Экзоскелет – робот құрастырудағы алғашқы жетістік

Пятница, 02 Март 2018 09:15 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 312 раз

Робот құрастырушылар қимылсыз қалған денеге жасанды интелект арқылы жан бітірмек. Әлемде мұны АҚШ, Израиль, Жаңа Зеландия, Ресей, Жапония сынды мемлекеттер елдер қолға алған. Экзоскелет жасаушы осы бес мемлекеттің қатарына жуырда ғана 6-шы болып Қазақстан енді. Алғашқы аяқ алысынан-ақ халық арасында бұл құрылғыға сұраныс артып отыр. «Viptop robotics» компаниясы осылайша тағдырдың тауқыметін тартып, мүгедектер арбасына таңылған талай жанға үміт отын сыйламақ.

ekzoskilet-1

Негізгі мақсат –бес бағыт

Алғашқы ой көмек беру және емделу жолын жеңілдетуден туған. Яғни, шымкенттік кәсіпкер Әбдіразақ Жанбосынов жүру, тұру мүмкіндігінен айырылған азаматтарға көмектесу мақсатында робот құрастырушы жас ғалымдар мен өнертапқыштардың басын бір арнаға бұрады. Елбасының Жолдауындағы цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып отырғанын түсінген кәсіпкер алғашқы экзоскелетін құрастыруға кіріседі. Ол аталмыш құрылғыны болашақтың қажетіне балайды.

– Әр қалада жүрген жас мамандардың басын қосып, бір жыл бұрын экзоскелет жасауды бастадық. Бүгінге дейін үш экзоскелет құрастырдық. Оның біріншісі ауыр зат көтеруге арналған. Белгілі себептермен ол аяқсыз қалды. Ал екінші экзоскелетті 11 жасар Ақмарал деген қызға сыйға тарттық. Үшіншісі де бітуге таяу, – дейді компания басшысы Әбдіразақ Жанбосынов.

Екінші басымдық әлеуметтік салаға беріліп отыр. Оның ішінде құрылыста оқыстан денсаулығына зақым келіп, жұмыссыз қалған кісілер мен дәл сондай қиындықпен бетпе-бет күресіп жүрген адамдардың өмірін қалайда жеңілдеткісі келеді. Алғашқы экзоскелетті қайырымдылық ретінде сыйға берген компания осы санаттағы өзге жандарға арнап алдағы уақытта жаңаларын құрастыруды көздеп отыр. Олар тек белден төменгі тірек-буын органдарын ғана назарға алып қоймай, ес-түссіз жатқан науқастардың орнынан тұруына жағдай туғызбақ. Медицина саласы мамандарын да бұл құрылғы таң қалдырған. Экзоскелеттің адам денсаулығына да пайдасы орасан зор. Бұлшықет пен сүйек тінін жұмыс істеткізеді, қан қысымын қалпына келтіреді, ас қорыту жүйелерінің қызметін жақсартады.

ekzoskilet-2- Елімізде бүгінгі таңда 626 мың мүгедек бар. Бірақ олардың қатары күн санап артып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер аз емес. Ең тиімдісі – олардың аяққа тұрып кеткендері деп есептеймін,- дейді врач-травматолог Талғат Бейсебаев.

Үшінші мақсат – жалпы өндірісті дамыту. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екені мемлекеттің биылғы Бас жоспарында айтылды. Міне, компанияның алға қойған басымдықтарының қатарында зауыт, фабрика кәсіпорындар жұмыстарын жеделдету, жұмыс процесін жеңілдету мақсатында экзоскелеттер құрастырылмақ. Бұл құрылғының құрылыста да пайдалы тұстары бар. Мысалы, таулы аймақтарға немесе бой көтеріп жатқан ғимараттарға үлкен техника кіре алмаса, экзоскелет арқылы ауыр зат жеткізіп, оларды ары-бері тасып, орнынан жылжытуға болады. Яғни, кәсіпкер айтып өткен аяқсыз қалған экзоскелеттің бірі тап осы ауыр заттарды көтеруге арналған. Оның көмегімен тау-кен, шахта, жедел құтқару саласындағы адамдардың жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік мол. Соңғы мақсатты әлі іс жүзінде пайдаға жаратып көрмеген. Алайда әскери салада да экзоскелеттің қажетке жарайтынын жеткізді.

 

«Медет» сыйлаған құрылғы

Елімізде өмірдегі әртүрлі сынаққа тап болған 700 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 100 мыңнан астамы арбаға таңылғандар. Әрине осыншама адамның барлығына экзоскелет әзірлеп беруге компанияның қауқары жетпейді. Ол үшін үлкен орын мен еңбек қолы керек. Дегенмен алғашқы «Медет» Ақмарал есімді қызға сыйланды. 4 жасында биіктен құлап, арбаға таңылған балақайдың арманы өз аяғымен жүру еді. Әбдіразақ Жанбосынов сыйға тартқан экзоскелеттің арқасында арманы орындалып, өмірге деген құштарлығы қайта оянғандай болды.

– Ақмаралдың құрылғыны киіп, алғашқы қадам жасағандары әлі де көз алдымда. Балақайдың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Анасы да алғасын жаудырып жатыр, – дейді Орта Азия елдеріндегі алғашқы экзоскелетті құрастырған кәсіпкер.

Айта кетейік, Ақмаралға сыйға тартқан экзоскелеттің құны 12 мың АҚШ долларына тең.
Кәсіпкердің айтуынша, қиналған жандарға медет сыйлайық деген оймен құрылғыларға осылай «Медет» атауын берген. Сондай-ақ, бұл «медицина» сөзіне де жақын атау дейді. Бүгінгі таңда экзоскелеттің үшіншісі жасалып бітудің алдында тұр. Әрбір құрылғы жекелеген адамдардың жағдайына ыңғайлап жасалынады. Оның салмағы, қимыл-қозғалысқа оңтайлы болуы үшін компьютердің көмегімен арнайы бағдарлама енгізіледі. Кейін бір ғана батырманың көмегімен жүре алмайтын жанды құрылығы 2 сағатқа дейін орнынан тұрызып, жүруіне жәрдемдеседі. Өйткені оның қуаты сол уақытқа ғана жетеді. Егер қуат көзі таусылып қалса, электр қуатына қосып, қайта пайдалады. Шет елдегі экзоскелеттің де шама-шарқы сол уақытты құрайды.

 

Жаңа офис –жаңа бастамалар

«Viptop robotics» компаниясына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қолдау білдіріп, Алматы қаласындағы ғылыми зерттеу институтынан офис берген. Бүгінгі таңда онда 5 адам экзоскелет құрастыруда. Әбдіразақ Жанбосыновтың айтуынша, экзоскелеттер жігіттердің өз ойларынан туындаған. Яғни, олардың сыртқы көрінісі, жалпы болмысы ешқандай көшірме емес. Әр экзоскелетті жасаған сайын өзгерістер енгізіп, жетілдіріп жатыр. Алдағы уақытта экзоскелет құрастырушы шетелдік әріптестерінің жұмыстарымен таныстырып, әріптестік байланыс орнатпақ.

Ендігі мақсат – ағымдағы жылдың жартысына дейін айына 10 дана «Медет» экзоскелетін құрастыру. Жыл соңына дейін оның санын айына 50-ге жеткізіп, ал M PRO деп аталатын экзоскелеттің түрінен 25-тен асыруды көздеп отыр. Алдағы жылдары әскери салаға арналған және жалпыға ортақ сериялы экзоскелеттер жасап көрмек. Бағаларына тоқталсақ, АҚШ-та бір экзоскелет 110 мың доллар тұрады. Ал Ресейде оның құны 45 мың доллар болса, біздегі жоспарланған баға 10-12 мың доллар шамасында. Бұл компанияда жұмыстың көбі қолмен атқарылады. Сондықтан да бағасын төмендетуге мүмкіндік бар. Экзоскелетке қажетті қозғалтатын редукторды ғана Жапониядан алдыртады. Ал қалған қажетті темір-терсектің бәрі өзімізден шығады. Компания басшысы Ә.Жанбосынов қазіргі таңда робот құрастырушы жастардың барлығына ортақ ғылыми отралық ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Ол үшін 70 млн теңге көлемінде қаржы қажет.

Сөз жүзінде қолдау білдіргенімен, іс жүзінде әрекет етуге белсенділік танытатын жандар әзірге табылмай тұр,- дейді кәсіпкер. Егер бұл игілікті істі қолдаушылар табылып, жұмыс жүйеге қойылса, кәсіпкердің мақсаты орындалғаны. Елімізде Орта Азиядағы экзоскелет құратыратын алғашқы орталық ашылып, толыққанды іске кірісер еді. Ал бұл – қаншама мүгедек жанның аяғына тұруына, оған қоса өндірістік процестердің өркен жаюына жол ашары анық.


Фото: Әйгерім Бегімбет