Туристік әлеуетті дамыту – басты назарда Избранное

Среда, 21 Февраль 2018 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3217 раз

shymkala-14-1

Биыл «Shymkent city» қалашығындағы «Шымкент арена» спорт кешенінің, жалпы алаңы 18 450 шаршы метр болатын «Конгресс Холл» жобасының құрылысы басталмақ. Шымкент қаласын жан-жақты тұрғыда дамыту – Елбасының тікелей бақылауында тұрған мәселе. Соған сәйкес, негізгі жұмыстар қаланың сәулеттік келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру, көгалдандыруға бағытталуы тиіс.


«Түркістан» сарайында өткен есептік кездесуге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. 

Облыс әкімі өткен жылдағы негізгі жұмыстарды баяндап, алда тұрған міндеттер мен маңызы ерек іс-шаралар жоспарымен таныстырды.

Былтыр облыста өнеркәсіп саласында 858,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 69,5 млрд. теңгеге өскен. Облыс экономикасына 482 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылмен салыстырғанда 20,2%-ға артты. 

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 пайызға өсіп, жыл басынан 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, былтыр облыста 7 482 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. 

Оңтүстік – аграрлы аймақ. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялардың көлемі 38,1 млрд. теңгені құрап, 3,4 есеге артқан. Осының нәтижесінде егіс көлемі 29 300 гектарға ұлғайып, тамшылатып суғару әдісі қосымша 8 100 гектар жерге ендіріліп, жалпы көлемі 59 100 гектарға жеткен.

Есепті жылы салаға 24,9 млрд. теңге субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық шаруаға қолдау көрсетілген. 

Облыста руханият саласына да назар аударылып келеді. Яғни, бүгінде «Туған жер» арнайы жобасы негізінде 50 жоба дайындалып, 153 іс-шара жүзеге асырылды. 

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ордабасы тауында үш биге монумент орнатылып, «Қазығұрт тауы» жобасы іске асады. Бұл екі тауда туристік инфрақұрылымдар қарастырылып, киелі, қасиетті орындарды аяқасты етпеу жақтары мұқият ескерілген. Ал Отырар қалашығы мен Арыстанбаб кесенесін байланыстыратын ежелгі жол қайта жаңғыртылып, оның бойына ұлттық қолөнершілердің шеберханалары бой түзейтін болады, – деді облыс әкімі.

"Шымкент Арена", "Конгресс Холл" – әлеуетті жобалар

Жиында облыс әкімі Шымкент қаласына да арнайы тоқталып өтті. Жуырда ғана Үкімет тарапынан Шымкент қаласымен қоса Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының стратегиялық қажеттіліктерін қамтитын «Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы» бекітілген еді. Бұл облыс орталығы мен оның айналасында орналасқан аудан, қала аумақтарының қарқынды дамуына серпін беретіні анық. 

Одан бөлек, Шымкент тарихи қалашығын жаңғырту жобасына қаражат бөлінді. Қазір археологтар жұмыс жүргізілуде. Биыл қаланың бірнеше көшелерінен (А.Асқаров, Бекет батыр көшелері) Арбат жобасын іске асыру, Қошқар ата өзені жағалауын көріктендіру жұмыстары жүзеге аспақ. 

Сондай-ақ, аумағы 427 гектарды құрайтын «Shymkent city» шағын ауданында биыл құрылысы басталатын «Шымкент арена» спорт кешені әлеуетті жобаның бірі. Бұл спорттық нысанда сауда мен тамақтану және әкімшілік блогтары, қонақ үй, бассейн қарастырылған. Жобалық құны 17,2 млрд. теңге болатын кешен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ. 

Оған қоса, қалашықта жалпы алаңы 18 450 шаршы метр болатын «Конгресс Холл» жобасының да қазығы қағылмақ. Құны 20,5 млрд. теңге болатын нысан құрылысы 2018-2021 жылдар аралығында жүргізілмек. 

«Қошқар ата» өзені жағалауын кеңейтіп, ондағы ескі үйлерді бұзу арқылы жаңа тұрғын үйлер салу да – басты жобалардың бірі. 

Сонымен қатар, Шымкент әуежайына жылдық жолаушы ағымы 2 миллионды құрайтын жаңа заманауи терминал салу жоспарда бар. 

– Өздеріңіз білетіндей, шатқалдарды игеріп, көгалдандыру жұмыстары жалғаса бермек. Шымкенттегі 6 шатқалға бүгінде 81 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Енді оны халықтың мәдени демалыс орындарына айналдыру бойынша жұмыстарды жалғастыра береміз. Оған жастар мен қоғам белсенділерін, кәсіпкерлерді атсалысуға шақырамын. Алдымызда үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Біздің облысымыз аграрлы, индустриалды аймақ. Ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп жұмыс істейтін сәт қазір. Ендеше, облысты озық өңірге айналдыру жолында талмай тер төккеніміз жөн. Бірлігімізді бекемдеп, тірлігімізді көркемдеп, Ұлт көшбасшысы белгілеген биіктерді бағындыруға барлық күш-жігерімізбен еңбек ете берейік, – деді облыс басшысы. 

DSC 3471

Жалпы, облыстың туристік әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отырғанын байқаймыз. Сонымен қоса, биыл рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бірқатар тың жобалар да ұйымдастырылмақ. Яғни, биыл "Қымызмұрындық", "Қауын fest", "Агро fest", "Ақсу Жабағылының алқызыл қызғалдағы, " Туған жерге тағзым", т.б. іс-шаралар дәстүрлi түрде өткізілмек. 

Олардың қатарында облыстың туристік әлеуетін көтеру мақсатындағы қызықты жобаның тағы бірі – «Safari Шардара» туристік іс-шарасы және "Open Сарыағаш" гольф бәсекесі. Бұл іс-шараларды да жыл сайын өткізуге басымдық беріледі. 

Жалпы, мақсат айқын. Жоспар белгілі. Енді тек бірлесе жұмыс атқару керек.

Жалпы, аймақ басшысының есебін өңір жұртшылығы облыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасынан тікелей эфир арқылы да тыңдады. 

Кездесу соңында тұрғындар өз сауалдарын қойды. Арыс қаласының тұрғыны газдандыру, түркістандық шаруалар ағынсудың жетіспеуі сынды мәселелерін жеткізді. Сондай-ақ, Сарыағаш, Созақ ауданының тұрғындары онлайн режимде байланысқа шығып, жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды. 

Шымкент қаласының тұрғындары да көкейде жүрген сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Қала тұрғындарын мазалайтын мәселелер – көп балалы аналарды, жастарды қолдау, жолдарды жөндеу және қоғамдық көлік саласын дамыту, т.б. 

Облыс әкімі әрбір тұрғынның сауалына өзі нақты жауап берді. Жалпы, жиынға қатысушылар, жарыссөзге шығып сөйлеушілер облыс әкімінің есебін оң бағалады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.