Балмаржан Нарбекова: «Бақытты елдің жастарымыз»

Пятница, 01 Декабрь 2017 17:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 94 раз

balmarzhan n 94– Елбасы Оңтүстікке жиі келіп тұрады. Сондай іс-сапарының бірі Шымкенттегі Тәуелсіздік монументінің ашылуына орайластырылды. Есіңізде болар...
– Әлі есімде, 2009 жылдың 22 қыркүйегі болатын. Ол кезде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жоғарғы курс студентімін. Бір күні Әли Әбдікәрімұлы (сол кездегі ОҚО әкімінің орынбасары Әли Бектаев – ред.) ағамыз бір топ студентті шақырып алды. Оқуымыз туралы сұраған соң бірден сұраққа көшті:
– Елбасымызды кім жақсы көреді?
Бір-бірімізге қарап алдық та: «Бәріміз жақсы көреміз!» деп жарыса жауап бердік.
– Олай болса бұл сұраққа әрқайсысың жеке жауап бересіңдер, – деді күліп.
Кезек маған да жетті. Осы тұста айта кетейін, Әли аға үлкен басшылардың бірі болғанымен, кіммен болса да тіл табыса білетін. Өте қарапайым, кішіпейіл ағаның алдында өзімді еркін ұстадым.
– Қане, Балмаржан, Елбасымыз туралы ой-пікіріңді тыңдайық...
Осылайша өз ойымда жүрген толқынысымды жеткізуге тырыстым. «Жол картасы» бағдарламасы сол жылдары алғаш рет жүзеге асырыла бастаған еді. Әсіресе, жастарға көп көңіл бөлінді. Мысалы, түрлі қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер құрылды. Жетім балаларға жағдай жасала бастады. Олардың біразы баспаналы болды. Жоғарғы оқу орнында ақылы оқитын жастарға қосымша гранттар бөлініп, көптеген жас қуанышқа кенелді. Солардың бірі мен едім.

Ақылы оқып жүрген кезімде мемлекеттен бөлінген қосымша грантқа ие болдым. Айтқандай, білім грантының сертификатын Түркістан қаласында сол кездегі білім министрі, қазіргі облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ағамыздың қолынан алдым. «Жастар практикасы» да сол жылдары қолға алына басталған болатын. Өзіңіз қараңызшы, оқуын тәмамдаған, әлі ешқандай тәжірибесі жоқ жас маман 6 ай бойы жұмыс істеп, аз да болса жалақы алады. Сол уақытта өзін-өзі көрсете алса, ары қарай тұрақты жұмысқа да орналасуына мүмкіндігі бар. Бұдан артық не керек?

Мені мұқият тыңдаған Әли Әбдікерімұлы «енді осы ойыңды жақсылап қағаз бетіне түсір» деді. Бір топ жастың арасынан Елбасының алдында сөз сөйлеу құрметіне ие болғанымды сол кезде бір-ақ түсіндім.
...Әлі есімде, ескерткіш ашылатын күннің қарсаңында ауа райы бұзылды. Сол күні де түске дейін жаңбыр себелеп жауып тұрды. Салтанатты іс-шараның уақыты да жақындады. Сенесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы келетін шақта дәл сол монументтің үстіндегі аспанның алақандай тұсы ашылып, жаңбыр басылып қалды! Құдайдың құдіреті осы болар, сірә.
...Сонымен, бір кезде адымдай басып келе жатқан Елбасыны көрдім. Көргеннен толқи бастадым. Бірақ, Президентіміздің халықпен қол беріп амандасып, қарапайым сәлемдесіп келе жатқанын көріп, сабырға келдім. Белгілі қаламгер Байдулла Қонысбек ағамыздан кейін сөйледім. Осы уақытқа дейін дайындалған сөзімді мүдірмей айтып шықтым. Өзімнің сөзім емес пе, еш жерінен қателеспедім. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы маған қарап тұр. Сол сәттегі жүзіндегі жылу әлі есімнен кетпейді.

– Атың кім болады, айналайын?, – деп жылы ықыласын білдірді Елбасы. – Жарайсың! Өркенің өссін! – деп батасын берді.

Осы екі ауыз сөзді ешқашан ұмытпаймын. Жадымда мәңгі жатталып қалды. Сол кездесуден кейін Елбасымыз секілді менің де туған еліме қызмет еткім келді. Халқыма, Отаныма өз еңбегімді сіңіруді мақсат тұттым. Міне, содан бері халыққа қызмет жолында жүрміз.

Қазақтың «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» деген сөзі бар емес пе? Елбасымен жүздесу сәті, бір ауыз тілдесу бақыты маған да бұйырыпты. Біз секілді жастарға бар жағдайды жасаған Елбасыға рахмет! Бүгінгі таңда жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік бар. Сол кезде тұлымы желбіреген студент едім, бүгінде жауапты қызметкермін, инабатты келінмін. Асыл жар, аяулы анамын. Ең бастысы, ата-анамның, халқымның ерке қызымын!


 

Балмаржан Нарбекова,
облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы

Последнее изменение Пятница, 01 Декабрь 2017 18:11
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.