Отандық өнімді брендке айналдыру үшін...

Пятница, 19 Январь 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5579 раз

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әрбір азаматына шабыт беріп, қанаттандырды. Жолдау жауапкершілік жүктейді. Біздерді – ғалымдарды жыл аяғында қандай жетістікке жеттік, болашақта не істейміз деген сұрақтар мазалайды. Саяси маңызы зор құжатпен таныса отырып, өзімнің ойларымды ортаға салсам деймін.

Елбасының биылғы Жолдауында да агроөнеркәсіп саласына айрықша назар аударылды. Қазір «Ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» атты үшінші міндетін бірлесе атқарар сәт туды. 

Рас, «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Сол себептен Қазақстанның экономикасын көтеретін бірден-бір сала – түйе сүтінің кластерлік технологиясын дамыту. Түйе сүтінен жасалған шұбаттың құрғақ ұнтағы мен таблеткасы дүние жүзінде үлкен сұранысқа ие. Оның дәлелі, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2006 жылы шыққан шешімі. Мәселен, түйе өсіретін Мавританиядан бастап, Қазақстанға дейінгі елдер, өз елдерінің экономикасын көтеру үшін, түйе сүтінен жасақталған қышқыл сүт өнімдерін Еуроодақ пен Америка, Азия елдерін қамтамасыз етуге назар аударып отыр. 

Дүние жүзінде бір тонна түйе шұбатының құрғақ ұнтағының құны кем дегенде 200000-500000 еуроға тең. Ол деген мұнай өнімінен мың есе қымбат деген сөз. Өкініштісі, жылда ғылыми гранттық жоба ретінде берілгенімен әртүрлі себептермен жобалар өндіріске енбей қалып жатыр. 

Бір айта кетерлігі, отандық өнімдеріміз – түйе сүтінен жасалған биойогурт және өрік қағын, жүзім мейізін дүние жүзіне емдік қасиеті ерекше бренд өнімдер ретінде танытуға әбден болады. 

Елбасы «Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді» деп басты бағытты атап өтті. 

Міне, Жолдау аясында өзіміздің отандық өнімді қолдап, әрі нақты іске асыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Сондай-ақ, Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі дүниежүзілік экотуризм және емдік касиетті шипажай болуға сұранып тұрған орын екенін ғылыми еңбектерімді атап көрсеткенмін. Бұл да маңызы зор іс. 

Елбасы Жолдауы ғалымдарға жігер беріп, нақты мақсаттарды жүзеге асыруға зор мүмкіндік туғызады. Мен де қолға алған ғылыми зерттеу жұмыстарымды одан әрі жалғастыра беремін.

 

Мұсатіллә ТОҚАНОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Ауыл шаруашылығы және су қоры мәселелері» институтының директоры, а.ш.ғ.к., «Ерен
еңбегі үшін», «Ауыл шаруашылығы үздігі» медальдарының иегері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.