Жеңіс Серғазин: Хирург кез келген жағдайға дайын болуы керек

Пятница, 02 Март 2018 08:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 397 раз

Бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, дәрігерге бармай, үйде отырып-ақ ем-дом жасап алатынымыз бар. Дегенмен, ота жасалып қана жазылатын ауруларды хирург дәрігерлердің көмегінсіз «ептей» алмайтынымыз белгілі. Жеңіс Райымжанұлы сондай қолы жеңіл хирургтардың бірі. Ол бүгінде Шымкент қаласындағы бүйрек, бауыр, асқазан және тағы басқа ішкі ағза мүшелеріне ота жасай алатын бірден-бір маман.

DSC 4995

Сағат 11-лер шамасы. Облыстық клиникалық ауруханасының алдында тұрмыз. Адам көп. Кіреберістегі тазалықшы апайдың айтуымен, аяғымызға бахила киіп, ішке кірдік. Қызметкерлерге Жеңіс Серғазинге келгенімізді жеткізіп едік, артынан жүруімізді сұрады. Баспалдақпен жоғары көтеріліп, үлкен дәлізге шыққан бойда, бейне бір саябаққа тап болғандай болдым. Дәліз түрлі өсімдіктерге толы. Гүлдердің сан түрі бар. Бұл гүлзар арбаға таңылған, балдаққа сүйенген науқастардың жанына сая болып тұрғандай.Дәліздің қиылысына таяғанда маған жол көрсетіп келе жатқан қызметкер гүлдің түбін қопсытып отырған апайды көрсетіп, «Міне мына кісі осындағы өсімдіктердің барлығын күтіп-баптайды» деді. Тұрған жерімде іштей алғысымды жаудыра бастадым. Қасынан тез өтіп кетсек те, ұзақ уақыт бойы ол кісінің жұмыс істеп отырған бейнесі көз алдымнан кетпей қойды...

Хирургия бөліміне келдік. Ақ халатты абзал жандар қызу жұмыс үстінде. Әп-әдемі нәзік жанды арулар палата мен бөлмелердің арасында зыр жүгіріп жүр. Нәзік жанды арулар деймін-ау. Істеп жүрген жұмыстары кейбір мен деген жігіттердің қолы қалтырайтын, жүрегі дауаламайтын жұмыстарды атқарып жүр емес пе?

Жол сілтеп келе жатқан қызметкер маңдайшасына «Медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, хирургия бөлімінің меңгерушісі Серғазин Жеңіс Райымжанұлы» деп жазылған есік алдында қалдырды. Есікті қағып, ішке кірдік. Ұзын бойлы, аққұба реңді, бұйра шашты кісі қарсы алды. Аман-саулықтан соң журналист екенімді айтып, қалада жасалып жатқан күрделі оталар, хирург мамандығының қыр-сырлары, шетелдегі тәжірибелері жайлы сұрай бастадым.

Айтуынша, бұрынырақта дәрігерлеріміз Қазан, Санкт-петербург, Москва секілді қалаларда білім алса, соңғы жылдары Оңтүстік Кореямен тығыз қарым қатынас жасап, тәжірибе алмасуда екен. Мәселен, Жанболат Ділдәбеков сол жақта 3 ай білімін жетілдіріп, жарты жыл жұмыс істепті. Қазіргі таңда бауырдағы көптеген ірі оталарды Шымкентте жасап жатыр. ТМД-да медицинасы жақсы дамыған ел – Белорусия. Ол жаққа да бірқатар қызметкерлер барып келген. Жуырда бүйрек, бауыр ауыстыруды бастайды.

DSC 4986

Сонымен қатар, қалада семіздікпен ауыратын науқастардың жиі ота жасататынын айтты. Негізінен Еуропада, әсіресе Америкада семіздікпен ауыратын адамдар көп. Адам толысып кетсе жүруі қиындайды. Кейіннен қантты диабетке ұшырайды. Қан қысымы жоғарылап кетеді. Өздері салмақ тастауға шамасы келмей қалған кезде, олардың асқазандарын кесеміз. Үлкен асқазанын кескенде кішкене бір ғана түтікшесі қалады. Сонда адам тамақты өте аз ішетін болады. Тәбеті болмайды. Тек өзіне қажетті тамақты ғана жей алады. Сөйтіп азады.
– Кейде ойламаған жерден қатерлі ісік ауруларымен де «бетпе-бет» келіп қалатын кездер болады. Бірақ оны жоспарлы түрде жасамаймыз. Мәселен, науқастар бізге сібір жарасы немесе асқазаннан қан кетті деп келеді. Біз ота жасап жатқан кезде байқасақ, оның кеселі рак болып шығады. Мұндайда «сіз біздің емдейтін науқасымыз емес екенсіз, онкологиялық диспансер дәрігерлерінің жұмысы екен» деп жараны жауып қоя салмайсың ғой. Операцияны аяқтауға тура келеді. Бірақ одан ары қарай онкологияға барып, химиятерапиядан өтеді, – дейді Жеңіс Серғазин.

Осындай отаға байланысты Жеңіс Райымжанұлының өзі де Сеулға барып қайтқан. Енді асқазанды кеспей-ақ алатын боламыз деп отыр. Өйткені, салмағы ауыр адамдарға пышақ тигізсең жүре алмай қалатын көрінеді. Ал, дәл қазіргі таңда кеспей жасалып жатқан отаның түрі – диафрагма. Бізде оны көкет дейді. Сол мүшеде өңеш өтетін жер тесік болып келеді. Кейде тесікке асқазан кіріп кетіп, қысылып қалады. Соның салдарынан науқас тамақ іше алмай, ауырсынып, лоқсиды екен. Хирургтар мұны да кеспей, жай тесіп қана асқазанды қалпына түсіруде.
«Аурудың зардабын ауру баққан біледі». Бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан мақалы. «Халық айтса, қалып айтпайды». Иә, расымен де дәрігерлер ем алушыға не керек екенін, оның қандай күйде тұрғанын, аурудың қаншалықты ауыр екендігін сезінбейінше жақсы дәрігер бола алмайды. Ал дәрігерлердің ішінде білікті хирург болу үшін талап көп.

– Жақсы хирург болу үшін, көп білім керек. Медицинаның барлық салаларынан хабардар болуға тиіс. Бұған қоса адамгершілік, мейірімділік, сенімділік қасиеттер науқастарды дәрімен ғана емес, жүректің жылуымен емдеу үшін де керек. Бізге сенбі, жексенбі күндері де демалыс болмауы мүмкін. Кез-келген уақытта, керек болса түннің ортасында да жұмысқа дайын болуың керек. Хирург болсаң әйелің, отбасың да түсіністікпен қарауы керек. Нақтылық, дәлдік, жауапкершілік жоғары болу керек, – дейді хирург.

Жеңіс Райымжанұлының медицина саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Бұған дейін жедел жәрдемде, онкологияда қызмет еткен. «Алтын скальпель» иегері, мақтаулы, білікті Жандар Жұматаевтың шәкірті. 2016 жылдың «Үздік хирургі», ОҚО мемлекеттік фармацевтика академиясының «Құрметті профессоры».
Ауру айтып келмейді. Кез келген уақытта, кез келген жерде ақ халатты абзал жандардың қызметіне жүгінуіңіз мүмкін. Сондай уақыттарда шетелге шапқылағаннан, өзіміздің елде, тіпті Шымкентте отырып ем қабылдағанға не жетсін. Сондықтан дәрігерлердің біліктілігі маңызды мәселе болып қала бермек.

Осы ойлардың жетегімен Жеңіс Райымжанұлымен қош айтыстым. Хирургия бөлмінен шығып, гүлдер толы дәлізге қайта келдім. Танауым спирт, иод, түрлі-дәрі дәрмектердің иісінен бір сәтке арылып, өсімдіктердің хош иісінен ләззәт алдым. Қыс мезгілінен қалған әсер ме, жасыл-желекті сағынып қалыппын. Дәліз соңына келіп, сыртқы есікке бет алғанымда, арбаға таңылған емделуші соңымнанц қарап қала берді...

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.