Версия для печати

«Ал, Бастарбек, баста!» Избранное

Среда, 29 Ноябрь 2017 06:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4192 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Президентпен кездескен кейіпкеріміздің тағы бірі – Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің ОҚО филиалының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Бастарбек Пірімбетов.

DSC 1726

– Бастарбек Пірімбетұлы, Елбасымен ең алғаш қашан кездестіңіз? Оңтүстік өңіріне жасаған сапарларындағы жүздесулеріңіз туралы айтып өтсеңіз...

– 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Облыс әкімі М.Үркімбаев, мәдениет басқармасының басшысы 

Х.Есенқараева еді. Н.Әбішұлын Президент болғаннан соң ең алғаш рет сол жылы Дендрологиялық саябақта концерттік бағдарлама қойып күтіп алғанбыз. Келесі жылы Оңтүстікте 3 елдің басшылары кездескен. Қазіргі «Мирас» университетінде сол президенттердің қол қою рәсімі болған. Ислам Каримов, Асқар Ақаев, Нұрсұлтан Назарбаевтың әңгімесін тыңдап отырдық. Бұдан кейін де бірнеше рет Елбасымен дастарқандас болдық. Ол кезде жылына бір рет қана келетін, қазір, өздерің білесіңдер, Президент өңірімізге жылына 2-3 рет келеді.

DSC 1737

– Елбасының өзіңіз басқарған Ж.Шанин атындағы театрға келген кездесуіне тоқталыңызшы...

– Театрға президенттің өзі келеді дегенде Асқар Мырзахметов «Экскурсияны өзіңіз жүргізесіз. Бар жағдайды айтасыз. Мүдіріп қалмаңыз» деп дайындаған. Сосын біз де жақсылап дайындалдық. Шын мәнінде де ол өте жауапты іс. Бір апта бойы пысықтадық. 

Сонымен кездесетін күн келді. Көлігі көріне бастады дегеннен кішкене қобалжи бастадым. Кейін қасыма жақындады. Барып қолын алдым. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен Ж.Шанин атындағы драма театрының директоры Бастарбек Пірімбетов» деп едім, «Ал, Бастарбек, баста» деді. Содан көңілім жайына түсіп, бірнеше жылдан бері білетін адам секілді еркін сезіне бастадым. Сөзімнің барлығын айттым. Елбасы да «Мынаны олай істеу керек, мынаны былай істеу керек. Мынау жақсы болыпты» деп оң бағасын берді. Қайтар кезде «Сендерге осындай театр салып бердік, енді жақсылып жұмыс істеңдер» деп қолымды қысты да көлігіне отырып кетті. Бар болғаны осы. Кездесуден кейін әкім «Сіз Елбасын күнде көріп жүрген секілді сөйледіңіз ғой» дейді. Туыстарым «Галстуктарыңды да бірдей етіп тағып алыпсыңдар» деп әзілдеген. Негізінде ол сәйкестік болған. 

Елбасының қасында жүріп оның жан-жақтылығына қатты таңғаламын, қызығамын. Өлең айтады, теннис ойнайды, домбыра тартады, суда жүзеді. Тіпті кейбір мықты әншілерге «Ол өлеңді былай айтады» деп түзеп жіберген кездерін де көрдік. Әйтпесе, ауылда өскен қойшының баласы ғой. Осы қасиеттеріне қатты қызығып алғашқы немерімнің атын Нұрсұлтан қойдым. Қазір 3 курста оқиды.

 

– Рахмет!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.