Версия для печати

Мыңбай Қарзақовтан – майданға 100 мың сом Избранное

Пятница, 04 Май 2018 04:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4509 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұлы Отан соғысында жеңісті жақындатқан халық қаһармандарының ерлігі тарих парағынан өшпек емес. Өйткені, бұл жеңіс миллиондаған адамдардың қан кешуімен, ауыр еңбекпен келді. Қан майдандағы жауынгерлермен қатар тылдағы жас балалар, аналар, қайраты мықты қарияларымыз таңның атысынан кеш батқанға дейін қажырлы еңбек еткенін ұмытпауымыз керек. Сондай ерен еңбегімен көзге түскендердің бірі – қарапайым шопан Мыңбай Қарзақов. Ол тылда жүріп-ақ танк колоннасын жасатуға 100 мың сом аударған. Бұл кісінің ерлігін бүгінгі ұрпақ біле ме?

shymkala-35-6

Ерлік соғыста ғана жасалмайды

Соғыс уақытында тылда да ауыр жұмыс қайнап жатты. 1943 жылдан бастап қорғаныс қорына қаржылай көмек беру бастамасы қарқын алған. Қарапайым шопанның ерен ерлік жасағаны осы кез. Отанын жаудан қорғап жатқан жауынгерлерге танк колоннасын жасатуға көмек қолын созады. Жәй ғана көмек емес, 100 мың сом аударған. 

1943 жылдың 10 қаңтары күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №8 (3327) нөмірінде «Қарзақов қарттың қамқорлығы» деген мақала жарияланды. Онда былай делінген: «Мыңбай Қарзақов биыл 62 жаста. Ол «Қайнарбұлақ» колхозының стахановшы-малшысы. Мыңбайдың жатса-тұрса ойлайтыны - жауды жеңу. Ол Отан үшін еш нәрсесін аямайды.

«Менің жақын інілерім-туысқандарымның алтауы майданда неміс қарақшыларымен шайқасып жүр» деді ол жақында колхозшылардың жалпы жиналысында. Олар Отан үшін қасық қанын, қадірлі жанын қиып жүргенде, бізге аянатын не бар! Мен еңбекпен тапқан бар қаржымды «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасау қорына қосамын, банкке 100 мың сом салып, Сталинге хат жазамын. Колхозшы-жолдастар, сендерді менен қалыспауға шақырамын!» 

8 қаңтарда Мыңбай қарт қалаға келіп, банкке 100 мың сом салды. Сталин жолдасқа телеграмма соқты. Ол өзінің хатында «Менің ақшама жасалған танкіге қазақ халқының ержүрек ұлдары мінсін де фашист арамзаларды таптап жаныштасын» деп жазады.

М.Қарзақов 1881 жылы қазіргі Сайрам ауданының Қайнарбұлақ бөлімшесінде (бұрынғы колхозда) дүниеге келген. Мыңғырған малы болғандықтан оның азан шақырып қойған есімі бірте-бірте ұмытылып, Мыңбай атанып кеткен екен.

Жұрт майданда жаумен арпалысып жатқан тұста Мыңбай қария тылда аянбай еңбек етті. 100 саулықтан 120-130 қозы алып, күн-түн демей қой соңында жүрген. Жауды жеңу мақсатында өзінің адал еңбекпен тапқан ақшасын танк колоннасын жасатуға аударады. Бұл ерен ерлік емей не?!

Мыңбай Қарзақов өзінің еңбегімен әл-ауқатты, бақуатты болған. Көмек сұраған кісілерге қолдарын бос қайтармай, мейлінше қамқорлық көрсеткендігін көпшілік аңыз қылып айтады. Өмірден өткенше осы ізгілікті ісінен қол үзбеген. 

Қарт шопанның бірінші әйелі Зеркүл апамыздан Ташман, Айсұлу, Ұлдан есімді қыздар өмірге келген. Мыңбай ата мұрагерсіз, ұлсыз қалмасын деген ниетпен Зеркүл апа отағасына өзі іздеп Ілес деген қызға үйлендіреді. Одан бес қыз, төрт ұл дүниеге келеді.

 

Қажымұқан балуанмен кездескен қарт шопан

Қазақтың атын күллі әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпастовтың ерекше күш иесі ғана емес, оның асқан жомарттығы жайында жұрт жақсы біледі. Балуан бабамыз соғыс кезінде өз қаржысына ұшақ жасатып, Кеңес армиясының жеңіске жетуіне көп үлес қосты. 

Қажекең мен Мыңбай қарттың кездесуі де есте қаларлық оқиға болған. Атақты бабамыз Исақ деген кісінің үйіне қонаққа келгенінде өзі сияқты Ұлы Отан соғысында қорғанысқа үлес қосқан Мыңбай ақсақалмен танысқысы келетінін айтып, өтініш білдіріпті. Бұл 1946 жылы шілде айы болатын. Бұл жөнінде 

Мыңбай ақсақалдың ұлы Нұрымбет былай деп еске алады: 

«Әкемнің замандасы Рахман ата Қажымұқан балуанның ауылға қалай келгені туралы үнемі айтып отыратын. Сол күні Исақ ата бір семіз қойын сойып, әкемді үйіне шақырған екен. Сол кезде алып балуан қазақи дәстүрді сақтай отырып, орнынан тұрып: «Оу, мен сияқты палуан боларлық тұлғаң бар екен-ау» деп құшақтап, бауырына басқан екен. Қажымұқан ата әкемнен 3 жас үлкен. Исақтың үйінде біраз отырып Темірланға қайтады. Сонымен, ары қарай екеуі жақсы дос болып, сыйластық өмір кешкен...»

Бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс

Өз қаржысына танк сатып алып берген жерлесіміз Мыңбай ақсақалды бүгінгі ұрпақ біле ме? Бұл ойлантарлық жағдай. Тылда ерен еңбек ете жүріп ерлікке тең бастама көтерген кісі өзінің лайықты бағасын алуы тиіс. Мыңбай ата сынды асыл азаматтардың есімдері ұрпақтар жадында жаңғырып тұрғаны ләзім.

Мыңбай атаның Сталинге жазған жедел хатына жауап хат келген екен. Бірақ, өкінішке қарай, сақталмапты. Жеңіс күні қарсаңында осы күнге дейін сонау Мәскеуден Мыңбай ақсақалдың есімін ұмытпай, іздеп келіп тұратын азаматтар әлі де бар екен. 

Бүгінде осынау тыл ардагердің ұрпақтары Шымкент қаласы Қаратау ауданының Қайнарұлақ бөлімшесінде тұрады. Бір өкініштісі, ол кісінің есімін ұрпаққа насихат етердей бірде-бір іс қолға алынбағанға ұқсайды. Ұрпақтары осы мәселені көтеріп жүргеніне де біршама уақыт болған. Таяуда редакциямызға осы мәселесін айтып, жанашыр ұрпақтары келген-тін.

Айтар уәждерін тыңдадық. Бөлімшеде жаңадан салынып жатқан шағынаудандар бар. Енді сол жерден жаңа көшеге батыр аталарының есімі берілсе дейді. 

Әлемге аты мәшһүр күш атасы Қажекеңмен достық қарым-қатынаста болған Мыңбай атаның ерлігі елге мұра. Туған жерінде бір көшенің аты берілсе деген ұсыныс та қолдауға лайық. Намысты елдің ұрпағымыз. Ел ағалары мен тиісті орындар бұл өтінішке құлақ асар деген үміт бар. 

Міне, осындай батыр бабаларымыздың өткенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.