Алғысқа бөленген алаштың азаматы Избранное

Среда, 15 Ноябрь 2017 06:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4775 раз

Белгілі қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов – 70 жаста. Оңтүстік өңірі ғана емес, Қазақстанның даму тарихында есімі ерекше аталатын тұлғаның жүріп өткен жолы өнегеге толы. Жетпіс жылдық ғұмырында – Қуаныш Айтаханов жастарды, партияны, ауданды да басқарды, Сенаторлыққа көтерілді. Әр аймақта Айтахановтың қалдырған өз қолтаңбасы мен ізі бар.

nemereler

Бала Қуаныш...

Бала Қуаныш мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде зерек, білімпаз болып өсті. Пионер ұйымында отряд кеңесінің төрағасы, 6 сыныптан пионерлердің дружина советінің төрағасы болды. Жігері жалын жеткіншектің қаламынан шыққан туындылары аудандық газетте жиі жарияланатын. Бұл қиялы ұшқыр Қуаныштың журналист болам деген арманына қанат бітіріп, болашақ мамандығына таңдау жасап қойған-тын. «Кеңес» атындағы 7 жылдық мектепті үздік бітірген жылы анасы Омарбекова Айжамал Момбек келіні кенеттен қайтыс болып, тағдыр оның жолын өзге арнаға бұрады. Туыстарының «ертерек жоғары білім алып, шаңырағыңа ие болғаның дұрыс» деген ақылын мақұл көрген ол Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына түседі. Оны үздік бітіріп, туған өлкеге оралып, веттехник болып қызмет атқарады. 1970 жылы Скрябин атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Мәскеу Ветеринария Академиясын қызыл дипломмен тәмамдайды.

aizhan omirzhan

Студенттік шақ...

Қуаныш Айтаханов техникумда, Ветеринария Академиясында үздік оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, техникум комсомол комитетінің бюро мүшесі, хатшысы, аудандық комсомол комитеті құқы бар Академия комсомол комитетінің бюро мүшесі, хатшысының орынбасары қызметтерін атқарып, студент жастардың көшбасшысы қатарында жүрді. Академияның комсомол комитетінде идеология саласы мен шетел студенттерімен жұмыс істейтін секторға басшылық жасады.

Алғырлық, білімге құштарлық, еңбекқорлық студентті сол кездің өзінде биік белестерге жеткізді. Ол үздік оқумен қатар ғылыми жұмыстарымен айналысып, 1967 жылы Мәскеу қаласының Жданов аудандық партия комитеті бюросынның шешімен КПСС-қа мүше болып өтті. Ол кезде КПСС қатарына студент-жастардың өтуі өте қиын болатын. Академияда комсомол комитетіндегі белсенді қызметтері үшін Мәскеу қаласы комсомол комитетінің грамотасымен марапатталды. Ол оқып жүргенде Мәскеуде оқитын қазақтардың басын қосып, «Арман» деген ұйым құруға атсалысты. Мұндағы мақсат – әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, Мәскеудегі қазақстандық жастардың басын қосып тұру еді.

 

Ғани Мұратбаевтың рухын тірілтті

Айтаханов жетекшілік жасайтын «Арман» ұйымы небәрі 24 жасында жастардың коммунистік интернационалын басқарып жүріп, 1925 жылы Мәскеуде қайтыс болған қазақ халқының аяулы перзенті Ғани Мұратбаевтың жерленген жерін іздеуге кіріседі. Аласапыран заманда көз жұмған жастар көсемінің рухына тәу етіп, басына ескерткіш орнатсақ деген ойда болады. Ол кезде Ғани Мұратбаевпен қызметтес болған адамдардың, комсомол ардагерлердің қатары аз еді. Соларды тауып, зиратқа келгенде тіпті төмпешік те жоқ, тегістеліп кеткенін көреді. Көрнекті қайраткердің ұмыт қалдырылуы жанына батқан жастар ақылдаса келе тиісті орындарға хабарласып, мәселе көтереді.
Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің алдына жеткен мәселеден нәтиже шығып, 1971 жылы Ғани Мұратбаевтың басына ескерткіш қойылады.

 

shymkala-6Мәскеуде өткен той

Есімі елге танымал Қуаныш Айтахановтың жары Айман Мағзиқызымен танысып, тойының Мәскеуде өтуінің қызықты тарихы бар. 

– Құдай қосқан қосағым Айманмен 1967 жылы таныстық, оқуға Павлодардан келіпті. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Ол 1 курсқа келгенде, мен 2 курста оқитынмын. Содан төрт жылдай бірге оқып жүріп, үйлендік. Мәскеуде төрт жыл жүріп, бір-бірімізді терең зерттеп, түсінісіп, соңы үлкен махаббат сезіміне ұласып, ауылға келдік. Айманның туған күні 1 мамыр, сол туған күнге қарсы сыйлық ретінде той жасадық. Тойдан кейін 2 мамыр күні Мәскеуге ұшып кеттік. 

Мәскеуде бірге оқыған курстастарымыз, жора-жолдастарымыз той жасаңдар деп қолқалайды. Тіпті өздері тойдың ақшасын да жинап қойыпты. Ал енді той жасайтын орын таба алсақшы. Бүкіл Мәскеу бойынша бірде-бір асхана не мейрамхана қуанышымызды атап өтуге келіспейді. Мұның да өзіндік себебі бар. Сол жылы 22 сәуірде Лениннің 100 жылдығы бүкіл Одақ бойынша үлкен мерекеге ұласқан болатын. Бұл мерекеге әлем елдерінің басшылары мен коммунистік қозғалыстың басшылары жиналған. Соған байланысты Мәскеу қалалық атқару комитеті Лениннің 100 жылдығын мерекелеудің алды-артында Мәскеудің асханалары мен мейрамханаларында басқадай жиын-тойлар өткізілмесін деген шешім шығарған. 

Сонымен не керек, Мәскеумен шекаралас, шамамен алты шақырымдай жерде Люберецк деген қала бар еді, сол жерде бір асхананы жалдап, тойымызды сонда өткіздік, – деп өткенін жымия еске алды.

 

Туған өлкеге қызмет

nagradalar

1970-1973 жылдар Қуаныш Айтаханұлы бұрынғы Алғабас ауданының ХХІІ-партсъезд атындағы кеңшардың бас мал дәрігері болып қызмет атқарды. 1973 жылы наурызында Шымкент облыстық партия комитетіне нұсқаушы, осы жылдың маусым айында Шымкент облыстық комсомол комитетінің ІІ-хатшысы болып сайланады, ал 1983 жылы Алматы жоғары партия мектебін политолог мамандығы бойынша үздік бітіреді. 1975 жылы партия хатшысы Қазығұрт аудандық партия комитетінің 2 хатшысы болып сайланғанда 28 жастағы жігіт еді. Айтахановтың тәуелсіздік жылдарға дейін дейін Шардара, Қазығұрт, Арыс аудандарын басқарудағы еңбегінің өзі бір дастан.

1991 жылы Коммунистік партия тараған кезде ол Арыс қалалық кеңесінің төрағасы, Арыс қаласының бірінші әкімі болып қызмет атқарды. Қуаныш Айтахан-ұлы Хрущевтің солақай саясаты кезінде 1962 жылы тарап кеткен Арыс ауданын 26 жыл өткеннен кейін 1988 жылы қайта құрып, оның әлеуметтік, экономикалық, мәдени-тұрмыстық жағдайын көтеруге үлкен үлес қосты. Арыста жүргенде ел басқарудың қазақы рәсімін қайта жаңғыртуға барынша күш салып, ауыл биі, төбе би деген сияқты институттар енгізеді. 1993 жылы аудан әкімі облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады.

 

Сергек сенатор

shymkala-7

1990 жылы наурыз айында өткен 12-ші шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сайлауында Қ.Айтаханов Арыс ауданы сайлау округі бойынша Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланады. Бұл сайлау республика тарихындағы алғашқы баламалы сайлау болды. 12-ші шақырылған Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаттық корпусының жұмыс істеп, өмір сүрген уақытының өзі тарихи кезең болды. Республикадағы күрмеуі көп, күрделі оқиғалар осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Атап айтқанда, Жоғарғы Кеңес Одақ құрамындағы Қазақстанның Егемендігі декларациясын қабылдады. Содан кейін араға бір жыл екі айға жетер-жетпес уақыт салып, 1991 жылы 16 желтоқсанда «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау да осы Жоғарғы Кеңестің еншісіне тиді. 1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. 

Қуаныш Айтаханұлы бастаған бір топ Жоғарғы Кеңес депутаттарының бастамасымен, тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара, Арыс, Отырар, Түркістан, Созақ аудандары Арал теңізінің экологиялық апатты аймақ болып қабылданған заңға енгізіліп, бұл аудандар апат алдындағы аймақ болып айқындалып, нәтижеде бұл өңірдің тұрғындарының еңбекақы мен зейнетақысына 20% қосымша үстеме қосылды, зейнеткерлікке шығу жасының 5 жылға қысқартылды және т.б. көптеген әлеуметтік жеңілдіктерге ие болды. 

1990 жылы білікті әрі тәжірибелі азамат Созақ, 1999-2003 жылдары Сайрам, 2003-2005 жылдары өзінің туып-өскен тарихи отаны Отырар аудандарының әкімі болып қызмет етеді. 

Қуаныш Айтаханұлы 2005 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, 2011 жылдың тамызында Парламент Сенатының депутаты болып қайта сайланды. 

Қ.Айтаханов палатаның және палаталардың бірлескен отырыстарында заң жобаларын талқылау барысында Үкімет басшысы мен мүшелеріне 176 рет сұрақ қойып, 142 заң жобалары бойынша сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. 34 рет заң жобалары мен Парламенттің тыңдауларында, дөңгелек үстелдерде баяндамашы болды.

Қуаныш Айтаханұлы жұбайы Айман Мағзиқызы екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеп, олардан немерелер сүйіп отырған үлгілі отбасы. Қызы Айгүл – тұрмыста, дәрігер, 4 перзенттің анасы. Үлкен ұлы Ерлан – Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, Отырар ауданының әкімі. Екінші ұлы Нұрлан – заңгер, Лондон қаласында халықаралық құқық компаниясында жұмыс істейді. Балдай тәтті немерелері университет, мектептерде оқиды, балабақшада тәрбиеленуде.

Елге аянбай еңбек еткен Қуаныш Айтаханов жүріп өткен жолын тарызылай қарағанда жүрек тыныштығын сезінеді. Өйткені, оның қалдырған ізі тарихтың үлкен белестерінде, халқының жүрегінде мәңгілік сайрап тұр.

Последнее изменение Среда, 15 Ноябрь 2017 11:14
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.