30 құжат түрін үйде отырып-ақ алуға болады

Пятница, 09 Февраль 2018 05:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 423 раз

«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет»

Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы:
жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан.

Қазіргі таңда мемлекетті жаппай дамуға бастайтын, халыққа қызмет көрсету сапасын оңтайландыратын, қажетті ақпараттарға қолжетімділікті арттыратын бағдарлама – Цифрландыру. Бүгінде әлемнің озық 15 елі ғана осы жолды таңдаған. Мемлекет басшысы жуырда ел экономикасы цифрландырудың арқасында 30 пайызға өсуі тиіс деген болжам айтты.
Цифрландырудың игілігін негізінен қарапайым халық көреді десек, ал олардың басым бөлігі жүгінетін жер – Халыққа қызмет көрсету орталығы. Осыған орай, Шымкент қаласындағы №3 ХҚКО-ның маманы Нұрсұлтан Мырзаевпен сұхбаттасқан едік.

 

IMG 5048– Нұрсұлтан Серікұлы, цифрлық жүйенің ХҚКО-ғы мүмкіндіктері қандай?

– Аталған жүйенің бұл бағыттағы мүмкіндіктері өте жоғары. Мәселен, бір реттік құпия сөз арқылы үйде отырып 30 қызмет түрін пайдалануға болады. Бұл қызметтерге халық жиі қолданатын мекенжай анықтамасы, туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру, жылжымайтын мүлік обьектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру секілді құжаттар кіреді. Бұл құжаттарды үйде немесе жұмыста отырып алу үшін, алдымен жеке куәлікпен кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына барып, «egov.kz» порталының мобильді қосымшасына тіркеледі. Сол жерден ЖСН және телефон нөмірін енгізеді. Кейін «egov.kz» сайтына кіреді. Онда бір реттік құпия сөзді сұрағанда, ХҚКО-дан алған құпия сөзді және ЖСН нөмірді теру керек. Телефонға СМС хабарлама келеді. Сонымен сайттағы жеке кабинетке кіріп, кез-келген жерден 30 қызмет түрін пайдалана алады.

 

– Бұл ХҚКО-ғы кезек күтіп отыратын халық санының азаюына септігін тигізе ала ма?

– Әрине. Үкімет барлық мекеме қызметкерлері мобильді болуы керек деген мақсат қойып отыр. Осыған орай, халыққа цифрлы, электронды қызмет түрлерін пайдалануды үйретуде. Оны меңгерген адам кейін қажетті құжаттарын кезекте тұрмай, уақыт жоғалтпай үйінде немесе жұмыс орнында ала алады.

– Қарапайым халық бұл қызмет түрлерін пайдалануды білмеген жағдайда...

– Үкіметте халықтың цифрлық біліктілігін 83 пайызға арттыру жоспары қабылданған. Осыған орай, кез-келген ХҚКО-да «өз-өзіне қызмет көрсету секторы» бар. Ол жерге арнайы 4-5 маман бекітілген. Сол қызметкерлерге барсаңыз, барлығын тәптіштеп үйретеді.

 

– Тағы қандай мүмкіндіктері бар?

– Мәселен, перзентханада туылған баланың туу туралы куәлігін телефон арқылы алуға болады. Туған күнін, айын жазып, СМС хабарлама алып, дайын болған уақытта келіп алып кете аласыз. Қазіргі таңда ХҚКО-да барлығы 752 қызмет түрі болса, соның 547-ін электронды түрде пайдалануға болады.

 

– Ал, қазір қолданылып жүрген автомат терминалдардың күйі келешекте не болмақ?

– Болашақта олар жойылады. Яғни, «өз-өзіне қызмет көрсету секторына» өтеді. Олар арнайы кілттер арқылы белгілі бір қызметтерді ғана пайдаланады.

 

– «Барлық қызмет цифрлы технологияға өтсе, жемқорлық азаяды» деген сөз қаншалықты нанымды?

– Рас сөз. Мәселен, кейбір қызметкерлер «осынша ақша берсең үйге немесе жерге кезекке қойып беремін» деуі мүмкін. Ал, негізінде кезекке тұру тегін. Егер де, арнайы бекітілген 12 категорияның біріне кіретін болсаңыз, ешқандай кедергі де, қиындық та жоқ. Мектепте жұмыс істейтіндерге "мектепте жұмыс істейді" деген анықтама, бала-шағасының тууы туралы куәлігі, өзінің жеке куәлігі керек. Болды. Осылар арқылы-ақ тіркеп қоюға болады. Электронды кілтіңіз болса, үйде отырып-ақ тіркеле аласыз. Тіпті, үйде отырып некеге де тұруға болады. Коммуналдық және тағы басқа да төлемақыларды кассада кезекте тұрмай, электронды түрде төлеуге болады. Қазір мемлекет уақыт пен қаржыны үнемдеуге барынша жағдай жасауда. Тек үйренсеңіз болғаны.

– Рахмет!

 

Бір реттік құпия сөз бойынша берілетін 30 мемлекеттік құжаттың тізімі:

1. Мекенжай анықтамасын алу;

2. Жеке тұлғаларда жылжымайтын мүлiктiң болмауы (болуы) туралы анықтама беру;

3. ЖТ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама беру;

4. Жеке тұлғалар үшін жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және тоқтатылған құқықтар туралы анықтамалар беру;

5. Жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң техникалық паспортын беру;

6. Жылжымайтын мүлiк объектілеріне техникалық паспорттың телнұсқасын беру;

7. Жылжымайтын мүлiк объектiлерi жоспарын (схемасын) қоса алғанда, тіркеу органмен бекітілген тiркеу iсi құжаттарының көшiрмелерiн беру;

8. Жылжымайтын мүліктің меншік иесі (құқық иесі) туралы мәліметті қамтитын техникалық паспортқа қосымша беру;

9. Жылжымайтын мүлікке құқық белгiлейтiн құжаттың телнұсқасын алу;

10. Жылжымалы мүлік кепілінің тізілімінен үзінді беру;

11. Мұрағаттық анықтамалар беру;

12. Заңды тұлғаларды тіркеу, филиалдарын (өкілдіктерін) есептік тіркеу туралы анықтаманы алу;

13. Тіркелген заңды тұлға, филиал немесе өкілдік туралы анықтама беру;

14. Заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктерінің бар екендігі туралы анықтама беру;

15. Заңды тұлғаның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы анықтама беру;

16. Жеке тұлғаның заңды тұлғаларға, филиалдар мен өкілдіктерге қатысуы туралы анықтама алу;

17. Заңды тұлғаның барлық тіркелген әрекеттері туралы анықтама алу;

18. Көрсетілген мерзімге заңды тұлғаның тіркелгені туралы анықтама беру;

19. Құрылтай құжаттарына соңғы толықтырулар мен өзгерістердің енгізілгені туралы анықтама беру;

20. Заңды тұлғаның үлесіне салынған ауыртпалықтар (тыйым салу) туралы анықтама беру;

21. Некеге тұру туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

22. Әкелік құқықты бекіту туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу;

23. Атын, тегін, әкесінің атын өзгерту туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

24. Ұлды/қызды асырап алу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

25. Некені бұзу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш беру;

26. Туу туралы куәлікті қайталап алуға өтініш алу;

27. Аты, тегі, әкесінің атының ауысқаны туралы анықтама алу;

28. Некенің бұзылғаны туралы анықтама алу;

29. Некеге тұру туралы анықтама беру;

30. Туу туралы анықтама алу.

 

Сұхбаттасқан
Сапарғали ҚАНАТ

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 
Другие материалы в этой категории: « Ел алдындағы емтихан Әр ұлттың бренді »