Төрт бағыт бойынша жұмыс жүреді

Пятница, 19 Январь 2018 05:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3334 раз

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың 2017 жылға есеп беру кездесуі №87 орта мектепте жалғасты. Кезекті жиынға Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев және қалалық құрылымдық бөлімнің басшылары, депутаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Әкімнің есебін тыңдауға «Солтүстік-Батыс», «Қызылжар», «Самал-3», «Жаңа талап», «Қатынкөпір», «Тельман» елдімекендерінен келген тұрғындардың қарасы көп болды.

DSC 7817

Ахмет Татыбаев алдымен жыл бойы ауданның экономикалық жағдайын жақсарту, халықтың әл-ауқатын арттыру барысында атқарған жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, тұрғындардың басты қажеттілігі – жол, жарық, ауыз су, қаланың тазалығы, көгалдандыру мен абаттандыруындағы нақты қолға алған шараларды тізбектеп жеткізді. Дегенмен, 300 мыңдай халқы бар Абай ауданына өңіріміздегі Ордабасы, Төле би аудандарынан жаңа елдімекендер қосылғандықтан шешілмеген мәселелер көп екендігі тұрғындармен сұрақ-жауап барысында белгілі болды. 

Алғаш жарыссөзге шыққан ««Қатынкөпір» шағынауданының тұрғыны Құдияр Салыбек әл-Фараби көшесінің асфальтталғандығын және «Самал» базары маңындағы жер асты өткелінің ел игілігі үшін пайдалануға берілгендігін айтып, алғысын білдірді. 

– Сыпарған ата көшесін асфальттау өткен жылы басталған болатын. Бірақ, бұл әлі күнге дейін созылып, жұмыс баяу жүруде. Осыны назарға алсаңыздар. Екіншіден, ауылдың биі болғандықтан елдегі жағдайларды бағамдап жүреміз. Балалардың білім алуы қиындауда, барлығы №87, 56, 52 мектептерге қатынап оқиды. Ол мектептердің өзінде оқушылар үш ауысымда білім алады. Қатынап оқуға қоғамдық көліктің жайы мәз емес. Бұрын қатынайтын №3,30 автобустарды алып тастап, орнына №118,91 газельдерін қойып, енді халық көп болғандықтан оған сыймайды. Осы мәселелерді шешуге көмектесеңіздер, – деген өтінішін жеткізді.

DSC 7796

Ал Исмаил Бекәлі «Солтүстік-Батыс» шағынауданына мектеп мен медциналық тірек қажет екендігін айтты. – Жарық, ауыз су мүлдем жоқ. Шалғайдағы елдімекенге биліктің назары қашан түседі? – деген мұңын жасырмады. Жоғарыда аталған елдімекендерден келген тұрғындардың көбі мал ұрлығының өршіп тұрғандығын айтып, учаскелік полицияның қызметіне көңіліміз толмайды деді. Ауданда жекеменшік трансформатордан жарық алатындар көп болғандықтан тарифтің қымбаттығы қалтамызды қағып бітті деген шағымданушылар саны да көп болды. 

– Абай ауданы әкімдігіне бір жыл ішінде 105 шағым келіп түсіпті. «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалына 2000-нан аса арыз-шағымдар түскен. Халық билікке көбірек сенім артуы үшін аудандық әкімдік олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, – деді сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Ө. Мелдеханов. 

Жиынды Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев қорытындылады. 

DSC 7902

– Сіздер айтқан өтініш-шағымдардың 80%-ын бөлім басшылары кабинетінде отырып шешуге болатын жағдайлар. Қалған 20%-ы су, жарық, жол мәселелері екендігін аңғардым. Бұлар үлкен қаражатқа келіп тірелетіндіктен түсінікті жағдай. Көптеген тұрғындар балаларының қауіпсіздігі үшін мектеп алдындағы жолдарға жаяу жүргіншілер жолағын салуды сұрауда. Мұны уақытша жаяу жүргіншілерге арналған оқушы макетімен алмастыруға болады емес пе? 

Қазір халықтың төрт салаға, яғни қоғамдық көлік, коммуналдық-шаруашылық, білім нысандарының қажеттілігі және жергілікті полиция қызметінің жұмысына көңілі толмайтынын көріп тұрмын. Сондықтан осы төрт бағытта жұмыс жасайтын боламыз, – деді қала басшысы. 

Есептік жиын үш сағатқа созылды. Абай ауданының әкімі А. Татыбаев жиында көтерілген мәселелер ағымдағы жылы орындалатындығын айтып, уәде берді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.