Дендробаққа келіңіз, атпен серуен құрыңыз Избранное

Среда, 18 Апрель 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9150 раз

Дендросаябақта 4-5 жылдан бері тоқтап тұрған жылқымен серуендеу қызметі өз жұмысын қайта бастады. Әзірге мұнда 3 жылқы бар. Алдағы уақытта Қамбар ата төлінің саны тағы бірнеше есеге артады деп күтілуде.

DSC 7671

Көктем келіп, күн жылынғалы дендросаябақта адам қарасы көбейе түсті. Таза ауамен тыныстауға, той алдындағы қыдыруға, аққуларды көруге, велосипед тебуге, жаттығу жасауға онсыз да осында келетін жұрт енді атпен серуендеуге арнайы ат басын бұратын болған. Өйткені, Шымкент қаласының тұрғындары үшін осы саябақ ішінде атпен серуендеу ең жақын әрі тиімді демалыс түрі. Сондай-ақ, оның денсулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Мұндай емдеу тәсілін ғылыми түрде «иппотерапия» деп атайды. Салт атқа мініп жүру, бедеулікпен қатар сал ауруымен де ауыратын науқастарға шипа болады. Бұдан бөлек аутизм, даун синдромы және ортопедиялық дерттерден сауықтыратын қасиеті бар.

– Қазақтар баланы бесікке бөлеп және атқа мінгізіп өсірген. Өйткені, оларда әрқашан қозғалыс бар. Қозғалыс барда буын қатаяды, ағза мүшелері жақсы жұмыс істейді және тағы басқа да пайдалы тұстары көп. Бізге буындары сіресіп қалған, бедеулікпен ауырған талай жігіт келді. Біразы жайдақ атқа мініп дертінен айықты, – дейді саябақтың атбегісі Әлғазы Бейімбетов.

DSC 7566

Атбегі, сондай-ақ, қазіргі жігіттердің бірқатары атқа міне алмайтынын айтты. «Ойбай, аттың құлағында ойнаймын деп» келіп, жер жастанып жатады екен. 

Бір қызығы атқа мінушілердің арасынан жапондық азаматты да кездестірдік. Есімі – Ищида Щунсуке. Шымкентке іс-сапармен келген қонақ саябақта атпен серуендеп жүрген демалушыларды көріп, қатты қызығушылық танытқанын айтады. Ал бұл қызмет үшін төленетін бағаны естігенде құлшынысы тіпті арта түсті. 

– Өмірімде алғаш рет жылқыға отыруым. Керемет әсер алдым. Барлығының үстінен қарап тұрғандайсың. Бастапқы кезде қорқыныш болғанымен, кейіннен сейіліп кетті. Жапонияда атқа қарапайым адамдар міне бермейді. Тек бай, бақуатты адамдар ғана жеке сатып алып, мінеді, – дейді жапондық Ищида Щунсуке. 

DSC 7517

«Ат ұстаған азабынан құтылады» деген бар. Дендросаябақтың мәдени ұйымдастырушысы Ақмарал Қыпшақбаева алғашқы кезде жылқыларды күтіп – баптауға, әсіресе, қысқы жем-шөбіне, атбегілердің жалақысына қаржы тапшы болғанын айтады. Дегенмен, саябақ әкімшілігінің мұрындық болуымен игі іс қайта жанданып отыр. 

Арнайы ат жолымен айналым жасау бағасы – 500 теңге.

– Қаладағы ауасы таза, тыныш саябақтардың бірі осы – дендросаябақ. Күн жылынған сайын келушілердің де қатары көбейіп жатыр. Жуырда жылқымен серуендеу қызметін іске қостық. Бұл дем алушыларға жасалған өте пайдалы дүние деп ойлаймын, – дейді Ақмарал Қыпшақбаева.

DSC 7644

Дендросаябақ еліміздің тек екі қаласында ғана бар – Алматы мен Шымкентте. Шымшаһардағы саябақ 1979 жылы қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың басшылығымен құрылған. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын нысан болып табылады. 2009 жылғы 24 наурыздан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің №83 қаулысына сәйкес дендросаябақ ОҚО әкімдігінің «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылған. 

Бұл мекен қазіргі таңда қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, аптап ыстықта саялайтын демалыс орнына айналған. Енді атпен серуендеу қызметі де демалушылардың уақытын пайдалы өткізуіне сеп болуда.

Жұмыс кестесі: 12:00-ден 20:00-ге дейін.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.