Тамшылатып суару: екі есе өнім алу, қаржыны үнемдеу Избранное

Пятница, 23 Февраль 2018 07:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1083 раз

shymkala-15-1

Қазір еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға мән беріліп отыр. Бұл ретте, агросектор саласына тамшылатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан. Яғни өндірілген өнімнің экологиялық таза болуы, шығынның азаюы, қаржыны үнемдеу, тағы басқа факторлар оңтайлы шешім табады. Өткен жылы Шымкентте тамшылатып суару технологиясы қарқынды енгізілген. Мәселен, 200 гектар жерге бұл технологияны ендіруге тапсырма беріліпті. Бұл міндет 104,4 пайыз артығымен орындалып, 208,7 гектар жер осы әдіспен суландырылуда.Шаруалар бүгінде жаңа технологияны үйреніп, мемлекеттік жәрдемге қол жеткізіп отыр.

 

Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. 

– Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын, – деді Елбасы өз Жолдауында. 

Өнімділікті арттыруға мүмкіндік мол. Шаруалар тамшылатып суару технологиясын енгізіп, еңбек өнімділігін арттыра бастаған. Сәйкесінше, экспорттың көлемі де ұлғайып келеді. 

Жалпы, қалада 149 гектар аумақта жылыжай жұмыс істесе, бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылуда.

 

 

Өнімділікті арттырады

Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Құбырлар топырақ үстімен немесе астымен орналастырылуы мүмкін. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз – суды үнемдеу. Мұнда жылытудан бастап тамшылатып суаруға дейінгі барлық процесс компьютермен бақыланады. 

Жылдан жылға ағынсудың өзін тиімді пайдалануға көңіл бөліне бастағаны мәлім. Сол себепті, бұл әдістің игілігі көп-ақ.

Тамшылатып суарудың бір қасиеті – әрбір егілген дақылдың үстіне тамшылатып қоюында. Суды уақтылы, әрі суды керек кезінде ғана береді.

Өлшеуіш құрал арқылы шарулар кеткен шығынын нақты есептеп отырады. Яғни, қаржыны үнемдейді. Қазіргі күні шаруалар ағынсуға екі есе арзан төлейтіні мәлім болып отыр. 

– Шаруалар жаңа технологияның игіліктеріне көз жеткізгендіктен болар, оған деген қызығушылық артып келеді. Жылыжайдан бөлек, далада егілген дақылдарды да тамшылатып суарады. Бұған дейін даладағы егістікті тамшылатып суаруға мемлекеттен субсидия төленіп келген. Биыл бірқатар өзгерістер болмақ. Наурыз айының ортасында Үкімет қаулысы шығуы тиіс. Сол құжатқа сәйкес, біз елдімекендегі шаруаларға семинар өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз.

Әркім өзінің көрпесіне қарай көсіледі ғой. Қазір қаладағы жылыжайдың көбі Израиль, Нидерланды, Түркия және Испанияның озық технологияларымен жұмыс істейді. Әрқайсысының технологиясын сақтап, дұрыс қолдана білсе, бәрі де тиімді. Дегенмен, бағалары әр түрлі. Жолына, сапалылығына қарайды. Ал даладағы тамшылатып суаруға қымбат технологияның керегі жоқ, – дейді қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай. 

Қалада бұл технологияны енгізу 2013 жылы басталған. Сол кезде әдісті 1 гектарға ғана ендіру жоспарланған. Бірақ шаруалар 14 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданады. 2014 жылы – 16 гектар, 2015 жылы – 10 гектар, 2016 жылы – 10 гектар, ал 2017 жылы 15 гектарға енгізуге тапсырма берілген. Бұрын жылыжайларды да ағынсумен суаратын. Жаңа технология келісімен диқандар бірден осы жүйеге көшкен. 

Соңғы жылдары өндіріске енгізіліп жүрген шетелдік технологиялардың бәрі автоматтандырылды. Қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. Жаңа технологияны мамандар қаншалықты меңгеруде? Маман-кадрлар жеткілікті ме? Мұны қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Ж. Тоғайдан сұрап білдік. 

– Мамандар жеткілікті. Қазір шетелдік технолгияны жүз пайыз игеріп алды. Оқимын, үйренемін дегендерге Тассайдағы ғылыми-зерттеу институтында курстар ашылған. Мерзімдік семинарлар бар. Тамшылатып суару технологиясын сатушылардың өздері де семинарлар өткізіп жүр. Қазір жергілікті мамандар да үйреніп алды. Дегенмен, үлкен жылыжай, бауларда әліге дейін шетелдік мамандардың қызметіне жүгінетіндер бар, – дейді бөлім басшысының орынбасары.

 

 

IT орталығын ашу ұсынылды

Оңтүстік – аграрлық аймақ. Мұнда әлеует жоғары, мүмкіндік мол. Мәселен, облыста былтыр тамшылатып суару әдісі қосымша 8 100 га ендіріліп, жалпы көлемі 59 100 га жеткен. Бұдан бөлек, жылыжайлар қосымша 202 га салынып, жалпы 1 325 га ұлғайған. Бұл – республикалық үлестің 80 пайызы.

Облыс әкімі Ж. Түймебаев халыққа есеп беру кездесуінде осындай деректерді атап өткен-ді. 2018 жылғы облыстың ауыл шаруашылығы еңбек өнімділігін арттыру мен экспортты ұлғайту бағытындағы жоспарлармен таныстырған. Биыл жылыжайлар 200 гектарға ұлғайтылып, тамшылатып суғару әдісі 7 200 гектарға енгізілмек. 

Жуырда М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да «ОҚО агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетті дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Оған инвесторлар, ауылшаруашылық кооперативтері, кәсіпкерлер және ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қатысты. Экспорттық әлеуетті дамыту жөнінде пікірлер ортаға салынды. 

Оқу орнының ректоры Жұмахан Мірхалықов өз баяндамасында бірқатар жобаларды іске асырмақ ниетте екені аңғартты. Оның сөзінше, ОҚМУ өңірімізде «Агротехнология» мамандарын дайындайтын жалғыз оқу орны. 

– Біріншіден, мен IТ технология орталығын құруды ұсынамын. Облыс әкімі бұл бағытта тапсырма берген. Университеттің төңірегінен осындай орталық керек. Ол студенттер, магистарнттар, ғалымдар көп жүретін жерде орналасады. Ол жерде тек біздің студенттер ғана емес, қаланың, облыстың кәсіпкерлері, осы салада жұмыс істеп жатқан адамдар өздерінің білім-біліктілігін жетілдірер еді, – дейді ОҚМУ-дың ректоры.

 

Мүмкіндікті пайдалану керек

Шымкенттің ауылшаруашылық жерлері қолайлы жерде орналасқан. Ауа райының ылғалдылығы, суармалы жерлері, бәрі де қолайлы. 

Агро азық-түлік белдеуі үлкен мегаполис қалалардың өзінде болуы керек. Әрі тез дамуы қажет. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұхановтың айтуынша, агро азық -түлік белдеуін дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Арнайы бағдарлама жасалды. Бүгінге дейін қалада 30 кооператив жұмысын бастаған. 

– Агро азық-түлік белдеуін дамыту жұмыстарын әлі де зерттеп, талдауымыз қажет. Концепция жасадық. Ондағы басым бағыт – қайта өңдеу. Енді инвестиция тартуға көңіл бөлсек. Егер бұрын бір ғана «Оңтүстік» АИО болса, қазір ЕҚДБ (Еуропалық Қайта Даму Банкі) келіп отыр. Олардың ұсынған ауылшаруашылық гранттарына қол жеткізсек дейміз. Мемлекет отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге барлық жағдайды жасап отыр. Жергілікті шаруалар осы мүмкіндікті пайдалануы керек, – дейді қала әкімінің орынбасары ОҚМУ-да өткен жиында сөйлеген сөзінде. 

Жолдауда айтылғандай, агросектор саласында еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға баса көңіл бөлген жөн. Бұл салада да жаңа технологияларды мейлінше енгізіп, кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағыттап, маман-кадрларды бәсекеге қабілетті етіп даярлау қажеттігін туындап отыр. 

Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай атап өткеніндей, бізде ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу қажет. Сонда ғана еңбек өнімділігі артып, шығын көлемі азаяр еді.
Қалада ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.