«Инватаксидің» игілігі зор

Пятница, 19 Январь 2018 04:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4519 раз

Қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда мемлекет тарапынан көмек пен қамқорлыққа зәру екені белгілі. Олар өздерінің денсаулығындағы кемістігіне қарамай өмірге құштар болып келеді. Осынау жандардың алысын жақын еткен, сапалы қызмет көрсетіп көңілінен шығып жүрген қаламыздағы «Инватакси» қызметінің игілігі жайлы сөз қозғауға болады.

2011 жылдан бастап Шымкентте «Инватакси» қызметі енгізілген болатын. Бұл қызметті «Сәби» қорының демеушілігімен арнайы 4 көлікпен бастаған қоғамдық ұйым бүгінде 15 арнайы көлікпен зағип жандарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектер, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар бар. Қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасалып, олардың көліктерін қоятын арнайы орындар белгіленді. «Қалалық мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық ұйымының директоры Торопов Вадим Александрович:

– 2017 жылы мүмкіндігі шектеулі 600 жуық жанға, оның ішінде 3-16 жасқа дейінгі 210 балаға, 380 жуық ересек адамдарға 13 арнайы көлік қызмет етсе, жылдан-жылға қала аумағының кеңеюіне байланысты биыл жыл басында тағы 2 жаңа көлік қосып отырмыз, – дейді.

Қала ішінде тасымал қызметін қол арбаға таңылған І-ІІ топтағы мүгедек жандар ғана пайдалана алады. Көлік іші ыңғайлы әрі қауіпсіз басқыштар мен белдіктер, тағы басқа құралдармен жабдықталған. Бұл қызмет түрін пайдалану үшін диспетчерге хабарласып, «Инвотаксиді» шақырып, керекті мекенжайын айтса жеткілікті. Таңғы сағат 8.00-ден – кешкі сағат 19.00 аралығында екі диспетчер қоңырауларға жауап беріп, шақыру берілген жерге «Инватаксилерге» бағыт беріп отырады. Ал, таксидің төлемақысын мүгедектер төлемейді, ол шығындарға Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы мемлекеттік тапсырыс берілген.

– Біз демалыс күндері де қызмет көрсетуді жолға қойып, арнайы кезекшілік ұйымдастырамыз. Мәселен, бір адам басқа қалаға ем қабылдауға баруы үшін вокзал, әуежайға жеткізіп салу немесе күтіп алуы тиіс болса, алдын ала ескертуі керек – деп түсіндірді қоғамдық ұйымның басшысы.

Ағымдағы жылдың 15 қаңтарына дейін 175 адам Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне «Инватакси» қызметін пайдалану тізіміне тіркелген. Оның 70-сі балабақша мен мектеп жасындағы балалар, қалғаны ересек жандар. Тіркелу жыл бойы жалғасады.

 

Бибайша НҰРЖАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.