Шымкенттік бренд – Chaplin’s Избранное

Пятница, 13 Апрель 2018 12:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 383 раз

1. Білім іздеп, Америкаға...

2. Жүз күнде - 3 миллион

3. Әлеуметтік жобалар – қаланы дамытатын жол болар

 

Білімін өзге елде жетілдіріп, арманның жетегінде шетел асып жатқан жастарымыздың қатары жыл санап көбеймесе, азайған жоқ. Олардың туған өлкеге қайта оралып, өз кәсібін дөңгелетіп жүргендері туралы естігенде іштей қуанасың. Кәсібімен қатар шырайлы шаһарда қатарластарының басын бір арнаға тоғыстырып, бірнеше әлеуметтік жобаларды жүргізіп жүрген азамат бар. Оның есімі бүгінде замандастарының арасында да жиі айтылып жүр. Ол – Тоқтар Әлімбаев. Жас кәсіпкермен жолығып, өзі жайлы кеңінен білмекке қаладағы Chaplin’s barbershop-қа бас сұққан болатынбыз.

Күн қарбалас болып, келісілген уақыт кешке қарай жылжыды. Ымырт түсіп, қас қарайғанда Бейбітшілік көшесіне беттедім. Ұялы телефонға үңіле, әр қадамымды санап басып Chaplin’s barbershop-қа жеттім. Ішке кірген бойда күлімсіреп қарсы алған сұлу бойжеткенге Тоқтар Әлімбаевқа келгенімді айттым. Асығып жеткенімді байқағандай, келген қонаққа жылы шырай танытып амандасты. Сосын сұраған адамым басқа орынға кеткенін жеткізіп, жөн сілтеді. Айтқан жеріне кідірместен жетіп бардым. Шүйіркелесе әңгіме айтып бір топ жас отыр екен. Тоқтар мені қарсы алып, аман-саулық сұрасты. Келген мақсатым мен қызметімді айтып, сұрақ жаудырдым.

 

Шетелден алған білімі кәдеге жарады

 

...Жайдарлы жан екен. Аз уақытқа сұранып кеткен ол екі кофені қолына ұстап келіп, орынына жайғасты. Маған біреуін ұсынып, өзі қолындағы ыдыстан бір ұрттап, әңгімесін бастады.

- Өзіме тоқталатын болсам, шырайлы шаһарда туып өстім. 1-6 сыныпты М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында, одан кейін дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Орта білімімді 2011 жылы бітіріп, Алматы қаласындағы ЖОО-лардың біріне оқуға тапсырдым. Әуелі менде оқудағы жетістіктеріме берілген жеңілдіктер болды. Кейін оқуға түскенімде ол жеңілдіктерімнің күші жойылғанын, жарамайтынын айтты. Менде «Алтын белгі» болғандықтан, оқу ақысының 50 пайызын төлеп, оқуға ұсыныс білдірді. Бастапқыда келістім. Кейін семестр аяқталмай жатып неге шетелде оқымасқа деген ойға келіп, өз еркіммен Америкаға баруды ұйғардым. Шешім қабылдаған соң ата-анамның ақ батасын алып, мұхиттың арғы бетіне аттандым. Әуелі жарты жылға жуық сонда қосымша білімімді жетілдіріп, кейін Мичиган штатының орталық университетіне АҚШ Президентінің грантымен оқуға қабылдандым. Онда жеке кәсіпкерлік және микроэкономика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алдым. Университет бітіргенімде сол елде қалу немесе елге оралу деген таңдау тұрды. Бірақ ойлануға көп уақытымды жұмсамадым. Америкаға бармас бұрын мендегі мақсат – білім алып елге қайтып оралу еді. Туыс ағамның аттанарда айтқан ағалық ақылы да «өзіңе керек білім азығын алып, жеткілікті қормен елге орал» болатын. Өзге елдің ұлтаны болғанша, өз елімнің сұлтаны болайын деп, арманым мен алға қойған мақсаттарымды туған қаламда жүзеге асыруға қайта оралдым,-дейді Тоқтар.

-                    

«Үш айда кәсіпке 3 миллион инвестиция құйдым»

Туған елге оралған Тоқтардың қалауы мамандығына сай кәсіп ашу еді. Шетелде бойына жинаған білімі мен тәжірибесіне сүйене отырып, алғашқы жобасын жасауға бекіді. Мұндағы мақсат «шымкенттік» қағидасына қарсы тұрып, жүз күнде бір жобаны заң шеңберінен шықпай аяққа тұрғызу болатын.

-Алдымен өзімді сынап көру мақсатында осы «жүз күнде 3 миллион» деген жобамды бастадым. Және мен ешқандай таныс-тамырсыз оны жоспарлаған уақытта жасап шықтым. Айтып өтейін, бұл 3 миллион теңге кәсібін енді ашып жатқан адам үшін аз қаражат. Ал оны кез келген адам білімсіз бастайтын болса, сонша қаржыны игеру мүмкін емес еді,-дейді жас кәсіпкер.

 

Барлығын нөлден бастаған Тоқтардың бүгінде жүз күнде ашқан кәсібін дөңгелетіп отырғанына жылдан астам уақыт толып отыр. Ол жоба – Chaplin’s barbershop. Жоқтан бар етуді алға қойған жас жігіт қаладағы үздік шаштараз жасап қоймай, ерлердің арасындағы шымкенттік бренд қалыптастыруды көздеді. Мақсатына жету үшін ұсталарын да еңбекке баулып, білгенімен бөлісіп келеді.

-  Chaplin’s деген атауға тоқталмас бұрын, Чарли Чаплиннің философиясын айтып өтсем. Ол адамдарды әділеттік пен бейбітшілікке шақырады. Мен жасап жатқан жобаларымының барлығы осы Чаплин идеясынан туындаған. Менің екі кумирім бар. Оның бірі осы англо-америкалық актер болса, екіншісі – Мұстафа Шоқай атамыз. Неге мен оларға кумир ретінде қараймын, себебі екеуіне ортақ ұқсастықтар бар. Екеуі де бір жылда дүниеге келіп, туған жерінен жырақтажүріп дүние салды. Бірақ елі мен жері үшін барын аямады. Міне, осындай біртуар азаматтардың өмірінен өнеге алып, солардың айтып кеткендерін өмірлік ұстанымым деп қабылдап жүрмін,-дейді Тоқтар.

- 

3 бағыт – «PechaKucha»,«U:projects», «Chaplin's алаңы»

Жас кәсіпкердің айтуынша, АҚШ-та бизнесі бола тұра әлеуметтік жобаларға немқұрайлы қарағанның жұмысы өнбейді деген қағида бар екен. Осыны ескерген ол жеке кәсібімен қатар әлеуметтік жобаларды жүргізуді қолға алып, қаланың көркеюіне атсалысады.

shymkala-29-2

-  Осы Chaplin’s barbershop-ты жүргізе бастаған кезде Наурыз есімді досым екеумізге қаланың мәдени дамуына арналған әлеуметтік жоба ашсақ деген ой туындады. Алдымен жапондардың «PechaKucha» жобасын қолға алдық. Ол өткен жылдың қаңтарынан бастап күні бүгінге дейін айсайын ұйымдастырылып келеді. Бұл жерде біздің компания қаржылай қолдау көрсетті. Яғни, 12 жасты жұмыспен қамтып отырған Chaplin’s group деп аталатын компаниямыз бар. «PechaKucha» платформасында жастарды қызықтырған әр саладан спикерлер келіп пікір алмасып, ой бөліседі. Сондай-ақ, бұл бүгінге дейін әлемнің 1000-ға жуық қаласында өткізілген халықаралық жоба саналады,-деді.

Ал жалынды жастардан құралған Chaplin-ның қыз-жігіттері қолға алған кейінгі жобалар шымкенттік «U:projects» , «Chaplin's алаңы» деп аталады. Аталған жобалардың әрқайсысы жекелеген тараулардан тұрады. Мұнда олар әр түрлі бағытта өздерін дамытуға мүмкіндік алады. Жас өнерпаздардың танылуына жол ашатын, шабыттандырып, жігерлендіретін шаралар әр апта ұйымдастырылып отырады.

 

Әлеуметтік жобалар да бизнес секілді маңызды

Әкесі мемлекеттік қызметте, ал анасы кәсіпкерлік саласында жүрген Тоқтар ата-анасының тәлім-тәрбиесін бойына мықтап сіңірген. «Әке көрген оқ жонар» деген қағидамен кәсіпкер ретінде туған қаланың дамуына өзіндік үлесін қосып, аз болса да пайдасын тигізіп жүр.

-  Біздің әлеуметтік жобаларды ресми түрде сәуір айында хабарлаймыз. Яғни, бұған дейін зерттеу жүргізу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып келдік. Жай ғана хабарлап қоймай, оны республика көлемінде өткізуге бар күш-жігерімізді саламыз. Ал әзірге жастарға осы жобалар арқылы бағыт-бағдар беріп, Шымкентті бірге дамытсақ деймін.

Мақсаты айқын жастың қай жобасы болса да қолдауға тұрарлық. Қаланың дамуына, елі мен жерінің гүлденуіне еңбек етуге әзір Тоқтардай азаматтарымыз қатары артса, нұр үстіне нұр болмақ.

  1. ...Әңгіменің қызығына кірген екеумізді Тоқтарға соғылған қоңырау бөлді. Сағаттың тілі 8-ге таяп қалыпты. Бір сағаттан астам уақытын бірге өткізген жас кәсіпкер сұхбаттан кейін қайта жұмысына кірісті. Оған сәттілік тілеп, сол жерден қош айтыстым.
Последнее изменение Пятница, 13 Апрель 2018 12:14