Құрылыста қыздар жүр...

Пятница, 30 Март 2018 03:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 931 раз

Қазіргі таңда тек ерлер немесе әйелдерге арналған мамандықтардың шекарасы жойылуға шақ қалған. Ер-азаматтар нәзікжандылардың жұмысын шебер меңгерсе, арулар да ауыр саналатын тірліктің бел ортасында жүр. Солардың бірі – «Отау строй» құрылыс компаниясының жобалаушы-құрылысшысы Ұлжан Найзабекова оқушы кезінен дипломат болуды армандағанын айтады.


DSC 8156

Ұлжан мектеп кезінен шет тілдерін меңгеріп, туристік бағытта шетелдіктермен тікелей байланыс жасауға қызығады. Дегенмен, өзінен үлкен бауырлары жоғары оқу орнын тәмамдағанша үйдегі қаражат қоры азая бастайды да, Ұлжан мектеп бітірген жылы оқуға түсе алмайды.

– Мен мектеп бітірген 1998 жылы оқуға түсіп кету сондай қиын болды. Өзімнен бұрын ата-анамның қас-қабағына қарадым. Әкем де өзінің жолын қуып, мықты экономист болғанымды көргісі келетін. Ата-анамның үмітін ақтауға сонша асық болғаныммен, екі жыл қатарынан оқуға түсе алмадым... Бұл менің бала көңіліме жеңіл тиген жоқ. Кейде қолымнан ештеңе келмей ме деген қорқыныш еркімді билеп алатын, – дейді Ұлжан.

Өзінің болашақ құрылысшы екенінен мүлде бейхабар қыз күндіз ізденуден, ал түнде шетелдерде жұмыс барысымен саяхаттап жүргенін қиялдаудан жалықпайды. Содан 2000 жылы грант негізінде ақысыз оқуға түсуге барын салады. Сол сәттерді еске алған Ұлжанның бір мұңайып, бір жадыраған жанарынан жас түлектің арман биігіне көтерілуге асыққан құштарлығы байқалды. Демеуге қаншалықты мұқтаж болғанын ұқтыра түскендей. Тіпті, мектепті жап-жақсы бітірсе де оқуға түсе алмаған, сол үшін қамықса да мақсатынан танбаған жас қыздың өмір сынағына төтеп беруіне алаңдай бастайсың. 

– Сыныптастарым үшінші курсқа көшкенде мен оқуға құжат тапсырдым. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да Сақи Қуаныш деген әкемнің нағашы ағасы дәріс беретін. Ол «Екінің бірі қаржыгер, заңгер болып жатыр. Ертеңгі күнді де ойлау керек, жұмыс табу қиын болады» деп, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша грантқа тапсыруға кеңес берді. Құжат тапсырып отырып та бұл таңдауға көнгім келмей, бар болғаны «дипломатқа» ойым ауған. Бірақ, оған 1 грант және 2 несие бөлініпті. Түсе алмайтыным анық. Ал үшінші рет мүмкіндікті жіберіп алып, әке сенімінен шыққым келмеді.

Құрылыс – жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары, тек ер азаматтарға арналған мамандық сынды. Дегенмен, жолы болып, Ұлжан М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың механикалық-құрылыс факультетіне «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша грантқа түседі. 

– Әр сабақта бетон, арматура, шатыр, еден, қабырға деген сөздерді естігенде көз алдыма құрылыс алаңында кірпіш тасып жүргенім елестейтін. Мамандығымды ешкімге дәл атамауға тырыстым. Ата-анама салмақ салмай грантқа түсіп, стипендиямен оқығаным ғана жұбаныш сыйлаған, – деген Ұлжан осыдан 18 жыл бұрынғы аңғал студенттің қылығын еске алып, күлді.

Содан жас маман 2005 жылы «Қазақ ғылыми-зерттеу және химия өнеркәсібін жобалау институтында» инженер-жобалаушы болып жұмысқа кіріседі. Негізгі тәжірибені сонда алады. Құрылыс жұмыстары азайғанда қысқартуға ілінеді. Ал тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде қолға алынғанда қайта жұмысқа кіріп, мамандықтың ыстық-суығын сезінеді. Ал 2012 жылдан бері «Отау Строй» құрылыс компаниясында қызмет етіп келеді.

Соңғы жылдары Оңтүстікте тұрғын үйлер көп салынып жатыр. Әлеуметтік нысандар да көбейді. Әсіресе, Шымкент қаласында халықты баспанамен қамту жоспарлы түрде жүйеге қойылған. 

– Қайтпас-2 шағынауданындағы Төлеметов көшесінің бойынан мемлекеттік тапсырыс аясында көпқабатты үйлер бой көтерді. Осы үйлерді жобалау барысында еденнің бетондау жұмыстарына қатыстым. Үйдің қай тұсына қанша салмақ түсетіні белгіленіп, соған сәйкес арматуралардың ұзындығы мен жуандығын нақтыладық. Бізге, инженер-құрылысшыларға, қателесуге болмайды. Болмашы деген қатенің өзі үлкен шығынға ұшыратуы мүмкін. Жобадан қателік кетсе, оның жауапкершілік жүгі де ауыр. Сондықтан болар, бекітілгенге дейін бірнеше рет тексеріледі. Ондайда ұжымдағы әріптестердің біліктілігіне сенім артып, тәжірибесіне жүгінеміз. Ұжымдық жұмыс болған соң бір-біріміздің жұмысымызды жиі бақылап, өте мұқият қарауға тырысамыз, – дейді жобалаушы-конструктор.

Құрылыс алдымен қағаз жүзінде аяқталып, бекітілгенімен жұмыс барысында оның қалай жүзеге асып жатқанын мұқият бақылау қажет. Өзінің авторлық жұмыстары қай деңгейде атқарылып жатқанын көру үшін Ұлжан Найзабекова да құрылыс алаңына жиі бас сұғады. 

DSC 8176

– Алғаш рет барғаным әлі есімде, – деп есіне алды олжап Аяғымда биік өкше, тар белдемше киініп, әлі аяқталмаған баспалдақпен жоғарыға көтеріле алмай, одан қайтып түсуім қиындап, әбден қиналған едім. Қазір ондайды қиындық деп санамаймыз.

Бүгінде үйдің қабырғасын қалауға саз кірпіштен бөлек, күйген кірпіш, газоблок, шлакоблок сынды түрлі құрылыс материалдары пайдаланылуда. Инженер-құрылысшының айтуынша, бір қызығы еуропалықтар қазіргі таңда саз кірпішіне қызығушылық танытып отыр екен.

– Көпқабатты ғимараттардың құрылысына пайдаланылатын газоблок құрылыс саласында жақсы бағаға ие. Ол жеңіл әрі жылы. Кірпіш ауыр болғандықтан тек жер үй немесе аласа ғимараттарды салуда қолданылуда. Ал саз кірпіш – ең табиғи, экологиялық таза өнім. Мұны қазір еуропалықтар да құптай бастады. 

Ұлжан Найзабекова бастапқыда қыз баласына жат деп таңдаған мамандықтың бүгінде бағасы жоғары екеніне әбден көзін жеткізді. Тіпті, құрылыс саласында жүріп-ақ шет тілдерін меңгеріп, шетелге шығуға болатынын тәжірибе барысында білді. 

– Оқуға түсерде мені «қорқытқан» тағы екі мамандық бар еді, бірі – су және кәріз жүйелерін жүргізу, екіншісі – жылу және желдетумен жабдықтау, – дейді күліп. – Қазір Шымкентте құрылыс алаңдары көбейді. Осы мамандықтарды да қосымша оқып, құрылыс саласының қыр-сырын түгел игергім келеді. Әсіресе, шетелдің үздік тәжірибелерін алып, оны еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласында қолдануды армандаймын. 

«Мына жобаны мен жасағанмын» деп мақтана алатындай авторлық жұмысы болса, оған шетелден келген туристер де жақсы баға берсе, бұл – құрылысшының басына қонған бағы. Қазір құрылыс саласында инженер-механик, жобалаушы, мүсінші қыздардың қатары жыл санап артып келеді. Құрылысшы қыз сөзінің соңын «бұл намыстанатын мамандық емес екенін үшінші курсты бітірген жылы түсініп, қадірін білдім. Құрылыстың қарқынды дамуы елдің әлеуметтік жағдайы жақсаруынан, әл-ауқатының артуы мен жұмыс орындарының көптігінен хабар береді. Сондықтан, біз әр саланың ғылыми жағын меңгеруден қорықпай, керісінше осы саладағы біліктілікті арттыруға тиіспіз» деп түйіндеді.

Мамандық таңдау – болашақ жолыңды таңдау. Ендеше, әу бастан-ақ сұранысқа сай кәсіпті қолға алған маман жұмысқа орналасудан қиналмас.

Последнее изменение Понедельник, 02 Апрель 2018 07:58
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.