Версия для печати

Жаңа Шымкент брендін жасау керек Избранное

Среда, 31 Январь 2018 04:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2890 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Оңтүстік Қазақ-стан облысының әкімі Ж. Түймебаев Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының 2017 жылы атқарған жұмыстарының есебі мен алда жүзеге асырылатын жобалар бойынша ұсыныстарын тыңдады.

Қала әкімінің орынбасарлары шаһардағы сәулет және қала құрылысы, жер мәселелері, бюджеттің орындалуы, білім саласы, спорт, мәдениет және тілдерді дамыту, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік ақпараттық саясат туралы баяндама жасады. Ал қала әкімінің аппарат басшысы аймақ басшысы тарапынан берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу деңгейін атап өтті. 2017 жылы қала әкімдігіне облыс әкімі тарапынан 87 хаттамалық тапсырма беріліп, бүгінде олардың барлығы дерлік орындалған.

Бұдан кейін қала әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша 2018 жылы негізгі басымдық берілетін жобаларға тоқталды. Одан мәлім болғаны, биыл қалада қоғамдық көлік саласын дамыту, жолайырықтар мен жол салу, «Цитадель», «Шымкент сити», «Арбат», «Шымкент қауіпсіз қала» және «Ақылды қала» жобалары мен «Шатқалдар» жобасы жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде қаланың жасыл белдеуі нығаяды дейді жауапты мамандар. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мектептердің санын арттыру, Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру, Шымкенттің 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы іс-шарасына дайындалу мен Наурыз мерекесін Шымкент қаласының брендіне айналдыру жобасы қолға алынбақ. Бұған қоса зообақты заманауи қалыпқа келтіру және қалада кино-концерт залын салу сынды жұмыстар атқарылады деп күтілуде.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Шымкент қаласын 2020 жылға дейінгі дамыту шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтіп, шаһардағы инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіз және «ақылды» қала құру, өңірдің туристік мүмкіндіктер кешеніне айналатын жаңа Шымкент брендін жасау секілді бірқатар жобаны тапсырды. Өңір басшысы сонымен қатар қаланың жасыл аймағын ұлғайтып, шаһардың сәулеттік-келбетін ретке келтіруді, тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдарға дер кезінде жауап берілуін назарға алуды жүктеді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.