Бір ғасырлық тарихы бар қызмет

Пятница, 20 Апрель 2018 05:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 506 раз

1. Бір ғасырлық тарих
2. Тәуелсіздік жылдары
3. Өрт сөндіру қызметіне – 
мектептен кейін

149242265526434753

1918-2018. Биыл өрт сөндіру қызметінің құрылғанына 100 толып отыр. Бір ғасырлық тарихы бар бұл қызметтің адамзат өміріндегі орны ерекше. Адам баласы отты алғаш рет тұтатып, оны пайдалана бастаған күннен бері сол отты сөндіруге деген қажеттілік те қатар туындады. Бертін келе кей сәттерде адам өміріне орасан шығын алып келетін өртті сөндірумен арнайы мамандар айналыса бастады. Осылайша өрт сөндіру қызметі де құрылады...

 

І

17 сәуір Қазақстанда, ТМД елдерінде өрт сөндірушілер күні болып саналады. Сонау ХХ ғасырдың басында, 1918 жылы Халықтық комиссарлар кеңесінің «Өртпен күресудің мемлекеттік қызметін ұйымдастыру» туралы декреті түзіледі. Осылайша өрт сөндірушілер қызметінің негізі қаланады.

0 838144 8d1465a8 orig

Жалпы, Қазақстандағы ең алғашқы өрт сөндірушілер тобы Семейде құрылған деген мәлімет тарих қойнауындағы 1843-1844 жылдарға тиесілі. Ол кезде елдімекендердегі үйлер негізінен ағаштан салынатындықтан, өрттен келетін қауіп жоғары болатын. Мысалы, 1790 жылдың 14 қыркүйегінде болған ірі өрттің салдарынан Семей қалашығындағы 172 үйдің көбісі жанып, 88-і ғана аман қалды деген жазба бар. Сол кезде елдімекен тұрғындары жиналып, өрттен сақтану жолдарын қарастырады. Осылайша алғашқы өрт сөндірушілер де пайда болған. Олар негізінен еріктілерден құрылыпты. Ал олардың алғашқы ғимараттары 1864-1867 жылдары салынады.

 

ІІ

1996 жылдың 22 қарашасы күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің адамдардың өмірі мен денсаулығын, мүлік меншігі мен ұлттық құндылықтарды, қоршаған ортаны қорғауға арналған саясатының ажырамас бөлшегі болып саналады.
Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі мемлекеттік және салалық қызметтерге бөлінеді. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі елдегі негізгі өртке қарсы қызмет болып саналады және өрттің алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және өрт сөндірумен айналысады.

 

ІІІ

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесі Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесінде орналасқан. Мекеменің құрамында екі мыңға жуық қызметкері мен 207 өрт сөндіру техникасы бар. Оның ішінде – 126 негізгі техника, 24 арнайы және 57 қосымша техника.

Қуаныш Арсланов

– Негізгі міндетіміз – өртті сөндіру және апатты жағдайда адам мен мүлікті құтқару жұмыстары, – дейді «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары Қуаныш Арсланов. – Біздің мекеме жалпы саны 48 бөлім және бекеттен тұрады. Шымкент қалалық гарнизонға 8 өрт сөндіру бөлімі және 1 өрт сөндіру бекеті қарасты. Қалған 39 бөлім аудандарда орналасқан. Соңғы жылдары Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, біздің мекеме жұмысының жауапкершілігі де арта түсті. Осы тұста айта кетейік, өрт сөндірушілерге жергілікті билік жақсы қолдау көрсетіп келеді.

Азаматтық қызметтің майоры Қуаныш Жораұлының сөзіне мысал ретінде Шымкентте 2015 жылы ашылған жаңа өрт сөндіру депосын келтіруге болады. Достық шағынауданынан салынған жаңа нысан Оңтүстікте өрт сөндіруге қатысты пайдалануға берілген соңғы 30 жылдағы алғашқы депо болды. Бұған қоса жергілікті бюджет қаржысына жаңа техникалар сатып алынуда дейді өрт сөндіруші.

– Әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауды айтып өтуіміз керек. Соңғы үш жыл қатарынан техникаларымыз жаңартылуда, – деп жалғады сөзін Қуаныш Жораұлы. – Бұйыртса биыл да жанар-жағармай таситын жаңа көлік, эксковатор, 6 КамАЗ, 4 жеңіл көлік секілді қажет техникалар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, материалдық-техникалық базамызды жаңартуға 361 миллион теңге қаралмақ. Қала аумағының өсуіне байланысты биыл жаңадан екі өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда. Соның бірі – Шымкенттің әкімшілік-іскерлік аумағында 4 есікті депо мен әкімшілік ғимарат салынады деп күтілуде.

IMG 3426

Мекеме басшының орынбасары барлық сала секілді өрт сөндіру қызметі де жаңартылып келе жатқанын алға тартты. Мысалы, құтқарушылар соңғы үлгідегі техникамен жабдықталуда. Соның бірі – қалада соңғы жылдары салына бастаған биік үйлер мен ғимараттардың жоғары жағына жету үшін алынған саты. Оның ерекшелігі – жерден 16 қабат ғимараттың жоғары жағына дейін жетеді, адамдарды құтқаруға арналған лифті бар.

Азаматтық қорғаныс маманының айтар тағы бір жаңалығы – өрт сөндіру қызметіне енді әскер қатарында борышын өтемеген жастар да қосыла алады. Анығын айтқанда мектеп бітіруші түлектер әскери комиссариатқа тіркелген құжатымен өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұра алады. Ол үшін тест тапсырған соң мемлекеттік конкурсқа қатысу керек. Ол конкурсты өрт сөндіру қызметінің басшылығы жергілікті БАҚ беттерінде бос лауазымдарға байланысты жариялайды. Конкурстан өткен жастар өрт сөндірушілердің кәсіби мектебінде оқиды. Ал ол кәсіби мектеп Достық шағынауданындағы орталықта орналасқан. Жалпы, өрт сөндірушілер де қарулы күштер секілді әскери тәртіпке бағынып, күнделікті тактикалық сабақтарға қатысады, үнемі дайындықта жүреді дейді маман.

- Мемлекет басшысының төтенше жағдай қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату бойынша тапсырмасына сәйкес, мамандарымыздың арнайы семинарлар жиі өтіп тұрады, - дейді Қуаныш Арсланов. – Басшы құрамның офицерлері сол семинарлардан өткенін жеке құрамға үйретеді. Офицерлеріміз Көкшетау техникалық институтында оқиды. Ал жуырда Беларуссиядағы ірі оқу орталығының мамандары елімізден жас мамандарды шақыртуда.

DSC 4605

Осы уақытқа дейінгі қызметінде есте қалған оқиғаны сұрағанымызда мекеме басшысының орынбасары мүдірместен күнделікті қызметі түрлі оқиғаға толы екенін айтты. 

– Мысалы, былтыр ғана Шымкент маңындағы мұнай базасындағы ірі өртті айтуға болады. АИ-92 маркалы жанармай лық толған алып резервуардың бірінен өрт шығып, қызыл жалынмен 1 тәуліктен астам уақыт күрестік. Жігіттер өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан күндіз-түні алауды сөндіруге тырысты. Себебі, қызып, балқып тұрған темір резервуар жарылса, лава секілді от ағыны жайылып, айналасының барлығын жайпап кетер еді. Міне, осындай қатерге қарамастан тер төккен өрт сөндірушілердің жұмысын өз басым ерлікке бағалар едім. Ендеше, біздің жұмысымыз қауіпті болса да халыққа қызмет етуге әрқашан дайынбыз! – деп аяқтады сөзін Қуаныш Жораұлы.

 

Қызық екен!

1. Футбол секілді өрт сөндіру қызметінің де отаны Англия саналады. Елдегі алғашқы сақтандыру компаниялары өрттен келетін шығынның көлемін азайтуға мүдделі болғандықтан, өрт сөндіруге арналған алғашқы командалар осы елде 1722 жылдан құрыла бастады.

2. Бірқатар елдердегі өрт сөндірушілер ғимаратында бір қабаттан екіншісіне өтіп кететін тік темір әлі де қолданылады. Сол арқылы өрт сөндірушілер дабыл соғылғанда жоғары қабаттан төменге лезде түсе алады.
3 Өрт сөндірушілер де ырымнан кенде болмаған. Мысалы, ежелге Русьта найзағайдан тұтанған кез келген өрт киелі саналғандықтан, ондай жерлерде отты сөндіру үшін адамдар су емес, сүт пайдаланған.

4. Өрт сөндірушілердің шелектері конус пішіндес болған. Себебі, біріншіден, ондай шелекті жасау үшін материал аз қолданылса, екіншіден, конус шелектен шашылған судың көбісі көздеген нысанаға дөп тиетін болған. Үшіншіден, үшкір шелекті барлығы білетіндіктен, оны ешкім ұрламаған.

5. Өрт сөндірушілердің стандартты көлігіне 2350 литр су сыяды. Оны бір құбырмен шашқанда 7,5 минутқа жетеді.

6. Тәртіп бойынша өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минутта жетуі тиіс. Себебі, от алғашқы 10 минутта бәсең тарайды.

7. Заманауи техникаларда өрт сөндіру үшін тек су ғана қолданылмайды. Қазір құтқарушылар отты сөндіруде буды, углерод диоксидін немесе көбікті де қолданады.

Последнее изменение Пятница, 20 Апрель 2018 06:46
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. "Отырар" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі