Абай ауданында коммуналдық мәселелер шешіледі Избранное

Среда, 17 Январь 2018 08:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2651 раз

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың тұрғындармен алғашқы есеп беру кездесуі Құрсай шағынауданындағы №49 жалпы орта мектепте өтті. Жиынға ауданға қарасты Қазығұрт, Құрсай, Ақжар шағынаудандары және Айкөл алабынан тұрғындар көп жиналды.

DSC 6466

Есептік кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, көлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары қатысты. Құқық қорғау, прокуратура саласының өкілдерімен қатар халық қалаулылары сол жерден табылды. Бұдан бөлек газ, жарық, су саласына қатысты мамандар да шақырылған.

– Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаңа өнеркәсіптік дәуірге қадам басып отырғанын айтты. Елбасы заманауи технологиялардың әлемді өзгертіп жатқанын ескере келе, ел алдындағы жүзеге асырылуы тиіс 10 міндетін атап өтті. Оларды орындау үшін қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екенін, ол үшін Үкімет пен әкімдердің кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Қазір бұл бойынша ауданда 4 ақпараттық-насихаттық топ құрылып, тұрғындармен 115 кездесу өткізуді жоспарладық,– деп бастады баяндамасын Абай ауданының әкімі.

DSC 6411

Ахмет Татыбаев аудан көлеміндегі бір жыл ішіндегі санитарлық-тазалық және көріктендіру, жылумен қамту, электр энергиясы, ауыз сумен қамту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша атқарылған нақты жұмыстарға тоқталды. «Аудан аумағының 76% сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілген. Дегенмен, жекеменшік трансформаторға тәуелді болып отырған елдімекендер бар. Қазір Самал-1, 3, Құрсай шағынаудандарында бұл мәселелерді шешудің жолдары қарастырылуда. Мәселен, Самал-3 шағынауданындағы 4896 абонентке жарық жеткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 5 млн 900 мың теңге қарастырылды. "Былтыр Қазығұрттағы 782 үйге жарық берілді" деген аудан әкімі коммуналдық саладағы шешімін тапқан жұмыстарды ретімен жеткізді. Сондай-ақ, ол тұрғындардың қажетіне керек қоғамдық көлік, жолаяқтар салу, көшелерді асфальттау мен жарықтандыру және қалалықтардың қауіпсіздігін сақтаудағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайында атқарылған жұмыстарды да ұмыт қалдырмады.

Өткен жылда аудан көлемінде ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар үшін тұрғындар аудан әкімдігіне алғысын жеткізді. 

Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Әділбек Сатыбалды соңғы жылдары жарық, жылу, жол мәселелерінің тиісті шешім тауып келе жатқанын алға тартып, елдімекендегі бірнеше өзекті жағдайға тоқталды.

DSC 6434

– Жарық бағаналары ағаштан болғандықтан, ескіріп, шіріп тұр. Олар дауылды күндері бірде болмаса бірде сынып, қайғылы оқиғаға соқтыра ма деп қауіптенеміз. Бағаналар жаңасымен алмастырылса деген өтінішім бар, - дейді Әділбек қария.

Есептік кездесуде №4 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Жұмағали Білісбеков те сөз алды.

– Кездесуде істелген жұмыстан атқарылар шаруа көп екенін байқадым. Бір ғана мысал, өткен жылы Құрсай шағынауданының электрмен жабдықтау жұмысына 365 млн теңге қаралды, биыл бұл саланың жұмысын жақсартуға тағы 588 млн теңге бөлінеді. Енді бөлінген қаржыны қадағалау, мердігерді анықтау, атқарылған жұмыстың сапасын бақылауға алу әкімдердің құзырында емес пе?

Халық қалаулысы Қызылжар, Құрсай шағынаудандарында 500 адам қабылдайтын емхана салынатын жағымды жаңалығымен бөлісті. Құрылыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады екен. 

Ақжарлықтарды 10 жылдан бері шешімі табылмаған ауыз су мәселесі алаңдатса, құрсайлықтар қоғамдық көлік, «мемлекеттік трансформатор» қажет деген өтініш-тілектерін жеткізді. Әкімдік өкілдері бұл өтініштердің барлығы ескерілетінін және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асатынын мәлімдеді.

Айта кетсек, дәл қазіргі таңда Абай ауданында 300 мыңнан аса халық тұрады. Әкімдік мамандарының айтуынша, бір жыл ішінде халықтың саны 100 мыңға көбейген.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.