Версия для печати

Қалада кәсіпкерлік қай бағытта дамуы тиіс? Избранное

Среда, 25 Апрель 2018 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4297 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Бүгінгі заман бәсекенің заманы. Қалада шағын бизнестің өзін дөңгелетіп әкету оңайға соқпай тұр. Жуырда жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша өткен жиынға қатыстық. Сонда елге белгілі жас кәсіпкер замандастарына негізгі қажетті 7 қағиданы атап берді. Расында, ұғып аларлық жағдай. Қазіргі жастар неге мал бордақылау, қызмет көрсету саласынан аса алмай жүр? Ойланып қалғанымыз рас. Үшінші мегаполисте кәсіпкерлікті жаңаша бағытта дамытатын кез келді. Яғни, сананы да, сапаны да өзгерткен жөн.

shymkala-32-10

Шағын кәсіпкерлік шарықтап тұр

Сөз жоқ, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы жөнінен Шымкент алдыңғы қатарда. Қалада шағын кәсіп ашқысы келетіндердің саны көбеймесе азайған жоқ. 

Қазіргі жастардың көбісі мал бордақылау, зергерлік бұйымдар шығару, әсемдік салонын ашуға құмар. Мәселен, «Оңтүстік» кәсіпкерлік мектебінде бизнес-жоспар жасайтындардың 80 пайызы – ауылшаруашылық саласында. Өйткені, қаржының көп бөлігі сол бағытқа бөлінеді. Микроқаржылық несиелер, екінші деңгейлі банктерден несие алуды қолай көреді. Тігін, жиһаз цехтары, тіл курстары, жекеменшік балабақша ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар, дизайнерлік, IT саласында да тың жобалар ұсынатын қабілетті ұл-қыздар бар. 

Сандарды сөйлете кетсек. Былтыр Шымкент қаласында жалпы тіркелген бизнес субъектілердің саны 75 768 бірлікке жеткен. Оның ішінде заңды тұлғалар – 19 064 бірлік, шаруа қожалықтар – 2 850 бірлік, жеке тұлғалар –53 854 бірлік. Шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін жұмысшылардың саны – 140 123 адам. 

Қалада кәсіпкерлік мектебінің жанынан «Коворкинг» орталығы ашылғаны мәлім. Бұл жастар үшін тиімді болып тұр. Әсіресе, бастауыш кәсіпкерлер үшін. Осында оқытады, кеңес береді. Келіссөз жүргізу үшін конференц-зал жұмыс істейді. Интернет, компьютерді қолдану, бәрі тегін. Осы жерде идеяларын дамытуға барлық жағдай бар. Кейде кәсібін жаңадан бастаушылардың отыратын кеңселері болмайды. Үйінде жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ. Сол кезде осында келіп, 3-4 адаммен бірлесе жұмысын бітіріп алуына мүмкіндік мол. 

shymkala-32-11

Жолды бөгейтін 7 кедергі бар

Бүгінде кәсіпкер жан-жақты білімді болуы керек. Яғни, қазіргі заманға қажетті кәсіппен айналысқан адамның ісі алға жүрмек. Ғылым дамып жатыр. Жастар ноу-хау, жаңа жобаларды ойлап табуға көңіл бөлсе дейміз. Жоқ нәрсені ойлап табу өте қиын. Бардың өзін игілігікке жарата алсақ, қанеки?! Ноу-хау сынды ешкім қолданып көрмеген затты сату да үлкен мәселе. Жастар осындай кедергілерге кезігіп жүргені белгілі жайт. Ал шет тілін білу керектігі бесенеден белгілі.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеевтың айтуынша, біздің елде кәсіпкерлікті қолдау бағытында 78 қолдау құралы бар екен. Бұндай жағдай ешбір елде жоқ. ОҚО кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде Мұхтар Наурызбайұлы бірқатар мәселелерді тізіп берді. Айтқан уәжі көкейге қонымды. Адами капиталды дамыту, маркетинг мәселелеріне қатысты айтқан пікірлері – ұтымды кеңестер. Бизнесті, экономиканы дамытуға бағытталған көптеген әлеуметтік бастамалар бар. Дегенмен, көпшілігіміз әлі де болса 7 негізгі кедергіге тап болып отырмыз. Әрбір кәсіпкердің алдынан шығатын кедергілер осылар. Белгілі азаматтың айтқан уәжі мынадай: 

Ең әуелі қазіргі жастарда «нетворкинг» қабілеттері жетіспейді. Бір-бірін қолдап, ақылдасып, мәселелерін бірлесе шешіп, жан-жақты байланыстарын дамытуда осалдық танытады. Үлкен бизнес-форумдардан тыс қалып жатамыз. Яғни, коммуникациялық кедергілерді шешуге үндейді.

shymkala-32-9

Екіншіден, өнім кластерін дамытуға көңіл бөлсек. Өз қазанымызда қайнай бермей, өнімді бірге сақтап, бірлесе дамытқан жөн. Сонда сапа өседі. Үшінші мәселе – біз жаңа өнім шығаруға мән бермейміз. Мәселен, елімізде шағын және орта бизнесте дайын өнімді сататындардың үлесі – 90 пайызға жуық. Біз дайын өнімді сатқымыз келеді. Әлі де болса, өзіміздің инеллектуалдық әлеуетімізді көрсете алмай жүрміз. 

Одан бөлек, назар аударатын тағы бір жағдай, бизнестің ішкі процестері. Яғни, акционерлермен, басшылармен, қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы қаншалықты? Біз әліге дейін өзімізге дұрыс корпоративтік басқаруды құра алмай келеміз. Бұған да мән берілу қажет. 

Бесіншісі, ішкі нарықтан шығу. Өнімді сыртқа шығарудан қорықпау. Алтыншысы, өз бизнесіңді болжай білу. Макроэкономикалық тенденцияларды алдын ала зерттеп, өзгерістерге сәйкес жұмыс істей білеміз бе? 

Соңғысы, адам капиталын дамыту. Жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Экономистер, сарапшылардың білім-біліктілігі аз. Міне, көпшіліктің алдынан кездесетін кедергілер осылар. Бұл жағдайларды алдын ала шешіп алған жөн. 

 

Басшының айтқан құнды кеңестері

Шымкент үшінші қала болмақ. Ендігі ретте кәсіпкерлік нысандары, жаңа бизнес бағыттары, заманға сай дамуы керек. Жастардың осы салада ізденулері керек екені аз айтылып жүрген жоқ. Талапты жастар бар. Дегенмен, әлі де ширай түскені жөн. Бұған дейін сервис қызметі осалдау екенін жазғанбыз. Енді үшінші қалада жетіспейтін нысандар жөнінде айтсақ. 

Үлкен мегаполистің аты да, заты да бөлек. Әрине, бірінші кәсіпкерлікті дамытпай тұрып, қаланың тұрғындарына жағдай жасалса. Алып шаһарға әлі де тың жобалар керек. Мұнда бизнес жаңаша стильде, тартымды әрі қызықтыра білуімен ерекшеленуі тиіс. 

Таяуда бір танысымыз өз ұсынысын айтқан-тұғын. Бізде қарияларға арналған орын ашылса, дейді. Зейнеттегі кісілер көбіне үйде отырады. Олардың қоғаммен араласуына жағдай жасасақ. Сол орталыққа таңертең келіп, шахмат ойнайды, бір-бірімен сөйлеседі. Одан бөлек, ауылдан келетін ата-әжелеріміз бір жайда отыра бергеннен жалығатыны бар. Ойланып қалғанымыз рас. Мұндай жобалар шетелде бар көрінеді. 

shymkala-32-12

«Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Ғани Өмірзақов та осыны айтады. Көпшілік жаңалық ойлап тауып, тың жобаларды қолға алуға келгенде немқұрайдылық танытады. 

Ең алдымен, қаланың шырайын арттыру, тазалық пен тәртіпті сақтау маңызды. Кәсіпкерлік нысандар да осы бағытта реттеліп, жүйеленсе. Қазір базарларды ретке келтіруге мән берілуде. Қала халқының мәдениетін, білімін көтеру басты мәселелердің бірі. Қазақылық менталитетімізді мегаполиспен сәйкестендіру – басты талап. Мегаполис болған жағдайда сана өзгереді. Тұрғындардың таным-түйсігі кеңеюі тиіс емес пе?!

Кәсіпкерлік саласындағы белгілі маманның айтар ұсыныстары мен құнды кеңестері мынадай: 

– Көшелердің келбетін шырайландыруда базарларды, сауда орындарын ретке келтірген жөн. Әрбір көшенің бойындағы сауда орындарын бір стильде жаңашаласақ. Біреуі атауы кіші шрифтпен, бірі үлкенмен жазылған. Соның бәрін біркелкі етсек, тартымды болары сөзсіз. Оған арнайы дизайн топ жұмыс істеуі керек. Мәселен, Сайрам ауылында шығыс базарлары әлі де бар. Соны реконструкция жасап, тартымды етуге әбден болады. Кәсіпкерлер осыған атсалысса. 

– «Арбат» – керемет бастама. Кәсіпкерлер, тұрғындар және туристер үшін игілігі мол жоба. Шетелде мұндай жобалар көп. Дүкендер, дәмханалар екі-үш шақырымға созылып жатыр. Әрі күні-түні жұмыс істейтіндері бар. Соны іске асыру да уақыт күттірмейді. Онда отбасымен, достармен келген қандай ғанибет. 

– Бізде қоғамдық көлік саласында мәселе көп. Аялдамалардың бәрін реттеп, біркелкі етіп істеу керек. Олардың бәрі күн батареяларымен жарықтандырылса. Жасыл энергияны айтып жатырмыз ғой. Автобустардың келе жатқанын көрсетіп тұратын онлайн навигаторлар керек. Қалада туристер негізінен жаяу жүреді. Сондай-ақ, автобустар сағат кешкі 9-ға дейін ғана қатынайды. Неге түні бойы жүргізбеске? Орталықтан шалғай елдімекендерге бір бағытты түнде жүргізсе тұрғындарға өте тиімді болар еді. Бұл да ұтымды идея. 

– «Коворкинг» орталықтардың керек екенін енді біліп жатырмыз ғой. Әлі де қалада олардың санын көбейте берген жөн. Қаланың орталығында бос қаңырап тұрған нысандар бар. Енді соларды кәдеге жаратайық. Сондай нысандар ашылса, талапты жастардың басы қосылар еді. Идеялар тоғысар еді. Жастарды бір-бірімен кездестіріп, байланыстыратын орта болуы керек. Мысалы, мен бір мәселемді шеше алмай жатырмын. Қалада тағы біреу осындай мәселесімен жүрген шығар. Бір-бірімен ақыл-кеңес сұрасады. Сол жерден түрлі идеялар туындайды. Халықты үйрету үшін оларды тегін бастау керек. 

– Рухани жаңғыруға көңіл бөлетін кезеңде цифрлы тегін кітапханалардың санын көбейту керек секілді. Қазір аудио кітап деген шықты. Өмірінде кітап оқымағандар аудио кітапты көп қолданады деген дерек бар. Жұмысқа бара жатқанда тыңдайды. Онда бизнес сабақтары да көп. Біздің елімізде бұл әлі дами қойған жоқ. Неге соны Шымкентте бірінші қолданбасқа? Әрі адамдардың мәдениеті көтеріліп, әрі уақытын тиімді пайдаланар еді. Бізде бизнеске қатысты көп идеялар бар. Ол идеяны жүргізу үшін адамдар да соған дайын болуы қажет. 

– Уақытты үнемдеудің тағы бір жолы – мобильдік қосымшалардың қызметіне жүгіну. Әсіресе, мейрамдарда оның қажеттілігі сезіледі. Яғни, біз мәзірге алдын ала тапсырыс беруді қолға алуымыз керек. Мәселен, кафеге барсаңыз, асыңызды жарты сағат күтесіз. Мұндайда мобильдік қосымшалардың қызметін пайдалану ыңғайлы. Уақытыңыз үнемделеді ғой. Оған дайын дәмханалар бар.

 

Сіз қандай идея ұсынасыз?

Қалада туристік әлеуетті дамытуға мән берілуде. Өткен жылы қала көлемінде ірі туристік іс-шаралар өткізілуінің нәтижесінде шаһарымызға 85 600 адам қонақ болып келген. Шетелден келгендер – 28 200 адам. Бұл ресми дерек. Аз ба, көп пе? Шетелдік қонақтардың дені Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркиядан келген. 

Былтыр елдімекендерде жастар футбол лигасын құру ұсынылған еді. Қазір ауылды жерлерде спортпен шұғылданатын дарынды жастар көп. Әр аудан бір-бір команда дайындайды. Жаттықтырушыларды келісім-шартпен қаладан жалдап, спорт сүйер қауымды футбол, бокс, күрес сынды спортқа баулымақ. Соларды облыс, республика дегейіне шығару арқылы қаламақысын алып отырмақ. Әрі салауатты өмір салтын дамытады. 

Рас, қаладан, ауылдан да этнографиялық туризмді дамыту керек. Бұған дейін Отырар ауданында «Алаш» этноауылы ашылғанынан хабардар еттік. Қалалық кәсіпкерлердің киіз үйден қонақүй жасау идеясы да бар. 

Жалпы айтқанда, «мынау менен бірінші ашып қойыпты, мен басқасын ойлап табуым керек» дегенді ұмытқан жөн. Әр салада бәсеке болғаны керек. Сонда ғана халыққа сапалы өнім ұсынасыз, сапалы қызмет көрсетесіз. Дегенмен, идеяңыз жаңаша бағытта, қаланың шырайын арттыруды көздеуі тиіс. Сіз бұл ретте қандай идея ұсынасыз, құрметті жас кәсіпкер?

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.