Версия для печати

ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК: мәдени қатынасы жаңаша қарқын алуы тиіс Избранное

Пятница, 16 Март 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7934 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Өзбекстанның Қазақстандағы мәдени күндеріне орай


Өзбекстанның Қазақстандағы мәдени күндері Астанадан басталады. Ол Наурыз мерекесі қарсаңында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиті кезінде ашылып, Қазақстанның Астана, Алматы секілді ірі қалаларында Өзбекстан киносы күндері өтеді.

Екі елдің ежелгі достық ұстанымына Тәуелсіздік жылдарында еш сызат түскен жоқ. Дегенмен, тәуелсіздік алған күннен бастап бір-бірімізге құшақ ашып, аралас-құраластықты арттыра түстік деп айта алмаймыз. Бүгінде сол олқылықтардың орнын толтырудың сәті келді. 


Қазақ пен өзбек арасында достықтың тамыры тереңде екенін айғақтайтын «өзбек өз-ағам, сарт - садағам» деген атам қазақтың өзбек ағайындарға жасаған ізеттілігінен байқауға болады. Бұл ізеттіліктің астарында тарихи ұғым жатыр. Ортағасырлық бірқатар түркі, парсы тіліндегі жазбаларда «өзбек-қазақ» атауы бір ұғымда қолданылған. Себебі, оның жазбагерлері өзбек пен қазақты бір-бірінен ажыратып жатпаған. Көшпелі өзбектер мемлекетінен Қазақ хандығы бөлініп шыққан соң оның мұрагері Шайбани ұлысының халқы өздерін «біз өз-бектерміз» деп атап, кейіннен олар Бұхара әмірлігі мен Қоқан, Хиуа хандықтарының негізгі халқын құрады. Бүгінгі Өзбекстан сол Қоқан, Хиуа хандықтары және Бұхара әмірлігі орналасқан аумақтарда құрылды. 1923-1924 жылдары жүргізілген межелеу кезінде Кеңес билігі отырықшы жұрттың бәрін «өзбек деп аталуға тиіс» деп шешіп, «сарт», «құрама» атауымен жүрген этникалық топтар өзбек болып жазылып кетті. Одан бөлек «бұқар еврейлері», «бұқар арабтары», «қоқан қыпшақтары», ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, тәжіктердің біршама бөлігі өз еріктерімен өзбек болып жазылып кеткендігі Өзбекстан жұртына белгілі. Бүгінде өзбек халқының санының 32 миллионға жетіп отырған себептерінің бірі де осы. 

Ж.Баласағұнның «Құтадғұ-Білігінде», Шыңғыс ханның «Құпия шежіре-сінде, З.Бабырдың «Бабырнамесінде» және басқа да орта ғасырлық жәдігер-лерде «сарт», «сартауыл» деген сөздер кездеседі. Бұл «сарт» атауының «өзбек» атауынан бұрын шыққанының дәлелі. «Сарт» сөзінің шығу төркіні үнді саудагерлерін санскритше «сартхаваха» деген атауға байланысты туды. Ежелден сауданы кәсібіне айналдырған үнді, парсы «сарттары», еврей көпестері және кейіннен оларға қосылған өзбек саудагерлері орталық Азияның үлкен қалаларының барлығында дерлік өз дүкендері мен сауда-саттық базарларын ашып, іс жүргізді. Сонымен қатар диқаншылық, қолөнер және мал ұстау кәсібін дамытуға да зор қолғабыс жасады. Ғасырлар бойы «сарттар» қалаларда негізгі жұмыс берушілерге айналып, мәртебелі «қожайындар» аталды. Әртекті «сарттар» сопылық тарихат жолдарын ұстанды, бұл оларды рухани жағынан біріктірді. Жұмсақ тілі бар, ділі бар суперэтносқа айналды. Кеңестік билік «сарт» сөзі «саудагер», «алыпсатар» деген «буржуазиялық атау» ретінде түсінік бергені үшін олай атауға тыйым салды. Сарттар тоталитаризмнің күшейген жылдары қатты қудалауға ұшырады.

Бұқар еврейлерінің бір бөлігі исламға дейін, кейінгі бөлігі арабтардың исламды кеңінен таратуы кезеңінде келді. Бұқарадағы «Мирараб» медресе-сінің жұмыс істеп жатқанына 1000 жылдан асты. Орта ғасырларда және кейінгі жаңа кезеңге дейін оның атақ-даңқы төрт ықылымға тарады.

Қоқандық қыпшақтарға келсек, олар туралы ХІХ ғасырдағы орыс және түркі жазбаларында көптеген мәліметтер кездеседі. Қоқан ханы Шерәлі ханның регенті - «Аталық», қыпшақтар атты жасағының қолбасшысы Мұсылманқұл, Қоқан ханы Мухаммед Сейіт ханның регенті - «Аталық», 1862-1865 жылдары Қоқан хандығының бас әскери қолбасшысы Әмірләшкәр Әлімқұл Хасанбиұлы - қоқандық қыпшақ тайпасынан шыққандар.

Мұстафа Шоқайдың арғы атасы мен «Қыз Жібек» фильмінің режиссері Сұлтан Қожықовтың ататегі қоқандық қыпшақтардан екені мәлім.

Құрамалар туралы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Түркістан өлкесіне қатысты орыс жазба деректерінде кездеседі. «Құрамалар» бүгінде Ташкент облысының Шыршық, Ангрен өзендерінің аумағында және Самарқант, Ферғана жазығындағы бірқатар аудандарда мекен етеді. 

Ташкент облысының Ахан-гаран ауданында құрамалар көбірек шоғырланған. Сонда тұратын өз бауырларымыздың айтуынша, құрамалардың шығу тегі туралы екі көзқарас бар. Біріншісі, олардың тегі «қарақытайлар» дейді. Моңғол шапқыншылығынан кейін күйреген, елсіз қалған босқын қарақытайлардың еңбек күшін диқаншылыққа пайдалану үшін жергілікті билік егістік алқаптарында арнайы «шипонгтар» (шиден жасалған үйшік - Б.А.) құрып, пайдаланған. Келе-келе олар жергілікті халықпен араласып, өздерін «құрамалар» деп атап кеткен екен. Екінші көзқарас, жаугершілік кезеңінде сулы, егіншілік кәсібі дамыған аумақтарға үдере көшіп келген қазақтар жергілікті өзбек, тәжік, ұйғырлармен араласып, жекжат-жұрағат болып кетті, олар «құрамалар» деп аталып кеткен дейді. Бұл екі көзқарастың да жаны бар. Оның шындығына тек антропологиялық тиянақты зерттеуден кейін ғана толық көз жеткізуге болады.

Мұстафа Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесінде («Ислам Шуроси» партиясы - Б.А.) қазақ, өзбек қайраткерлері бірге қызмет етті. Олар бірін-бірін тілмашсыз түсінді. Ташкенттегі большевиктердің қысымынан соң басқа қалаға емес, тек Қоқан қаласына көшуінде үлкен сыр бар болатын. Онда өлке мұсылмандарының төтенше съезін тез арада өткізу ісіне көмек беретін және қолдайтын өзбек қыпшақтары, қырғыз қыпшақтары, қазақ, тәжік, ұйғыр мен құрамалар көп болды. Олар Мұстафа Шоқайды жақсы білді. Мұстафа Шоқай мен Мұқаметжан Тынышпаев басқарған Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесі-партиясының Түркістан өлкесінде билігі жүзеге аспағанымен, 1930 жылдарға дейін созылған Түркістан азаттық қозғалысын оятып кетті. Ол кеңестік тарихнамада «басмашылар қозғалысы» деген атпен белгілі.

Түркістан орталық атқару комитетін Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов басқарған жылдар қазіргі Өзбекстан тарихнамасында жан-жақты зерттелді. Сонда ол екеуінің қызметіне зор баға берілген.

Мемлекет басшылары Д.Қонаев пен Шараф Рашидов тұсында екі ел ақын-жазушылары кездесулер ұйымдастырып, сұқбаттар жүргізіп, түрлі жанрда шығармалар аударған. Бұл туралы сол кезеңінің бұқаралық ақпарат құралдары баяндап отырғанын және өзбекше аудармаларды Ташкенттің кітап дүкендерінен көрдік. 

Қазақ театрлары Өзбекстанның қазақ ауылдарына барып, өнерін жүйелі көрсететін.

Өзбекстандағы өкілетті елшіміз Ерік Өтембаев деректі, көркем-публици-стикалық және көркем фильмдер бағыттарындағы жобаларды іске асыру бойынша бірлескен жол картасын жасау туралы жуырда «Узбеккино» басшысы Ф.Закировке ұсыныс жасады. Закиров фильм түсіру бойынша бірлескен жобаларға қатысуға дайын екенін айтты. Елшіміз қазақстандық және өзбек фильмдерін екі ел аумағында прокатқа шығаруды да ұсынды. Елшіміздің бұл ұсынысына өзбек кинематографистері зор қолдау білдірді. Осылайша екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қол жетеді.

Бүгінде әдеби, мәдени байланыстарды нығайту өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлі де Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық және мәдени қатынастар өз әлеуеттік деңгейінен едәуір төмен жағдайда. Өзбек пен қазақтар өзара әңгімеде «базарымыз да бір, мазарымыз да бір» деп айтады. Шындығында солай, өткен ғасырдың 50-60 жылдарына дейін оңтүстік жұртының базары, білім алатын оқу орны Ташкент қаласы, ал саяхаты Самарқант, Бұқара қалалары болды. Әдет-ғұрпы мен менталитетінің ұқсас болуының бір себебі де осы. Ең алғашқы педагогтар дайындайтын қазақ жоғары оқу орны (Казинпрос - Б.А.) Ташкентте ашылғанын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Діні бір, тілі бір, тарихы бір халықтардың интеграциялық байланыстарды үдетуіне ешкім кедергі емес. Тек өзара достық қатынас үшін ықылас пен ниет болса болды. Кеденнен Өзбекстан азаматтарына 1 мың долларға дейін кеден салығынсыз зат алып өтуге рұқсат етілді. Дүние алма-кезек емес пе, өзбек ағайындар Шымкенттің базарлары мен маркеттерін шарлап жүр, өздеріне қажет деген тауарларды көтере алып кетіп жатыр.

Қазақ пен өзбек достығы қазіргідей емес, тығыз ағайындық қарым-қатынаста болса, екі мемлекеттің ғана емес, Алты Алашты ұран еткен тұтастай түркі елдерінің мерейі әлдеқайда үстем болатыны сөзсіз.

 

Бахадыр АЙТАЙ,
ОҚМПУ-дің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.