«Шаң басқан архивтерден табылармыз...» Избранное

Пятница, 04 Май 2018 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 106 раз

Бүгінгі таңда облыстық мемлекеттік архивте жеке 5 архив және 10 топтамадан құралған 15 қор жинақталған. Арасында 270-тен астам құжат бар. Соның ішінде жастар мен зерттеушілердің ерекше қызығушылығын оятатыны – «Кеңес Одағының батырлары» және «Оңтүстік Қазақстан облысынан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар» топтамалары.

shymkala-35-3

Мұнда Оңтүстіктен майданға аттанған 95 азаматтың құжаттары жинақталған. Cоның ішінде биыл туғанына 95 жыл толғалы отырған, «Даңқ» ордендерінің толық кавалері, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, ҚР ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Қарабай Қалтаевтың өмірі жайлы айтқымыз келеді.
Қалтаев Қарабай 1923 жылдың 5 мамырында Төлеби ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. Он тоғыз жасында әскер қатарына шақырылған жас сарбаз әскери борышын Иванов облысы Тейково қаласындағы 1-әуе десанты дивизиясында екі айлық әскери дайындықтан өтуден бастаған. Калинин майданында танкіге қарсы дивизионның құрамында қызмет етті. Молдавия, Карпат, Польша елдері арқылы өткен майдан жорығында Ужгород қаласын азат ету шайқастарына қатысты. Ингул өзенінен өткен кездегі шайқаста 30 неміс солдатының көзін жойып, үлкен ерлік көрсеткені үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Содан кейінгі ұрыстарда да ерлігімен көзге түсіп, II және І дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Кеңес елін жаудан азат етуге қатысқан Қарабай Қалтаев жеңісті Чехославакияның Прага қаласында қарсы алады.

shymkala-35-4

Мәскеу қ. Қарулы күштер музейі 1975 ж.

Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде тәртіп сақшысы болған Қ.Қалтаев 30 жыл ішкі істер саласында қатардағы милиционерден бөлім бастығына дейін жоғарылап, ел тыныштығын қорғады. Ол қашан да өзінің қарапайымдылығымен, еңбексүйгіштігімен, ізгілікке деген сарқылмас жігерімен ерекшелене білетін. Өз ісінің нағыз шебері, әскери дағды мен әділеттілік ісін шебер үйлестіре білетін азамат зейнеткерлікке шықса да ішкі істер органдары қызметкерлерімен байланысын үзбей, тәжірбиесінен сыр шерте жүріп, 2012 жылдың тамыз айында дүниеден өтті. Отаны үшін жанын аямаған соғыс ардагерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында көзі тірісінде 1938 жылы Украина елінің Чкалов ауылдық Кеңесінің Құрметті азаматы атағы беріліп, Ингул селосының ескерткіштер тақтасына аты жазылды. Бұған қоса 1955 жылы Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Ал 1996 жылы Шымкент қалалық атқару комитетінің шешімімен Шымкент қаласындағы Жаңа ауыл көшесіне Қалтаев Қарабайдың есімі берілген.
Қазіргі таңда архив мекемелерінде жыл өткен сайын қатарлары сиреп бара жатқан соғыс ардагерлерінің құжаттарын жинақтау әлі де жалғасуда. Бүгінде бұл қорларға қажеттілік пен сұраныс артуда. Әсіресе өскелең ұрпаққа ғибраты мен өнегесі мол тұлғаларымыздан қалған жәдігерлердің берері мол.

 

Айнұр Нұржанова,
«Оңтүстік Қазақстан облысының
мемлекеттік архиві»
КММ ақпараттық-әдістемелік бөлімінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.