Заңсыздық жемқорлыққа жол ашады

Пятница, 02 Март 2018 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3759 раз

ОҚО аумақтық инспекциясы ұйымдастыруымен өсімдіктер карантині саласында көрсетілетін қызмет және құжаттардың рәсімделу тәртібі, кәсіпкерлердің міндеттері мен құқықтарын түсіндіру мақсатында іс-шара өтті.

zansyzdyk-zhemkorlyk

Жиынға ОҚО кәсіпкерлік палатасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің сарапшылары, ОҚО аумақтық инспекциясының бөлім басшылары, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары, Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының мамандары, ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдаушы кәсіпкерлер қатысты.
Елбасы Жолдауындағы «Жемқорлыққа қарсы күрес және заңның үстемділігі» бағытында айқындалып өткендей, ауылшаруашылық өнімдеріне сертификат беруде заңсыздыққа жол бермеу үшін кәсіпкерлерге өтінімдерді қалай толтыру керектігі мен тиісті құжатты қанша күнде алуы тиістігі туралы мамандар түсіндіріп өтті.

– Карантинге жатқызылатын өнімдерді экспорттау немесе республика ішінде тасымалдау фитосанитариялық немесе карантиндік сертификатпен тасымалданады. Фитосанитариялық сертификат – экспортқа шығатын өнімнің фитосанитарлық қауіпсіздігі мен фитосанитариялық талаптарға сай екендігін растайтын құжат. Аталған құжаттарды алу үшін, облыстың 16 аудан, қалаларында орналасқан аумақтық инспекцияларға немесе «Е-gov» порталы арқылы өтінім берулеріңізге болады. Өтінімдеріңіз қаралып 5 күн ішінде тиісті құжатқа қол жеткізе аласыздар. Мемлекеттік қызметтер ақысыз және кезек тәртібімен көрсетілетіндігін еске сала кетейік. Егер де, қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық пен сертификат алу бойынша туындаған сауалдарыңыз болса мекеменің 55-14-29 «Қаурыт желі» сенім телефонына хабарласуларыңызға болады – деді өсімдіктер карантині және фитосанитариялық бақылау бекеттері жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімінің басшысы М. Еспенбетов.
Жиынға қатысқан ОҚО кәсіпкерлік палатасы агроөнеркәсіп кешенін дамыту бөлімінің І-санатты сарапшысы А. Алибаев өнімді экспорттауда туындаған түйіткілді мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– Облыстан 2017 жылы Ресей Федерациясына 740 414,6 тонна карантинге жатқызылған өнімдер тасымалданып, аталған өнімдердің фитосанитарлық талаптарға сай еместігі жөнінде 34 нотификация келді. Нотификацияда көрсетілген жалған сертификатпен тасымалдау, өнім орамасында маркировканың болмауы, межелі пунктке жеткен соң кәсіпкер жергілікті уәкілетті органға өнімді карантингдік фитосанитариялық бақылауға ұсынбауы, көрсетілген мекенжайдан басқа мекежайға тасымалдануы сынды кемшіліктер орын алған. Мұндай жағдайды болдырмау үшін кәсіпкерлерге құжаттарды рәсімдеудің маханизмін кеңінен насихаттауымыз керек – деп түсіндірді
А. Алибаев.

Айта кетейік, облысымызда 2017 жылы жеке және заңды тұлғаларға барлығы 50 475 мемлекеттік қызметтер көрсетіліп, оның ішінде 46 412 фитосанитариялық және 4063 карантиндік сертификат рәсімделген.

Жиын барысында кәсіпкерлер сертификат алуда 3-4 күндік мерекеге сай келіп қалған жағдайда қандай шара қолдану керектігі мен құқығы, этикасы жайында мамандарға сауал беріп, тұшымды жауап алды.