Жаңа бағдарлама қалай іске асады? Избранное

Среда, 14 Март 2018 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 305 раз

Елбасы Н.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үкіметтен үлкен іске бел шеше кірісуді талап ететіні анық. Әсіресе баспана мәселесінде қоғамның көңілінен шығатын бастама жасалды.

Айта кетерлігі бес бастаманың дәл осы бағытын жүзеге асыру үшін Қазақстанда ипотека берумен айналысатын тағы бір компания құрылатын болды. Ол компанияның қалай аталатыны әзірше белгісіз. Дегенмен, оның нақты міндеті анық, тұрғын үйдің ипотекасы 7 процентпен 25 жылға берілуі шарт. Ал алғашқы жарнаның көлемі 20 процент болады. Бүгінде ондай шарттармен еліміздегі бірде-бір банк заем бермейді. Тіпті, «Нұрлы жер» бағдарламасында ондай жеңілдіктер қаралмаған. Ендеше алдағы уақытта Қазақстанның ипотекалық нарығында біраз өзгерістер болуы әбден мүмкін. Оны шенеуніктердің өздері де растап отыр. Елбасы көтерген «7-20-25» бағдарламасының механизмі әлі дайын емес. Дегенмен, Үкіметтегі талқыға байланысты аталған бастаманың қалайша іске асатынын сараптап көрген едік.

Сонымен, жаңа бағдарламаның негізгі шарттарын Президенттің өзі белгілеп берді. «Бізге Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер және қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Ұлттық банк арнайы компанияны құруы тиіс. Аталған компания, кем дегенде, бір триллион теңгені тартып, жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуы қажет», – деді Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында. Демек, жаңадан құрылатын компания екінші деңгейлі банктерге қаржы құйып, ипотеканың мөлшерлемесін 7 процентке дейін түсіруі әбден мүмкін. Алайда бүгінде дәл осы схема бойынша жұмыс істейтін компания бар. Ол – Қазақстанның ипотекалық компаниясы. Аталған ұйым арқылы берілетін ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 10 процентті құрап отыр. Одан кем түспейді. Сарапшы мамандардың сөзіне қарағанда, 7 проценттік ипотеканы іске асыру міндеті дәл сол компанияға жүктелуі мүмкін. Әйтсе де Қазақстанның ипотекалық компаниясының құзыретін кеңейту үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгеріс енгізу керек. Ал Президенттің айтып тұрғаны – бөлек бағдарлама. «7-20-25» бөлек мемлекеттік бағдарлама ретінде қолға алынса, оның операторы, яғни іске асырушы органы да бөлек болады. Айтпақшы, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаға араласпайтынын растаған болатын. Оның айтуынша, аталған ұйым өз қызметін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғастыра береді. Бұл ретте министр ипотека нарығында бәсекенің қыза түсетінін де алға тартты. «Қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық ипотеканың жартысынан көбін алып отыр. Меніңше, жаңа компанияның келуімен бәсеке қыза түседі. Әлбетте, халық арзан ипотеканы асыға күтіп отыр. Компания құрылғаннан кейін адам кезегі де көбейді. Оны да жақсы түсінеміз. Алайда Мемлекет басшысы ипотека саласына бір триллион теңгеге дейін қаржы тартуды тапсырған болатын. Сондықтан жаңа бағдарлама қарбалассыз іске асырылуы тиіс», – дейді Жеңіс Қасымбек. Сосын министр мырза 7 проценттік ипотеканың екінші деңгейлі банктер арқылы берілмейтінін айтып отыр. Оның сөзінше, арзан ипотеканы берумен алда құрылатын компанияның өзі айналысады. Олай болса, «7-20-25» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты бөлек бір ипотекалық банк құрылатын шығар. Қалай болса да, бір нәрсе анық, тұрғын үй құрылысы саласында да, ипотекалық нарықта да бәсеке қызады. Себебі жаңа бағдарламаның аясында жыл сайын 100 000 пәтер, яғни 5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғаннан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасына, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы қойып отырған талаптарға да өзгеріс енгізуге тура келеді. «Мәселен, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаның шарттарына шыдай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Дегенмен, біз Тұрғын үй құрылыс банкінің де, Қазақстанның ипотекалық компаниясының да жұмысын қайтадан қараймыз. Енді, ол жердегі берілетін несиелердің жағдайын дұрыстау керек, жеңілдетуіміз керек», – деді М.Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Әрине, 7 проценттік несиенің болғаны тиімді. Халықтың сұранысын осымен қанағаттандыруға әбден болады. Алайда оған бюджет қаражаты жеткілікті бола ма? Министр Жеңіс Қасымбек арзан ипотека бәріне жетеді деп отыр. Ендіші бір мәселе арзан ипотекаға қандай баспана алуға болады? «Арзанның жілігі татымайды» деген мақал бәріне белгілі. Мәселенің осы жағы қалай? Яғни, жаңа бағдарлама аясында салынатын баспананың сапасын естен шығармау қажет-ақ. Осы салада мемлекеттік бақылау шаралары бар. Оған дау жоқ. Дегенмен, құрылыс саласында әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық әрекеттері көп. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған зерттеуге сәйкес, құрылыс жұмыстарын атқару бойынша ұйымдастырылатын мемлекеттік сатып алуларда демпинг мәселесі ушығып тұр. Палата төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, осы уақытқа дейін 8 мың тендер зерделенді. Зерттеуге сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша демпинг 34 процентке, ал жобалық-сметалық құжаттарды даярлау саласында аталған көрсеткіш 72 процентке (!) жетті. «Мәселен, «Казаxстанский Водоканалпроект» ЖШС Алматы облысының Талғар қаласындағы 300 орындық мектепті жобалау құнын 24 млн теңгеге дейін түсірген. Алайда ол жұмыстың өз бағасы 61 млн теңге болған. Сол сияқты Қарасай ауданында мектепке жапсарлас құрылысты жобалауға тендер жарияланды. 600 орынға есептелген нысанды жобалау жұмыстарына 54 млн теңге қарастырылған болатын. Ал «Проммедконтракт» ЖШС бағаны 26 млн-ға дейін түсіріп, тендерге кіріп алған», – деді Е.Рамазанов кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысында. Оның айтуынша, Астананың өзінде баға демпингі бар. Мәселен, Ұлы Дала даңғылы (бұрынғы Хусейн бен Талал – авт.) бойында орналасқан тұрғын үйдің құрылысы бойынша теxникалық бақылаудың қызмет құны 41 млн теңге деп белгіленген болатын. Алайда «VEHI.KZ» ЖШС бағаны 17 млн-ға дейін түсіріп, тендерді оп-оңай алып кетті. «Осының нәтижесінде ақша барынша үнемделеді. Жоба өзгертіледі, сапасыз материалдар сатып алынады. Кәсіби жұмысшыларды да тартуға мүмкіндік болмайды. Содан құрылыстың сапасы төмендейді. Сол себепті демпингтің шекті көрсеткішін тездетіп орнату қажет. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар бойынша типтік келісімшарттарды бекіткен жөн», – дейді Е.Рамазанов. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларына лицензияны беру саласында тәртіп бұзушылықтар аз емес. Соның салдарынан саны көп, сапасы аз компаниялар көбейіп кеткен. Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін құрылысты жүргізуге 29 мың лицензия берілді. Алайда белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 300-ге де жетпейді. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП құрылыс компанияларының бірыңғай тізімін жасауды ұсынып отыр. Онда нақты бір компанияның салып шыққан нысандары, материалдық-теxникалық базасы, аттестациядан өткен мамандары, бұған дейін қатысқан тендерлері және тағы басқа ақпарат көрсетілуі шарт. Соның арқасында лицензия берудің ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Компаниялар арасындағы бәсеке де қыза түседі. Ал бәсеке болса, сапа да жоғарылайды. Үкімет әлгіндей олқылықтарды болдырмау үшін бақылау тетіктерін күшейтсе. Сонда ғана «7-20-25» бағдарламасы аясында салынатын баспананың да сапасы жоғары болады деген сенім бар. Әйтпесе дәл осы мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспаналардың сапасына қатысты басынан дау кеткен емес. Осы жағын да ескеруге тура келеді.

 

Арман АСҚАРОВ,
журналист

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.