×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Айбынды елдің ұланымыз Избранное

Среда, 08 Ноябрь 2017 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4143 раз

Биыл 16 мың жас ҚР Қарулы Күштерінің қатарын толықтырмақ

Қазіргі таңда ел аумағындағы қорғаныс істері жөніндегі жергілікті басқармалар қызметінде қарбалас шақ. Себебі, мұнда ел азаматтарын Қазақстанның Қарулы Күштеріне мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны белсенді түрде жүріп жатыр. Мерзімді әскери қызметке шақырылушылар Қарулы Күштер қатарын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Мемлекеттік Күзет және Ішкі істер министрлігінің ұлттық Ұлан гвардиясының қатарын толықтырмақ.


DSC 0762

Күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде Шымкент қалалық қорғаныс iстері жөніндегі басқармасынан 400-ге жуық азамат әскер қатарына жолданатын болады. Қазір олардың денсаулықтары тексерілуде. Сонымен қатар, жауынгерлік дайындықтары да пысықталып жатыр.

– Жоғары жауынгерлік дайындық жүргізу – біздің басты қағидамыз. Айбынды әскерді жасақтауда санға емес, сапаға мән беріледі. Дегенмен, әскерге шақырылушылардың ынта-ықыласы аса жоғары, – дейді Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы Әбдіғабит Шегебаев.

DSC 0777Айта кететін жайт, азаматтарды Қарулы Күштердегі мерзімді әскери қызметке және өзге де әскери құрылымдарға күзгі шақыру алғаш рет қыркүйекте басталып отыр және бұл жұмыстар желтоқсан айының аяғына дейін жалғаспақ. Науқан мерзімінің 1 айға дейін ұзартылуы медициналық және арнайы тексерулерге кететін уақытпен байланысты болып отыр. Нәтижесінде, 4 ай бойы жергілікті тұрғындарының санына сәйкес бөлінген квота бойынша 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар толық медициналық тексеруден өтеді. Заң бойынша әскерге барудан себепсіз бас тартқандар екі жыл бас бостандығынан айырылады немесе 2 миллион теңгеге дейін айыппұл төлемек. Бұл орайда, шақырылушының қандай да бір мәселеге байланысты сауалы болса, Қорғаныс министрлігінің «жедел желідегі» 9898 (Activ және Kcell абоненттері үшін Қазақстан бойынша тегін) байланыс нөміріне хабарласуына болады. Жауапты лауазымды тұлғалар азаматтардың қызығушылығын тудырған сауалдарына жауап беріп, түсіндіреді. Тіпті, қажетті кеңестерді алуға да болады.

Қалалық Қорғаныс басқармасында арнайы тексерулерден өтіп жатқан жастардың қарасы көп. Әдетте, әскерге шақырылғандар 14 түрлі медициналық тексеруден өтеді. Мамандардың айтуынша, азаматтарды іріктеу барысында салмаққа байланысты түйткілдер көптеп кездеседі екен. Яғни, бірінің салмағы аз болса, келесісі артық салмақтан зардап шегеді. Тепсе темір үзетін жігіттердің ішінде жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққандар да жетерлік.

– Көздің нашар көруі, аяқтың жалпақтабандығы, сонымен қатар, терапевтік және хирургиялық аурулар да жиі кездесіп жатыр. Оның барлығын біз тыңғылықты тексеріп жатырмыз, – дейді дәрігер-терапевт Күләндә Қылышбаева.

Бұдан бөлек, болашақ жауынгерлер психологиялық тест тапсырып, олардың суицидке қаншалық бейімділік деңгейі анықталады. Сонымен қатар, шақырылушы зиянды әдеттерден аулақ болуы қажет. Салауатты өмір салтын ұстануы шарт. Демек, еңбекқор, елжанды, отбасылық құндылықтары берік, азаматтық деңгейде ойлайтын адам болуы тиіс. Сол себепті, шақырылушы бұрын есірткі заттарын пайдаланғаны не пайдаланбағаны туралы тестілеуден өтеді. Есірткіге еліктеуі анықталса, онда ол азамат әскерге алынбайды.

shymkala-88-5

Биылғы күзде Қарулы Күштер және Қазақстанның басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары қатарына 1990-1999 жылдары туған 16 мың жасөспірім әскери міндеттерін өтеуге шақырылады деп жоспарлануда. Ал жауынгерлік парызын өтеуден тек отбасылы болып, 1 баланың әкесі атанғандар мен жасы 27-ден асқандар ғана босатылады. ЖОО-да әскери кафедра бітіргендер мен ақылы әскери мектепті тәмамдағандар сарбаздық міндетін атқарған болып есептеледі.

Қалыптасқан үрдіске сай, шақырылушы әскери қызметін өтеу үшін алыс қашықтағы аймаққа жіберіледі. Әскер қатарын толықтыратын жас азаматтарды іріктеу және әскери бөлімдерге тарату кезінде олардың шақырылымға дейінгі алған мамандықтары ескеріледі. Бұл ретте, әскерге шақырылушының дені сау, бойы 160 сантиметрден төмен болмауы тиіс.

 

zhomart-1Жомарт НЫСАНБАЕВ,
әскер қатарына шақырылушы:

Әскери борышты өтеу – азаматтық парызым

– Дені сау, қажырлы азамат ретінде, мен де әскери борышымды өтеуге ниеттімін. Бүгінгі Қазақстанның әскері – қуатты, кемелденген, озық үлгідегі ұрыс қаруларымен жабдықталғанын естіп, біліп те жүрміз. Батырлығымен даңқы алысқа ұзаған ата-бабаларымыздың жолын қуып, бүгінгі бейбіт күнде шекара шебінің үздік қорғаушысы болғым келеді. Бойымда жастық жігерім, асқақ мұратым барда ел дамуына өз үлесімді қосуды қалаймын. Отан алдындағы борышты өтеуді әр азамат парызым деп түсінгені жөн.