-да алғаш рет «AGROFEST» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті

agrofest-1

Оңтүстік – аграрлық өңір. Ырысын жерден іздейтін Оңтүстік халқына күз қоңыр-күрең түсімен ғана емес, алтын астығымен де қымбат. Жерді еміп өскен өңірдің еңбекқор халқы артық өнген әрбір дән үшін қуанады. Өйткені, ол – адал еңбектің, маңдай тердің жемісі.


Жыл басынан бері елімізде ауыл шарушылығы саласын дамыту, несиелендіру, шаруақожалықтарын біріктіріп, субсидия алу және кәсіпкерлікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейту мақсатында іргелі жобалар жүзеге асты. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өңірімізде егіс науқаны жылды жемісті қорытындылады. Бидай мен арпаның әр гектары 18,3 центнерден өнім беріп, қамбаға 400 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Оңтүстіктің қазынасы тағы 1,3 млн тонна бақша дақылдарымен толықты. Бұдан өзге, 919 мың тонна көкөніс пен 295 мың тонна картоп, 116 мың тонна жеміс-жидек астық қорын байытты. 

agrofest-2

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің бастамасымен өңірде тұңғыш рет «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі ұйымдастырылды. Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында өткен мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары бастаған жалпы 8 мыңға жуық адам қатысты. 

Фестиваль қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмені тамашалады. Мұнда озық техника үлгілері мен асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлерін халық назарына ұсынылды.

 

Оңтүстікте 640 кооператив бар

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Әр ауданның табиғи таза өнімдері нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағада сатылып, әр ауданнан әкелінген шаруалардың өнімі жалпы 182 тоннаға жетті. 

Мерекелік жиынды облыс әкімі Ж. Түймебаев ашып, сала мамандарын кәсіби меркелерімен құттықтады.

agrogest-4

– Облысымыздағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті. Импорт көлемі 320 млн АҚШ долларына жетіп, 4 пайызға кеміді. Осылайша республикада облыстың үлесі 13%-ға жетіп отыр. Ағымдағы жылы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де толағай табыстарға қол жеткізгенін байқауға болады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыста ірі қара мал саны биыл 5,8%-ға, ал қой мен ешкі 1%-ға, жылқы 19,5%-ға артқан. «Сыбаға» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 13 087 бас мал сатып алынса, «Алтын асық» бағдарламасымен 23 352 бас қой, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2 366 бас жылқы сатып алынған. Мал басын сатып алуда Оңтүстік өңірі республикада 1 орыннан көрінді. Сондай-ақ биыл облысымызда жаңадан 2 419 шағын бордақылау алаңдары мен 656 жанұялық сүт және 22 отбасылық құс фермалары, 10 балық шаруашылығы іске қосылды.

agrogest-3

– Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында кооперативтерді құру жұмысына ерекше назар аудардық. Нәтижесінде халықтың кооператив құруға деген белсенділігі артып, өңірде министрліктің талабына толық жауап беретін 158 кооператив құрылды. Бүгінгі таңда 640 коопертиві бар Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша І орынға шықты, – деді аймақ басшысы.

 

Озаттар марапатталды

«AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев ауыл шаруашылығы саласының озаттарын марапаттады. Өңір шаруалары «Озат қаракөл қой шаруашылығын дамытушы», «Озат оператор сауыншы», «Озат инвестициялық жобаны іске асырушы» және «Озат механизатор» сынды тағы 27 номинация бойынша марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Озат астық өндіруші» Нұрлан Құралов (Қазығұрт), «Озат жүзім өндіруші» Қаршыға Ақтөреева (Мақтаарал ауданы), «Ортақ картоп өндіруші» Бақытжан Төлепов (Шымкент қаласы), «Озат жылыжай өнімін өндіруші» Ергеш Турабеков (Сарыағаш ауданы), «Озық технологияны ендірген шаруашылық» Юрий Ан (Шардара аудана) өз саласында үздік көрсеткішке ие болып, озаттар қатарынан көрінді. Ал аудан-қалалар арасында сүт, ет өндіру, тамшылатып суғару, жеміс-жидек өсіру, көкөніс, мақта, астық жинау сынды 15 бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ орын үздіктері анықталып, сый-сияпат табысталды.

agrogest-5

Фестиваль аясында облыс орталығында аудан күндерін өткізу шарасы да қорытындыланып, Сарыағаш ауданы І орынды иемденді.

Мерекелік шара барысында мықтылар орталық атшабарда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақтан және қазақ күресі, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты. Әр ауданнан жиналған білектілердің бәсекесі тартысты өтіп, үздіктерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. 

agrogest6

«Наурыз» алаңының төріне жағалай тігілген 16 киіз үй бас сұққан қонағын қошеметтеп қарсы алып, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм ұсынды. Фестиваль соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.

Последнее изменение Пятница, 27 Октябрь 2017 09:53
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.