Жемісті де жеңісті жыл Избранное

Пятница, 29 Декабрь 2017 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1006 раз

Жаңа 2018 жыл есік қаққалы тұр. Өткен жылға өкпе жоқ. Келер жылдан үміт көп. Тауық жылы елімізде және облыстың тыныс-тіршілігінде көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Саяси іс-шаралар, мәдениет, руханият саласында маңызды жиындар аз болған жоқ. Бәрі де елдігімізді танытты, абырой-беделімізді биіктетті.

Рас, әр жылдың өзіндік берер сыйы мен несібесі бар. Сол себептен де халқымыз өткен уақытқа реніш артпаған. Өткеннен қорытынды шығармай, алға жылжу жоқ екені де мәлім. Ендеше, 2017 жылдағы басты оқиғаларды тағы бір шолып өтудің реті келгендей. 


 

– ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесі. Қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан басты оқиға, ол сөзсіз – ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан шағын қалашыққа айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, көрменің арқасында туристік сектор жандана түсті. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Жалпы, халықаралық көрмені тамашалау үшін шетелден 2 млн-ға жуық адам келді. 


– Әлем назары Алматыға ауды.
Жыл басталысымен-ақ, әлем назары Алатау баурайына ауған еді. XXVIII Қысқы Дүниежүзілік универсиада жарқын жеңіспен есте қалды. Әлемдік бәсекеге 60-қа жуық елдің 2000 спортшысы қатысты. Оған қоса, 3000 ерікті жұмылдырылып, 30 мың шетелдік қонақтар мен туристер келді. 


Қысқы спорттың 12 түрінен жүлделер сарапқа салынған додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте екінші орынға тұрақтады. Бұл – тарихи жетістік. Әрине, 2017 жылғы Қысқы Универсиада Оңтүстік спортшылары үшін де олжалы болды. Облыс спортшылары 1 алтын, 1 күміс және 1 қола жүлде иеленді.


– Түркістан – Түркі әлемінің астанасы
. Биылғы Наурыз мерекесі елдің есінде ұзақ сақталары анық. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай түбі бір түркі тектес елдер Түркістанда бас қосты. Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасына 23 мемлекеттен келген түркітілдес 25 ұлттан тұратын 300-ге тарта шетелдік қонақтар, халықаралық ұйым өкілдері, жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысқан-ды. Думанды Наурыз той мерекесіне орай, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақышта әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді. Ұлыстың ұлы күнінде тоннадан астам палау дайындалып, 1 500 л Наурыз көже үлестірілді.

 


– Рухани жаңғыру жетістікке бастайды.
Сәуір айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Мақала аясында Елбасы латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін бекітті. Соның негізінде Үкіметке жаңа графикаға көшу жөніндегі ұлттық комиссия құру тапсырылды. Сонымен бірге жаңа қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшуі 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізілмек. 
 


– Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы.
Шымшаһардың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Миллионға жуық халқы бар облыс орталығы – мәдениет пен руханияттың, елдегі ынтымақ пен бірліктің ордасы. 2020 жылы Шымкент шаһары ТМД мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Ірі мегаполистің мұндай мәртебеге қол жеткізуі тегін емес. Жергілікті билік 2020 жылға бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Биыл миллионды қалаға айналуды көздеп отырған Шымқалаға мұндай дәреже беру туралы шешім Өзбекстан астанасы Ташкентте ТМД елдерінің сыртқы істер министрлер кеңесінің кезекті мәжілісінде айтылған еді. 

 

shymkala kz-4-67


– Қазыбек бидің 350 жылдығы тойланды.
«Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым!» атты Қарағанды облысынан жолға шыққан халықаралық автокеруені Түркістанға аялдады. Қазыбек бидің 350 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ауқымды шара «Ұлы дала үні» мерекелік концертіне ұласты. 7 көлік, 28 адамнан құралған халықаралық автокеруен 19 тамызда Қарқаралыдан шығып, Жаңарқа, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Қызылорда өңірлерін жүріп өтіп, киелі Түркістанға жеткен еді.

 

– Төреқұлов тәлімі. Биыл көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына – 125 жыл. Ағартушы-ғалым, елші, лингвист, публицист, қазақтан шыққан тұңғыш баспагердің қысқа ғұмырында ұлтына, оның болашағына сіңірген еңбегі орасан. Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға. Нәзір Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Алаштың асыл перзенті» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ТМД, шет мемлекеттерден шақырылған ғалымдар мұрағаттарында жатқан азды-көпті деректерімен бөлісті. 

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі Н.Төреқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты іс-шара өткізді. Сондай-ақ, аудан-қалалардағы кітапханаларға Төреқұловтың кітаптары тарту етілді. 

 


– Бокстағы биігіміз.
Сөз жоқ, 2017 жылы ел спортшылары әлемдік деңгейдегі жарыстарда табысты өнер көрсетті. Әсіресе, боксшылардың бәсі биік. Гамбургте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 жүлде жеңіп алды. Олардың арсынан жерлесіміз Қайрат Ерәлиев (56 келі) әлем чемпионы болып оралды. Жомарт Ержан қола жүлде еншілеген еді. Оған қоса, әйелдер арасында Азия чемпионатында оңтүстікқазақстандық Мадина Нұршаева да жеңімпаз атанған еді. 



– ОҚМПУ-ға – 80 жыл. 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты қос қуанышқа кенелгені мәлім. Биыл білім ордасының ашылғанына 80 жыл толды. 

ОҚМПИ – тарихы терең шежірелі шаңырақ. 2011 жылы Елбасының тікелей араласуымен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты болып қайта ашылды. Ағымдағы жылдың 17 қарашасында Үкімет қаулысымен институт – университет мәртебесіне ие болды. Оқу ордасының ұжымы 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтті.  



– Еліміздегі тұңғыш орталық. Руханият саласында атап өтерлік оқиғаның бірі – Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығының ашылғанына 20 жыл толуы еді. Тыңнан түрен салып, елімізде бірінші болып, мемлекеттік тілді ақысыз оқытатын Орталық қарқынды жұмыс істеуде. Білім ордасы ашылғалы бері 20 мыңнан аса тұрғын тілдерді оқып үйренген. Оның 82%-дан астамы мемлекеттік тілді, 10%-ы ағылшын тілін үйренген. Білім алушылардың сапалық құрамы бойынша 30% мемлекеттік қызметшілер болса, 52% бюджеттік сала мамандары. Ал жыл басынан бері орталықта 1 546 азамат тілдерді дамыту курсын аяқтапты.

Последнее изменение Суббота, 30 Декабрь 2017 11:37
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.