Ономастика: жер-су атауларын жаңғыртуға басымдық беріледі Избранное

Пятница, 08 Декабрь 2017 05:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4952 раз

Қаладағы бірқатар көшелер, шағынаудандарға жаңа атаулар беру – өзекті мәселе. Бүгінде қалада шағынауданның атауын заңдастыру, атауы жоқ көшеге және атауы қайталанатын  көшеге атау беру бойынша 335 ұсыныс жоба дайындалыпты. Әл-Фараби ауданындағы Забадам елдімекені «Көркем», «Бадам» тұрғын алабын «Береке» деп аталмақ. Абай ауданындағы «Фабричная» көшесінің атауы Балқаш болып өзгертілмек. Бұл – әзірге ұсыныс жоба. Негізінен, жер-су аттарына басымдық берілген. Ал кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу бар.

zhol 97

Елдімекендердің атауын өзгерту – маңызды іс

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен, жер-су атауларында жатыр. Жаңа атаулар елдігімізді, руханиятымызды танытып тұрса игі. 

Әсілінде, бір көшенің атын өзгерту немесе жаңарту өте күрделі іс. Көшеге атау беру жұмысы төрт сатыдан тұратынын бұған дейін жаздық. Жергілікті аудан әкімдігі, қалалық мәслихат, республикалық комиссия, әділет органының келісімінен кейін, осы төрт инстанциядан өтетінін егжей-тегжейлі жазылды. 

– Ономастикаға жаны ауыратындар – ұлтқа жаны ауыратын адамдар. Қазір дүниетаным өзгерді. Біз бабалардың жолын ұстай алмадық. Облыс, аудандарда жер-суға адам аттары қойылып кетті. Бұрынғы уақытта бізде ауданның көлеміндегі нысандарға адамның аты қойылмаған. Кісі есімдері тек қана микротопонимдерге берілетін. Осы дәстүрден айырылдық. Біз таяу уақытта коммунистердің атының бәрін өшіреміз. Қазірден бұл мәселеге даярлық жасауымыз керек, – деген еді филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Оңтүстік өңірдегі ономастика мәселелері» атты аймақтық конференцияда.

 MG 5889

335 ұсыныс-жоба дайындалды

Таяуда осы мәселеге байланысты көпшілік тыңдау өтті. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұлов пен облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қасым Ағабеков біраз жұмыстардан хабардар етті. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елдімекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 Қаулысының нормаларына сәйкес, қаладағы 28 шағынауданның атауын заңдастыру, атауы жоқ 220 көшеге және атауы қайталанатын 73 көшеге атау беру бойынша барлығы 335 ұсыныс-жоба дайындалған. 

Шағынаудан атауларын аудандар бойынша жіктесек, Абай ауданы – 7, Әл-Фараби ауданы – 9, Еңбекші ауданынан 12 ұсыныс дайындалған. Ал көше атауларына келер болсақ, Абай ауданы – 33, Әл-Фараби ауданы – 41, Еңбекші ауданы – 42, Қаратау ауданынан 191 ұсыныс бекітілген.

Жалпы, аталған ұсыныстар бойынша Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандары әкімдіктері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хаттамалар түзілген. Әр көше тұрғындарымен жиналыс өткізілген, жергілікті тұрғындармен келісілген.

 

Батырларымызды, қайраткерлерімізді дәріптей білейік

«Халық – дана, халықтан білгір ешкім жоқ. Жалпы, жер-су аттарын қоюға келгенде халықпен ақылдасу керек. Біз бұрынғыларды еске ала отырып, кейінгі ұрпаққа мәңгі ел болып қалуды ойластырғанымыз жөн. Менің бір ұсынысым – облыс орталығына Абылай хан, Жәнібек, Керей сынды хандардың, одан бөлек, эпос-жырлардағы Алпамыс, Қобыланды батырдың, Еңлік-Кебектің құрметіне де көше берілсе. Бұның жастарға берер тәрбиелік мәні зор». Профессор Әмір Мұсақұлов былтыр осындай ұсынысын жеткізген. Сараптаудан өткен еңбектерді көп таралыммен аудан-ауылдарға жіберіп, сол жердегі халыққа түсіндіру керегіне назар аудартқан еді. 

Әл-Фараби ауданының әкімдігінде өткен көпшілік тыңдауда да бірқатар ұсыныстар, талап-тілектер айтылды. Бірінші болып сөз алған Самал-2 шағынауданының тұрғыны Шаруа Пірмат жедел жәрдем шақыруда бірқатар қиындықтар барын айтты. 

– Қалада атауы жоқ көшелер әлі де бар. Жаңа шағынаудандарда көшелердің аты берілмеген. Қаланың аумағы үлкеюіне байланысты қайталанып отыратын көшелер де кездеседі. Жалпы, көшелердің атына, шағынаудандардың атауына жақсылап қарау керек. Мәселен, Самал 1, Самал 2, Самал 3 деген сияқты цифрлармен қойылғанда да шатасулар бар. 

Біз тұратын аумақты Самал 2 деп атайды. Бұрын Солтүстік-батыс деп аталған. Көшелерге қаланың картасы қойылмаған. Шағынаудандардың шекарасы көрсетілмеген. Осы мәселелер тұрғындарды қинап жүр. Осыған мән берсеңіздер,-дейді ол. 

Ал Ақжайық шағынауданының тұрғыны М. Әбдіхалықов кісі есімдерін мейлінше шектеу деген мәселе бойынша нақты критерийлер дайындау керек дейді. Одан кейін саябақтарға соғыс ардагерлерінің аты берілсе деген ұсынысын айтты.

Әрине, көшеге ат берудегі негізгі мақсат кейінгі жастарға өнеге, үлгі болсын деген ниет қой. Ең алдымен мемлекеттің дамуына еңбегі сіңген, қайраткер адамдардың аты қойылуы керек. Қалада М. Мәметова, Ә. Молдағұлова көшесі бар. Ендігі ретте Абылай хан, М.Әуезов, С.Сейфуллин сынды дара тұлғалардың атын үлкен даңғылдарға берер сәт жетті. Қала тұрғындарының пікірі осыған саяды. Өзіміздің тарихи тұлғаларымызды дәріптей білген жөн. Орталық саябақты Д.Қонаевтың атымен атасақ деген ұсыныстар да болды. 

Сондай-ақ, көпшіліктің пікірінше, әр көшеге мемориалдық тақта орнатуылуы тиіс. Ол – жастардың өз тарихын танып білуге қызықтырады.

 

Кісі есімдерін беруде нақты ережелер дайындалуда

Қала аумағы үлкеюде. Мәселелер де күрделене түсері заңдылық. М. Базарқұловтың айтуынша, дайындалған 335 ұсыныстың бәрі де жергілікті тұрғындардың келісімімен жүзеге асқан. Кісі есімдерін беру бойынша 200-ге жуық ұсыныс түсіпті. 

Тағы бір мәселе – бұрынғы шағын көшелер қазір даңғылға айналып кетті. Облысқа және еліміздегі танымал қайраткерлердің айырмашылығын нақты бекіту жөнінде ережелер қарастырылып жатқаны мәлім. Нақты ережелер бекітілгеннен кейін кісі есімдерін беру үрдісі одан әрі жалғаспақ. 

Алда ақпараттық тақталар, шағынаудандардың шекарасын анықтайтын тақталарды қою ісі де жанданбақ. Осыдан 4-5 жыл бұрын орталықтағы шағынаудандардың шекарасына тақтайшалар ілінген-тін. Уақыт өте келе ол жұмыстар тоқтап қалды. Сырттан келетін адамдар үшін де ұғынықты болуы керек.

Бөлім басшысы осындай мәселелерге қатысты түсініктеме беріп өтті. Жалпы, 2010 жылға дейін аудандық, қалалық деңгейдегі ономастика комиссиясы жұмыс істеген болатын. Қазір тек облыстық және республикалық комиссия ғана бар. 

Сонымен бірге, кісі есімдерін мейлінше шектеу деген мәселені дұрыс түсінгеніміз жөн. Қаланың бас жоспары өзгеруіне байланысты қалаға Сайрам, Төлеби, Ордабасы ауданынан елдімекендер қосылды. Сол кезде бір атау 33 рет қайталанатын жағдай кездесті. Мәселен, орталықтағы Б.Момышұлы көшесі Қайтпас-1 елдімекенінде бар. А.Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Хамза сияқты көше атаулары да көбейген. 

Бұл мәселе уақыт сәтімен, кезең-кезеңімен шешілмек. Дегенмен, қазір жер-су аттары көбірек беріліп отыруының себебі осы.

 

Жаһандануға төтеп берудің жолы – рухани жаңғыру

Жалпы, қалада көше, шағынаудан атауларын қазақыландыруға мән берілуде. Мысалы, «Чапаевка» – «Оңтүстік» шағынауданы, «Қайтпас-2» – «Ақжайық» болып өзгергелі біршама уақыт болды. Моральдық тұрғыда ескірген атаулар осылайша ауыстырыла бермек. 

Елбасымыз да рухани жаңғыруға үндеген мақаласында туып-өскен жерімізді әспеттей білуге, прагматикалық қасиеттерімізді дамытуға назар аударды. 

Жаһандану кезеңінде ұлттық кодымызды сақтай отырып, жаңғыра білуіміз керек. 

Бір көшенің атын ауыстыруда қаншама мәселе шығатынын білдік. Президент Әкімшілігі мен министрліктің әкімшілік-аумақтық бірліктер мен нысандарға жаппай кісі есімдерін беруді шектеу жөніндегі тапсырмасы бола тұра аудан, қалалардан критерийге сәйкес келмейтін ұсыныстар әлі де түсуде.

Сөз соңында айтарымыз, ономастика мәселесінде жұмыстар терең зерделеуді талап етеді. 14 желтоқсан күні қала тұрғындарымен тағы да көпішілік тыңдау өтеді. Басты талап - он рет өлшеп, бір рет кесу. Қайткенде де, руханиятымызды танытар, еңселі ел екенімізді көрсететін атаулар қойылғаны құба-құп.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.