Фронт-офис – әкімдіктің қабылдау кеңсесі Избранное

Среда, 07 Февраль 2018 04:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 289 раз

...Сегізінші бағыт. Тиімді мемлекеттік басқару. Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек. Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс.

(Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік
революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты
Қазақстан халқына Жолдауынан)


DSC 2355

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің дамуы үшін қажет негізгі 10 міндет атап көрсетілген. Соның ішінде тиімді мемлекеттік басқару саласына да ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда «Бір терезе» қағидаты бойынша халыққа және бизнес өкілдеріне қолайлы мемлекеттік қызмет көрсету міндеті қойылған. 

Өмірінде қандай да бір құжат рәсімдеп көрген қала тұрғыны жақсы біледі – бұған дейін бір анықтама алу үшін қаланың әр түкпіріне шапқылап, әуре-сарсаңға түсуге тура келетін. Жауапты мекемелердің бірінен екіншісіне сабылып, табалдырығын тоздырып жүргенде ұзын-сонар кезекке тап болып, құжат рәсімдеу уақыты 2-3 күнге созылып кеткен кездер шымкенттіктердің есінен әлі шыға қоймаса керек.

Енді, міне, ондай қиындық артта қалды. Алдымен халыққа қызмет көрсету орталықтары, бертінде фронт-офис қызметі пайда болды. Бүгінгі әңгімеміз де осы кеңсенің бас маманы Гүлжамал Жұмабековамен өрбіді.

 DSC 2352

Әкімдіктің үлкен қабылдау кеңсесі

Ия, фронт-офисті қабылдау кеңсесі деп атағанда біз қателескен жоқпыз. 

Шымкентте 2016 жылдың қазан айында ашылып, қызмет көрсетіп келе жатқан мекеме шынында да шаһар әкімдігінің алып қабылдау кеңсесі іспетті. ТМД-да баламасы жоқ. Алғашында «Фронт-офис» деп аталған мекеме атауы кейінірек «Халықтық кеңсе» болып өзгерді.

– Біздің мекеме Шымкент әкімдігінің кеңсесі қызметін атқарады, – деп түсіндірді Шымкент қаласы әкімдігі аппараты жалпы бөлімінің бас маманы Гүлжамал Ералықызы. – Қалалық әкімдікке қатысты құжаттың барлығы осы кеңседе қабылданады. Содан кейін ол құжаттарды тиісті мекемелер мен бөлімдерге жібереміз. Халықтық кеңсені ашудағы мақсат – тұрғындардың құжат рәсімдеуде әуре-сарсаңға түспеуі, әкімшілік кедергілермен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құжат рәсімдеуді жеңілдету.

Халықтық кеңсе «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Сондықтан бұл мекеме ашылғанда халыққа қызмет көрсету орталықтарына үйреніп қалған тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. Енді ше, енді бұған дейінгідей әр ұйым-мекемені іздеп, сабылудың қажеті жоқ. Бір орталыққа келіп, арыз жазсаңыз болғаны. Ары қарай жауапты күту ғана қалады.

 DSC 2402

Ашық әкімдік

Халықтық кеңсеге тапсырған арыз-өтінішіңіздің қаралу уақытын қалалық әкімдіктің ресми сайтындағы арнайы бөлімнен көруге болады. Ол «Ашық әкімдік» жобасы аясында іске асырылады. Қала тұрғындары бұл жобаға shymkent.gov.kz/frontoffice сайты арқылы кіре алады немесе байланыс орталығының 545-545 телефонына қоңырау шалуға болады. Бұл бір сөзбен айтқанда ыңғайлы, жылдам әрі заман талабына сай қызмет түрі болып саналады. Бұл үшін құжаттарды қабылдаған мамандар бір көшірмесін арыздың иесіне береді. Сол құжаттағы штрих-код бойынша тәуліктің кез келген уақытында өтініштің қай бөлімге жеткізілгенін көріп отыруға болады.

 

Мамандар

Халықтық кеңседегі мамандардың тындырымды жұмыс істеуі үшін бар жағдай жасалып, соңғы үлгідегі кеңсе техникаларымен қамтамасыз етілген. Мекемеге келген тұтынушылар алдымен кіреберістегі анықтама бөлімінен мәлімет алады. Егер құжат рәсімдеуге қажет қағаздары толық болса, онда маманмен кездесу үшін электронды кезекке тұрады. Терминалдан алынатын мұндай талонмен қазір ешкімді таңқалдыра алмайсыз, дегенмен, электронды кезектің тиімділігі зор. Онсыз да сабылып жүрген тұрғындар кезекке таласып, жүйкесі жұқармайды.

DSC 2412

Кеңседе қазіргі таңда 30 маман жұмыс істейді. Олар қайдан іріктелді деген сауалға келсек...

– Халықтық кеңсенің мамандары алыстан келген жоқ. Осыған дейін қалалық әкімдіктің түрлі бөлімдерінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлер, – деп жалғады сөзін Гүлжамал Жұмабекова. – Сол әр бөлімнен бір-бір маманды іріктеп алып, осында орналастырдық. Әрқайсысы өз жұмысын жақсы меңгерген. Ал қала тұрғындарының арыз-шағымына үстірт қарамау, шығарып салма жауап бермеу, азаматтарды әуре-сарсаңға салмау мақсатында бірнеше рет семинар-кеңес өткізілді. Қалалық әкімдіктің құрылымдық бөлімдерінен жауапты мамандар шақырылып, кеңес берді.

Осы 30 маман халыққа 400-ден аса қызмет түрін көрсетуде. Тұрғындардың барлық өтініші мен сұрақтарына Қазақстан заңнамасында белгіленген мерзімде жауап беріледі.

Құжаттар, құжаттар, құжаттар...

Халықтық кеңседе бүгінгі таңда жеке және заңды тұлғалардан мынадай салалар бойынша құжаттар қабылданады: жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, көлік және коммуникация, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы, білім беру, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт және дене шынықтыру, қаржы, құрылыс және басқа да салалар. Мамандардың айтуынша, 2017 жылы халықтық кеңсеге 67 мың 28 хат келіп түскен. Қазіргі таңда мұнда түрлі мәселелер бойынша күніне шамамен 260-270 азаматқа қызмет көрсетіліп, бір күнде 250-ге жуық арыз-шағым мен өтініш тіркеліп отырады. Олар орындалу үшін күн сайын тиісті аудан және бөлімдерге курьер қызметі арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар мұнда дайын құжаттарды өтініш иесіне тапсыру секторы да жұмыс істеуде. Атап айтар тұс – тұрғындарға қолайлы болу үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мамандары да осында кеңес береді.

Қабылдауға жазылыңыз

Айта кетейік, Шымкент қалалық әкімдігі аппаратының жетекшілері тұрғындарды осы халықтық кеңседе қабылдайды. Ол үшін арнайы кесте түзіліп, ілінген.

Халықтық кеңсенің мекенжайы: Шымкент қаласы. Тұрар Рысқұлов көшесі, №8А. Бұған қоса 2017 жылдың мамыр айынан бастап Абай және Еңбекші аудандары бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарында да филиалдары ашылған.

Осылайша Елбасы Жолдауында мемлекеттік басқаруды дамытуда қолға алынатын іс-шаралар жоспары көрсетіліп отыр. Яғни, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «Бір терезе» қағидаты аясында жүзеге асырылуы тиіс. Ол үшін халыққа қызмет көрсетуді қолжетімді ету арқылы жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшудің маңызы айқын.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі