Версия для печати

Томиристі танисыз ба?

Пятница, 23 Февраль 2018 07:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 13700 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Жуырда танымал қазақстандық кинорежиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram-дағы парақшасында «Томирис» фильмінде Тұмар ханшайымның рөлін сомдайтын актрисаны таныстырды.
– Достар, тарихи фильмнің басты рөлін сомдайтын әртісті зор қуанышпен таныстырғым келіп тұр. Альмира Тұрсын. 1991 жылы туған, дейді режиссер.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» компаниясымен бірлесіп, Ақан Сатаевтың «Тұмар» көркем фильміне кастинг жариялаған. Байқау нәтижесі бойынша Альмира Тұрсын үш деңгейден де сәтті өткен.
Алайда, Тұмар ханшайым кейпіндегі актрисаның суретін жариялағаннан кейін, оның бет-әлпеті мен киім үлгісі әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түсті. Пікір білдірушілердің бір парасы «Әртісті дәл таңдапты. Сұлу, әрі сұсты, әрі батыр» десе, енді бірі «Қазақтардың бет-бейнесіне мүлдем ұқсамайды. Киім үлгісі де басқаша» дейді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы:

– Қазіргі дайындық кезіндегі Томирис киімі маған түрпідей көрінді. Тек қана археологиялық қазбалардан табылған дүниелерге сүйенген нашар мамандардың жасаған реконструкциясы ұнамайды. ...Егер біз Томиристі көзі қызарған жауынгер, батыр қатын ретінде суреттесек, ондай фильмдер мен әдебиет біздің қоғамда онсыз да өршіп кеткен әйел еркіндігін күшейтіп жіберетінін ескеру керек. Ал бұл деген қоғам үшін де, мемлекет үшін де катострофа. Біз мектеп жасындағы қыз балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Кім дұрыс зерттеу жүргізді? Кинодан көретіндері еркекбасты қатындар, мектепте көретіні жалғызбасты қатындар! Мен әйел халқына қарсы емеспін, бірақ оларды жаппай батыр, жорықтас, жарты малтаны бірге жейтін жолдас, еркекпен жекпе-жекке шығып жүрген күш иесі ретінде тым дәріптеуге қарсымын.

Жолымбет МӘКІШ,
әлеуметтік желі қолданушы:

– Киногерлер актрисаны тарих ғылымындағы «сақтар парсытілдес халық болған» дейтін евроцентристік көзқарастың жетегінде жүріп таңдаған секілді. Өйткені оның түрі протоқазақтарға, балбал тастағы біз көрген бабалардың түріне мүлдем ұқсамайды. «Баяғы қазақтар көк көзді, cап-сары болған» дейтін күлкілі концепцияны тыңдап өскеннен кейін солай істеген шығар, білмеймін. Ол концепция да моңғолтектестердің бәрін кембағал халықтай көрген евроценристік саясаттың санамызға сеуіп кеткен сандырағы ғой. Осының кесірінен өз түрінен өзі жеріген, европалықтарға ұқсағысы келіп тұратын дүмше, дүбәра қазақтар пайда болды. «Томиристің» аты да тура сондай дүдәмал ат. Өйткені оның шын аты Томирис емес! Томиристің атын бізге ең алғаш естірткен – «тарихтың атасы» атанған грек тарихшысы Геродот болатын. «Ис» деген грек тілінің жалғауы. Егер осы «ис» деген тіркемесін алып тастасаң, «Тамир», «Темир» деген өзімізге таныс сөз шыға келеді.

Сәрсенбай КӘРІБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі:

– Қазір таза ұлт жоқ. Барлығы араласып, құраласып кетті. Қазақтар да баяғыда көздері жасыл, сары реңді болған. Ал 7-8 ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбалары, балбалтастардағы бейнелер және тағы басқа айтылып жатқан деректер біздің заманымызға тән. Ал Тұмар ханшайымдыкі біздің заманымызға дейінгі уақыттарда жатыр. Бұл туралы Геродот нақты айтып өткен. Ол ата-бабаларымыз мекендеген аймаққа жасаған саяхаты барысында скифтар мен массагеттерді салыстырады. Сол сапары аясында жазылған деректер бойынша біздің көзіміз жасыл, теріміз сары болған.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы:

– Таңдалған актриса Тұмар ханшайымның рөліне дəл келіп тұр. Сұсты сұлулық. Көздерінен өз басын бəйгеге тігіп қана қоймай, кез келген қаһарлы, қатал үкімді орындай алатыны көрініп тұр.

 

Тарихқа үңілсек, Томирис (Тұмар) – сақтардың, массагеттердің патшайымы, скифтердің көсемі Ишпақайдың ұрпағы, патшасы Мадийдің шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың қызы кей деректерде немере қызы деп те көрсетілген.
Оның жары тиграхаудтардың билеушісі Рустам болған. Алайда, б.з.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кир Рустамды және ұлы Сыпырды өлтіреді. Кейін Кир елші жіберіп Томиристі өзіне жар болуын сұрайды. Бұл ұсынысты қабылдамаған Тұмар ханшайым парсыларға қарсы соғыс жүргізіп, Кирдің басын алып, қанға бөктіреді.
Томирис қазақ халқында танымал есім. Мағынасы – «темірді майыстыру», «темірді қирату». Кей деректерде Сақ әйелдері жауынгер, соғысқа бейімделген, ат үстінде садақ ата алатын болған деп көрсетілген.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.