Версия для печати

Еркебұлан ӘЛСЕЙІТОВ: «Азаматтардың электронды мәліметтері сенімді қорғалған» Избранное

Пятница, 22 Декабрь 2017 06:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3888 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еркебұлан ӘЛСЕЙІТОВ,
Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры

TSON-3

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты - қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген.
Осынау бағдарламаны жүзеге асыруда «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына артылған міндет жауапты. Корпорация құрамындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды түрде көрсетілетін қызмет түрі күннен-күнге артып келеді. Осыған орай халыққа қызмет көрсету саласындағы басқа да жаңалықтарды білу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітовпен әңгімелескен едік.


– Еркебұлан Асанбайұлы, жыл аяқталып қалды. Сіздердің мекемелеріңізде де бірқатар қорытынды жасалып жатқан болар?

– Ия, осы уақытқа дейін атқарылған жұмысты бір қорытындыладық. Жалпы айтар болсақ, облысымызда 33 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Онда 1 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Осы орталықтардың ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы және бір мамандандырылған бөлімше бар. Жалпы 2017 жылдың 11 айында облыс көлемінде халыққа 5 310 251 қызмет көрсетілген. Бұған қоса 10 айда 500 мыңнан астам ЭЦҚ берілген. Бұл дегеніміз халық өз уақытын үнемдеуге үйрене бастады. ЭЦҚ-ның пайдасы туралы айтсақ, сіз «Электронды үкімет» порталында тіркеліп, мемлекеттік органдардың қызметтерін үйде отырып-ақ ала аласыз. Мысалы, мекенжай анықтамасы, мүліктің бары немесе жоғы туралы анықтама және т.б. Қазақстан Республикасының ЖСН-і бар кез келген азаматы ЭЦҚ-ны алуға және пайдалануға құқылы.

TSON-1

– Электронды қолтаңба деп қалдыңыз. Осы орайда жақында Алматыда болған дау еске түседі. Онда халыққа қызмет көрсету орталығына келген азаматша ақпарат қорындағы жеке мәліметтері үшінші тұлғаға өзінің рұқсатынсыз берілгенін біліп қойған болатын. Осы жағынан сіздерде азаматтардың мәліметтерін қорғау жағы қалай болып тұр?

– Сұрағыңыз орынды. Бізде әр қызметкердің өзінің электронды санды қолтаңбасы сақталған, флэшка секілді құрылғысы болады. Оны тек өзі қолданады, онсыз ешқандай мәлімет ала алмайды. Оны күнде таңертең операциялық залдың басшысы әр қызметкерге таратып береді, кешке әр қызметкер жұмысынан қайтқанда тапсырып кетеді. Үйіне алып кете алмайды. Тиісті ереже бар, соған сәйкес жұмыс істеу тапсырылған. Біздің қызметкерлерді оқытатын арнайы мамандар бар. Олар облыс бойынша қызметкерлерді қайта оқытып, ережені түсіндіріп шықты. Министрліктен біздің жұмысты тексеретін мемлекеттік техникалық қызмет деген мекеме бар. Солардың мәліметі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 10 айдан бері ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Сол Алматыдағы оқиғадан кейін біз қайтадан құжаттарды зерделеп, тексеріп шықтық. Ешқандай факт тіркелмеген. Бұл жағы бізде қатаң бақылауда деуге болады.

tsifrovoi

– Қазір – сандық технология дамыған заман. Сіздер көрсеткен қызметтердің ішінде электронды түрде көрсетілгені де аз емес болар?

– Жаңа айтылған 5 миллионнан астам қызметтің ішінде 3 689 662 қызмет электронды негізде көрсетілген. Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың мемлекеттік қызметті өздері алу мақсатында Connection point (өзіне-өзі қызмет ету секторы) жұмыс атқаруда. 2017 жылдың 11 айында осы секторлар арқылы 1 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Бұған қоса облыс аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 609 мың 470 электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) берілді. Электронды төлемдер арқылы облыс көлемінде 191 миллион 854 мың 987 теңге төленген және мобилді электронды үкімет порталына 201 мың 4 қызмет алушы тіркеліп үлгерді.

TSON-2

– Бірақ, бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін ғой? Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің барлығы бірдей өзіне өзі қызмет көрсете алмайтыны жасырын емес. Бұл тұрғыда қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Бұл – өзекті мәселе. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасы бар. Біз Қазақстан бойынша бірінші болып бірегей жобаны қолға алғалы отырмыз. Облыстық әкімдіктің мемлекеттік қызметшілері мен түрлі департаменттің мамандары, лауазымдық тұлғалар өзі халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып қызмет алмайды. Яғни, қажет қызметтерді азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының электронды порталынан алуы тиіс. Жобаны осы айда бастадық, енді қаңтар айының орта шенінде әкімдіктің мамандарымен отырып, мемлекеттік қызметшілердің жеке аты-жөндері бойынша тексереміз. Егер кез келген бір лауазымды тұлға мемлекеттік қызметті интернет арқылы алуға мүмкіндік бола тұра халыққа қызмет көрсету орталығына келіп алса, оларға шара көріледі. Яғни, жауапты мамандардың өздері үйрене отырып халыққа да үйретуі маңызды.

 

– Бұдан басқа қандай жаңалықтарыңыз бар?

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жылдың басынан бірнеше жаңа пилоттық жобаны іске қосты, олар жерлестеріміздің уақытын үнемдеуге бағытталған. Мысалы, электронды үкімет порталында ұялы телефон нөміріне жолданған бір реттік парольді енгізу арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасыз 30 қызмет түрін алуға болады. Қызметті бір реттік пароль арқылы алу үшін www.egov.kz порталында авторизациядан өткен қолданушыға ЖСН және азаматтардың мобильді қорында тіркелген ұялы телефон нөмірін көрсету қажет, содан соң алынған бір реттік парольді арнайы жолға енгізу керек. Телефон нөмірін ЖСН-ға бекітуді қолданушының жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады. Бұған қоса биылдан бастап туу туралы куәлікті рәсімдеу, бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау мен сәбилерді балабақшаға кезекке қою да біздің корпорация арқылы жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы ХҚКО-мен бірлесіп, дайын құжатты үйге жеткізу қызметін көрсете бастады. Биылғы маусым айынан бастап жаңа пилоттық жоба іске асырыла бастады. Ол – тәулік бойы жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталығы. Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08:00-ден 24:00-ге дейінгі кеңсе Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Сенбі күні бұл бөлімдер сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, маусым айынан бастап тәулік бойы жұмыс режимінде 3 462 қызмет көрсетілген. Осы орайда хабарландыру айта кетейін, осы тәртіппен жұмыс істейтін Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа мекенжайға көшті. Енді бұл орталықты тұрғындар Нұрсәт шағынауданындағы "Рахима Плаза" сауда орталығынан таба алады.

TSON-5

– Қызмет ақысы дегеннен шығады, бір әріптесіміз жаңа туған сәбиімді үйіме тіркеу үшін ақы төледім деді. Ол жөнінде не айтар едіңіз?

– Бірден айтайын, бізде көрсетілетін электронды қызметтің барлығы тегін. Ал мынау тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу деген сияқты бірқатар қызметтер Үкіметтің арнайы бекітілген баж салығы арқылы жүзеге асады. Ол халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыптаспай тұрып көрсетілетін, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген қызмет түрлері. Тек банктер немесе «Қазпоштаның» біздің орталықтарынан алған азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығының ақылы қызметі секілді көрінуі мүмкін. Негізінде олай емес, бізге дейін қалыптасқан қызмет түрлері. Жиналған баж салығы мемлекет қазынасына түседі.

 

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша қандай жұмыс атқарылуда?

– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Қазіргі таңда департамент тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мысалы, І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйлерінде ала алады. ХҚКО қызметкерлері құжаттар беру мен қабылдауды, сондай-ақ электронды цифрлы қолтаңба беруді жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда ХҚКО арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес алады. Айта кету керек, жыл басынан облыстық ХҚКО бөлімдері мамандары үйлерге бару арқылы 4 777 қызмет көрсеткен.
Барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пандус немесе шақырту қоңырауы, жеңілдік терезелері орнатылған. Ал ХҚКО ұсынатын барлық мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсаңыз болады.

 

– Облыс орталығынан шалғай елдімекен тұрғындары мемлекеттік қызметтерді қалай ала алады?

– Халыққа қызмет көрсету орталықтарында шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы топ жұмыс атқаруда. 2017 жылдың 10 айында осы жылжымалы топ елдімекендерге 1 159 рет шығып, 57 097 қызмет көрсетті. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан және жылжымалы топ кестесіне енгізілген елдімекендердің саны 80-ге жуық.

 

– Еркебұлан Асанбайұлы, әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан
Нұрлан БЕКТАЕВ

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.