Азаматтардың арызы кешенді түрде қаралады

Четверг, 07 Декабрь 2017 11:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 190 раз

Шымкент қаласында «Құқық қорғау қызметтер орталығы» ашылды. Бұған дейін облыстық Прокуратураға жыл сайын 25 мыңнан астам азаматтың арызы түсіп, олардың басым бөлігі құзыреттілігіне қарай тиісті мекемелерге жолданатын. Бұдан былай осы орталықтағы 11 сала мамандарының кешенді түрде қызмет көрсетуімен сол мәселелер жедел түрде шешімін табады.

 

probastsialik-sentr-2

 

Нысанның ашылу салтанатына ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, қала әкімі Нұрлан Сауранбаев және «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиал басшылары, ардагерлер, құқық қорғау саласының жетекші мамандары қатысты.

 

probastsialik-sentr

 

– Халықтың арыз-шағымын жедел қарау, азаматтардың құқығын қорғап, мемлекеттік органдарға сенімін арттыру мақсатында мұндай орталық Бас Прокуратурада және әр облыста ашылып, тиімділігін көрсетіп отыр. Орталық жергілікті тұрғындардың өтінішін жан-жақты қарап, толыққанды жауап беріп, түпкілікті шешімін табуына ықпал етеді. Оңтүстікте ашылған орталық та бұл бағытта жетістіктерге жетеді деп сенемін, – деді Бас Прокурор орынбасары құттықтау сөзінде.


Өз кезегінде облыс әкімі Ж.Түймебаев игі бастаманың елге қандай қызмет көрсететініне тоқталды.

 

– Біршама жұмыстың нәтижесін жинақтап «Нұр Отан» партиясының ғимаратында «Құқық қорғау қызметтер орталығын» ашуды жөн көрдік. Сот қызметі, прокуратура, жергілікті полиция, облыстық әкімшілік, ішкі істер департаменті азаматтар үшін бір жерден табылады. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Біз халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпауымыз тиіс» дегені бар. Сондықтан ашық әрі бірге жұмыс істеу барысында азаматтардың құқығын қорғап, осы саладағы наразылықтарды азайта алсақ, жұмысымыз ілгерілеп, жемісін береді. Алдағы уақытта облыс әкімдігі Бас Прокуратурамен бірлесе отырып «Отбасы, балалар және жастар басқармасын» ашу жобасын жоспарлауда, – деді Жансейіт Қансейітұлы.


«Құқық қорғау қызметтер орталығында» адвокат, медиатор, сот орындаушысы, психолог, сынды мамандарға да арнайы кабинет қаралған. Орталық жергілікті полиция қызметі, қылмыстық атқару жүйесі Департаменті, әкімдік және кіріс Департаментінің мамандарының қызметімен пробация, салық және қылмыстық істер бойынша арызданушылардың құқықтарын қорғайтын болады.

 

probastsialik-sentr-3

– Орталықта азаматтарды құқықтық мәселелер бойынша тәжірибелі прокурорлар қабылдайтын болады, – дейді орталық басшысы Б. Байнеев.


Мұнда келген адамның мәселесі барлық орган өкілдерінің қатысуымен кешенді түрде шешілмек. Адвокаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеру процестерінде азаматтардың мәселесін шешуге, арыз-шағымдарын жазып беруге көмектеседі.

 

probastsialik-sentr-4

Күнделікті азаматтарды қабылдайтын мамандар кестеге сәйкес мемлекеттік мекемелер тарапынан қамтамасыз етіледі. Орталық Бейбітшілік көшесі, №3 үй, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратында орналасқан.

 

Жұмыс күндері – дейсенбіден жұмаға дейін, сағат 9:00-ден кешкі 18:30-ға дейін.
Түскі үзіліс уақыты – 13:00 – 14:00 аралығы.


Фото: Самат МЫРЗАЛИЕВ

Последнее изменение Четверг, 07 Декабрь 2017 11:32
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.