Атқарылған жұмыс ауқымды Избранное

Среда, 17 Январь 2018 09:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2808 раз

Еңбекші ауданы бойынша өткен жылы 100 көшеге атау берілген. 2017 жылы ауданда 41 көшенің 21,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 20,5 шақырым 18 көшеге шағал тас төселген. Әлеуметтік саланы айтар болсақ, есепті кезеңде жалпы 1631 орынды 18 жекеменшік балабақша пайдалануға беріліпті. Аудан әкімі Ғалымжан Ильясов халық алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп берді.


DSC 6591

Еламан көшесіндегі № 127 орта мектепте өткен алғашқы есеп беру кездесуге келген облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Талғат Ысқақов та әкімнің есебін тыңдады.

Ғалымжан Молдабайұлы аумақты көріктендіру және санитарлық тазалық, тұрғын үй-коммуналды-шаруашылық. әлеуметтік сала, құқық бұзушылықтың алдын алу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жөнінде бірқатар ілкімді жұмыстардан хабардар етті. 

Алдымен жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Бахарам Абдукаримов атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Дегенмен, оның айтуынша, әлі де шешімін күткен мәселе көп.

– Атқарылған жұмыстарға куәміз. Игі істерді жалғастыруға бәріміз атсалысайық. Аудандағы үлкен мәселенің бірі – Көксай көшесіндегі үйлерді абаттандыру. Бұл – көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан жағдай. Сондай-ақ, асфальт төселмеген көшелер бар. Көпқабатты үйлердің ауласына балалар алаңшасы керек. Аяқжолдар салу да кезек күткен мәселенің бірі. Жалпы, кәріз жүйелерін жүргізуде көп жұмыс істелді. Бірақ, тиісті жұмыс біткеннен кейін оны қадағалау жоқ. Толық орнына келтірілмеген күйі қалып қоюда. Мәселен, Клара Цеткин көшесіндегі жағдайдан көпшілік хабардар. Осыны ретке келтірсеңіздер, – деді облыстық мәслихат депутаты.

DSC 6587

Ал Базарқақпа алабының тұрғыны Анармат Арзықұловтың да өз айтары бар. Ақсақалдың әкім есебіне көңілі тоқ. Тұрғын алапта 20 жылдан бері күткен мектеп салынғанын, қосымша ғимараттар да пайдалануға берілгенін атап өтті. Жолдар жөнделуде. Тұрғындарды негізінен ауызсу мәселесі қинайды.

– Жалпы, Базарқақпа, Тұрдыабад, Абдулабад бөлімшесінде ауызсу мәселесі шешілмеген. Әсіресе, Тұрдыабадта көлікпен су тасып ішуге тура келеді. Бұл мәселені көп көтердік. Құжат мәселесі шешілмей жатыр. Жаңадан су құбырларын жүргізіп, су беруді ойластырып көрсеңіздер, – деді ол өтінішін жеткізіп.

Аудан әкімі Ғ. Ильясов Көксай көшесін қайта құру өзекті екенін айтты. Ең қажет егжей-тегжей жобалау жұмыстары бекітілген. Соны іске асыруға кірісу қажет. Біріншіден, сол аумақты игеретін инвестор табу керек.

Жолдар жөнделуде. Ауданда жыл сайын 25-30 шақырымға дейін асфальт жолдар салынады. Аулаларды абаттандыру бойынша қазір 87 аулаға жобалық-сметалық құжат дайындалыпты.

Қазылған шұңқырларды ретке келтіру бойынша тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары жауап берді. Бүгінде мердігер мекемелер жұмыс істеуде. Мәселе бөлім мамандарының бақылауында.

DSC 6617

Ауданның басқа да тұрғындары кездесуде өз талап-тілектерін жеткізді. Еламан шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Ерсейіт Тайшиков кәріз жүйесі мәселесін шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ, көшені асфальттап беруді де өтінді.

Бұл мәселеге аудан әкімінің өзі жауап берді. Бүгінде кәріз жүйесі құжат бойынша пайдалануға қабылданып қойған. Қажеттілік болса, өтініш беріп, кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік бар.

Ғ. Ильясов ауданда өткен жылы 100 көшеге, оның ішінде Еламан шағынауданы бойынша, 16 көшеге жер-су аттары берілгенінен құлағдар етті.

Ал Абдулабад көшесінің тұрғыны мектепті күрделі жөндеу қажет дейді. Мектеп ғимараты 1954 жылы салынған. Апатты жағдайда. Оған қоса Абдулабад көшесі бойынан орталыққа қарай көлік жүрмейді.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, №101 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Сараптамадан да өткен. Енді бюджетті нақтылауға өтінім берілмек. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары екінші мәселеге нақты жауап берді. Қазір инвестор есебінен қосымша көлік жүргізу үшін қалаға 30 автобус әкелінді. Бұған қоса тағы 70 автобус әкелінбек. Солар қалаға жеткізілгеннен кейін мәселе толық шешіледі. 

Жалпы, тұрғындар спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолағын сызу, жолаушылар көлігі бойынша да өзекті мәселелер көтерді. Жиынды қорытындылаған қала әкімінің кеңесшісі Талғат Ысқақов барлық ұсыныс пен талап-тілек бақылауға алынатынын мәлімдеді.

Аудан әкімінің келесі есеп беру кездесуі 18 қаңтар күні Тоғыс тұрғын алабындағы № 120 орта мектепте өтеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.